«Астана Опера»: Италиядағы орасан зор жетістік

23 қараша күні атақты итальяндық «Карло Феличе» театрында генуялық көрерменге «Париж Құдай анасының соборы» балетін ұсынған «Астана Опера» әртістерінің шеберлігіне толассыз шапалақ соғылып, қошемет жасалды. Гастрольдер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өтуде.

109 notre dame de paris

Қос театр арасындағы серіктестік 2015 жылы басталды. «Астана Опера» театрының қойылымдары мен әртістердің жеке өнер көрсетулері Генуяда үлкен танымалдылыққа ие. Осындай қажеттілік спектакльдердің жоғары сапасымен түсіндіріледі – ұжым қойылымдарын тек Еуропада ғана емес, сонымен бірге Америкада, Азияда ұсынып жүр. Көрермендерді қойылымдардың жаңа үлгісі мен сценография, костюмдердің керемет көркемдік деңгейі қызықтыруда.

125 notre dame de paris

Қазақстандық труппа Италияда кезекті рет өзінің шеберлігі мен әртістік қабілетіне негізделген бірегей нақышын көрсетті. «Париж Құдай анасының соборы» спектаклі аты аңызға айналған француз хореографы Ролан Петидің 1965 жылғы түпнұсқа қойылымын қайта жандандырды. Сол кезден бері балет, бір жағынан, ХХ ғасырдың классикасы деп танылса, екінші жағынан – жаңашыл, өрескел, талас тудырған әрі орындауға күрделі болып қала бермек. Шынайы жауһар туынды үш ұлы тұлғаның есімімен байланысты – композиторы Морис Жарр, хореографы Ролан Пети және костюмдерді жасаған Ив Сен-Лоран.

122 notre dame de paris

117

Бірінші күні спектакльге 2 мың көрермен келді, залда ине шаншар жер болмады. Балетқұмарлар қойылымды шаттықпен қабылдап, қошеметі мен жылы сөздерін аямады. Кеш бойы «Браво» деген дауыстар үзілмеді. «Карло Феличе» сахнасында Квазимодо партиясын халықаралық байқаулардың Бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан орындады. Эсмеральда рөлінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева жарқырады. Феб бейнесін халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Тарланов көрсетсе, Клод Фроллоны – Арман Оразов сомдады.

– Қазақстандық әртістердің өнер көрсетуі мінсіз болды – музыка мен би толық үйлесім тапты. Бұл ең әдемі және ең бастысы сирек орындалатын балет, себебі әлемнің барлық театр сахналарында қойыла бермейді. «Париж Құдай анасының соборы» – таңдаулы, мәнерлі әрі өте көріністі спектакль. Көпшілік бұқара қатысқан көріністер үлкен серпінмен өтті, кордебалет тамаша өнер көрсетті. Прима Әйгерім Бекетаева Эсмеральда бейнесін шығыс еліне тән сүйкімділігімен жеткізді. Ол қолымен ән салатын таңғажайып кербез әртіс. Квазимодо партиясында көптеген айтулы бишілерді көрсем де, Бақтияр Адамжанның кейіпкері бейненің үлгілі көрінісі болды деп айта аламын. Бақтияр Адамжан – кештің шынайы қаһарманы. Қазақстандық дирижер Арман Оразғалиев спектакльді керемет өткізді, көп нәрсе оған да байланысты еді, – деп бөлісті көрермен Аннанзиэта Сальви.

Артисты дают автографы после спектакля

аншлаг

Еске салар болсақ, бүгін, 24 қараша, жергілікті уақыт бойынша сағат 15.30 бен 20.30-да қазақстандық труппа «Астана Опера» театры музыканттарының қатысуымен, «Карло Феличе» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» балетін қайта ұсынады.

Ұсқынсыз бүкірдің партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков әзірлеуде. Сұлу Эсмеральда рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева, Клод Фролло рөлін – Серік Нақысбеков сомдайды, ал Феб партиясын Еркін Рахматоллаев ұсынады, осы рөлде әртіс алғаш рет өнер көрсететін болады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры