«Астана Опера» және Ресейдің Үлкен театры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Ресейдің басты ұлттық театры – атақты Үлкен театр Қазақстандағы үздік «Астана Опера» театрымен тығыз ынтымақтастықта болады.

Большой театр

15 мамырда Мәскеуде өткен екі жақты келіссөздер нәтижесінде Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің қолдау көрсетуімен жүзеге асты.

«Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров және Ресейдің Үлкен театрының бас директоры Владимир Урин қол қойған меморандумға сәйкес, тараптар бірнеше бағыт бойынша серіктестікті дамытады. Келіссөз барысында бірқатар жобалар талқыланды. Мамандармен, әртістермен, орындаушылық ұжымдармен өзара тиімді тәжірибе алмасумен қатар алдағы жоспарға гастрольдерді, бірлескен қойылымдарды ұйымдастыру, екі театрдың жетекші солисттерінің шеберлік сабақтарын өткізу және музыкалық байқаулар мен фестивальдарға қатысу кіреді.

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық сананы модернизациялау жөнінде атап өткен міндеттерінің бірі, заманауи қазақстандық мәдениетті әлемдік кеңістікке паш ету болып табылады. Бұл Елбасы айқындап бергендей, ұлттық мәдениеттің үздік туындыларын таңдап қана қоймай, оларды шетелде танытатын өте маңызды және көп еңбекті қажет ететін жұмыс. Меморандумға қол қою Мәдениет және спорт министрлігінің Елбасымыздың стратегиясын іске асыруға бағытталған жоспарлардың бір бөлігі, – деп атап өтті Ғалым Ахмедьяров.

Айта кетсек, қазақстандық әртістер бұған дейін әйгілі мәскеулік сахнада неше мәрте өнер көрсеткен. Мысалға, «Астана Опера» театрының жетекші солисті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев П. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсындағы басты партияны орындаған. Өз кезегінде Үлкен театр солисттері де өнерін астаналықтарға сыйлау мүмкіндігіне ие болды. Прима-балерина, Ресейдің халық әртісі Светлана Захарова «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесеріне арналған Гала-концертке қатысқан.

«Астана Операның» бас дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев – Ресейдің Үлкен театрынан шақырылған дирижер екенін атап өткен жөн. Ұлыбритания бойынша Үлкен театрдың оркестрімен өткен турне кезіндегі танымал қазақстандық маэстроның керемет дебютінен кейін 2011 жылдың желтоқсан айында С.Прокофьевтың “Үш апельсинге деген махаббат” операсына дирижерлік етуге шақырту келді. Сол уақыттан бастап ұжыммен, оның ішінде 2014 жылдың сәуір айындағы Германия, Австрия мен Швейцарияға гастрольдік турымен тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар Мәскеуде, сондай-ақ Израильдегі гастрольдерде П.Чайковскийдің “Евгений Онегин” операсына дирижерлік етті.

«Астана Опера» серіктестерінің қатарында – Ла Скала, Сан-Карло, Карло Феличе (Италия), Мариинский театры, Новосібірдің мемлекеттік академиялық опера және балет театры (Ресей), Шанхайдың Үлкен Театры (Қытай), «Еуропа операсы» халықаралық опералық қауымдастығы (Ұлыбритания) және тағы басқа әлемнің жетекші ұжымдары.

*** Анықтама

Ресейдің Мемлекеттік академиялық Үлкен театры – аталған елдің театр өнерінің дамуына ыпал еткен ресейлік және әлемдік музыкалық мәдениет дәстүрлерін танытушы. Оның негізі 1776 жылғы 28 наурызда II Екатерина патшайым губерния прокуроры князь Петр Урусовқа спектакль, маскарад, бал және өзге де ойын-сауық іс-шараларды қамтамасыз ету үшін он жыл мерзімге берілген «айрықша құқыққа» қол қойған кезде қаланған. Бүгінгі таңда XIX-XX ғасырлардағы орыс музыкалық театр жауһарлары театр репертуарындағы басты орынды алып отыр. Орыс классикасына қосымша ретінде Үлкен театр өз көрерменінің назарына ХХ ғасырдың авторларын қоса алғанда, батыс еуропалық композиторлардың жауһарларын, сондай-ақ, арнайы тапсырыс берілген шығармаларды ұсынады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры