«Астана Опера» жас орындаушыларға жол ашады

«Астана Опера» театрында Жібектің партиясын орындаушы анықталды. Ұлттық алтын қорға енген Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы 10 және 11 ақпан күндері театрдың Үлкен залында сахналанады.

_DSC6755

Жібектің рөліне көп әнші бағын сынап көрді. Міне, енді таңдау жасалды, тұсаукесер күні тыңдарман жас орындаушыны – болашағынан зор үміт күттіретін Қазақ ұлттық өнер университетінің шәкірті Назым Сағынтайды тамашалайды. Ол көптеген беделді халықаралық байқаулардың жеңімпазы, ірі концерттік бағдарламалардың қатысушысы. Аталған партияны сондай-ақ опера прималары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова орындайды.

– Бұл менің «Астана Опера» театрындағы бас партияны ең алғаш орындауым. Жібек партиясы менің мінезіме де жақын. Өкінішке орай, нәзік қазақ қызының тағдыры қайғылы аяқталады. Әдемі, бірақ драмалық оқиға адам үшін басты құндылықтар – махаббат, мейірімділік, қайырымдылық жайлы ойға еріксіз жетелейді, – дейді Назым Сағынтай.

Төлеген партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев және Мейір Бәйнешов, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин сомдамақшы. Бекежанның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин және Талғат Ғалеев орындайды.

Назым Сағынтай мен Салтанат Ахметова бұл партияны алғашқы рет орындаса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай Жібектің бейнесін бұған дейін бірнеше рет сомдап үлгерді.

– Әнші үшін өз шеберлігін көрсете алу өте маңызды. Образға жан-тәніңмен еніп, кейіпкеріңді жақсы көргенде ғана ұтымды партия шығады. Жібектің бейнесін жеткізу өте қиын, өйткені ол бір жағынан қарапайым қыз болса, екінші жағынан – ерекше қабілетті. Оның сахнаға шығуы – ғажап, ол өн бойынан бақ-береке мен мейірімділік ескен жан. Тағы бір маңызды сәт: корольдің образын көрсету үшін, маңайындағы нөкерлері жарқырап, салмақ беріп тұруы керек. Мұнда да сол: Жібектің айналасы қандай болса, бас кейіпкер жайлы тура сондай пікір қалыптасады. Қоюшы режиссер үлкен жұмыс жасады. Барлық әртіске онымен дайындалған өте қызық, репетиция кезіндегі атмосфера жайлы, қойылым кезінде әнші үшін қол қусырғаннан асқан жаман нәрсе жоқ. Кейіпкерлердің бейнесі керемет ашылып, қойылымның өте әсерлі болатынына сенімдімін. Режиссер М. Панджавидзенің қойылымға дайындығы шеберлікті шыңдайды. Жас әншілер үшін, бұл опера өнері мэтрінің таптырмас шеберлік сабағы. Жоғарі білікті кәсіби маманмен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болған бәріміздің жолымыз болды деп ойлаймын, – дейді Жаннат Бақтай.

Операның либреттосын Жібек пен Төлегеннің трагедиялық махаббаты жайлы аттас халықтық лиро-эпостық поэманың желісімен аса көрнекті драматург әрі жазушы Ғабит Мүсірепов жазған. Дәрежелері әртүрлі екі әлеуметтік тап өкілінің трагедиялық махаббаты жайлы өлең жолдарынан көшпенді қазақтың рухани өмірі, ойы мен арманы көрініс табады.

Музыкалық жетекші және қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Қоюшы режиссер – Михаил Панджавидзе (Беларусь). Режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов, кеңесші – PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқат Майемеров. Қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова / Павел Драгунов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қоюшы балетмейстер – Мукарам Авахри. Кескіндер бойынша суретші – Павел Суворов (Ресей). Жарық бойынша суретші – Сергей Шевченко (Ресей).

Қойылымдар – 10 ақпанда 19:00, 11 ақпанда 18:00. Билетті театр сайтынан немесе кассадан алуға болады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры