Алан Бөрібаев: «Мен орындаушы ретінде өскенімізді, көрерменнің бізбен бірге өскенін қалаймын»

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев өз Отанында ғана емес, одан тыс жерде үлкен танымалдылыққа ие. 16 наурызда «Астана Опера» театрының бас дирижері Үлкен сахнада Г. Малердің №2 симфониясының («Қайта тірілу симфониясы») жойқын тұсаукесерін ұсынады. Қызық әңгіме барысында әйгілі маэстро Фридрих Ницшенің шығармашылығы, әлемдік діндер, философия, реинкарнация теориясы және адам болу дегеніміз не екендігі туралы сөз қозғайды.

Buribayev_Alan_2013a_PC_SimonvanBoxtel_300

– Алан Асқарұлы, сіз үшін осы туынды несімен ерекше? Сіздің репертуарыңызда Г. Малердің музыкасы қандай орын алады?

– Өзіңіз білетіндей, мен Г. Малердің шығармаларын көп орындаймын, «Жер туралы ән» туындысын қоса алғанда, оның барлық симфониясын бірнеше рет орындадым. Бұл композитордың ізгілігі мен ұлы ойлары мені терең толғандырады. Г. Малер өзінің туындыларында бірінші кезекте адам жанына назар аударды. Өз шығармашылығында ол біздің әрқайсымызды толғандыратын сұрақтарды қоюмен қатар, оларға жауап беруге, қоғамның рухани даму жолдарын табуға тырысады. №2 симфонияда бізге осы өмір не үшін берілгені, осы әлемде біз не жасағымыз келетіні және өзімізден кейін не қалдырғымыз келетіні туралы баяндайды. Өлім бәрінің соңы болып табылады ма, әлде шындығында оның жалғасы бар ма? Сонымен бірге жалпыға түсінікті – христиандық Қорқынышты сот, Жұмақ пен Тозақ көзқарастары шеңберінен шығып, философиядан жауап іздейді, сол заманның барлық әйгілі зиялыларын «ауыртқан» заманауи неміс ойларынан, дәлірек айтқанда Фридрих Ницшенің шығармашылығынан іздейді. Г. Малерді Ф. Ницшенің «Заратустра солай деп айтқан. Барлығына арналған және ешкімге арналмаған кітап» атты кітабында айтқан «мәңгілік қайта оралу идеясы» толғандырды. Нәтижесінде қызық қоспа – философия, индуистік мифология, ведалар мен реинкарнация идеялары бар неміс мистицизмі туындайды.

– №2 симфонияны орындау ерекшелігі қандай?

– Бұл техникалық жағынан алғанда орындалуы оңай соқпайтын тамаша туынды. Г. Малер ұлы дирижер болған, музыкалық аспаптардың мүмкіндігін жете білген және музыканттар шаршағанша жұмыс істейтіндей етіп жазған. Ол аспаптарға ыңғайсыз етіп жазғанын айтады. Оған скрипкашылардың ең жоғарғы ноталарда булыққаны, ал сыбызғышылардың «пысылдап», ең төменгі ноталарда тұншыққаны керек болды. Мұнымен қатар, Г. Малердің музыкалық екпінді ауыстыруы, біздің ойымыз бен сезіміміз ауысқаны сияқты өте тез. Аталмыш композитордың музыка тілінің байлығын, шығармаларының қайран қалдыратын тереңдігін атап өтпей кетуге болмас. Австриялық классиктің шығармаларын орындау – өте үлкен оқиға және біз оған мұқият дайындалып жатырмыз.

Г. Малер бір мезгілде бір емес, бес тақырыпты қамтиды. Сондықтан әртіс өз тақырыбын ойнай отырып, қалған төртеуіне назар салып тыңдауы, сондай-ақ бір уақытта дирижерға қарап әрі орындауға бар жанын салуы тиіс. Бұл өте қиын, алайда бұл музыканттарымызды ширатып, жігерлендіре түседі.

– Дайындық қалай жүріп жатыр?

– «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі тамаша. Театрдың әртістері қатал конкурстық іріктеуден өткені баршаға мәлім. Өнер ұжымы мұндай музыкамен алғаш танысқанына қарамастан, олар бәрін тамаша орындайды. Таңертеңгі дайындық кезінде осы туындыны бір рет орындағаннан кейін, кешкісін оркестр мүлдем басқаша ойнап шыға келді. Бұл концерт бізге кәсіби шеберліктің басқа деңгейін меңгеруге мүмкіндік береді; Густав Малердің музыкасын орындайтын оркестр әлемдік музыкалық қоғамдастықта маңызды орын алады және ерекше мәртебеге ие болады.

Қолға алған істе табысқа жеткен кезде, тағы да жаңа шыңдарды бағындырып, алға жаңа міндеттер қойғың келеді. Осылайша, 19 тамызда «ЭКСПО-2017» бағдарламасының аясында біз Г. Малердің шығармаларының ішіндегі ең күрделі туындысы – «Мың қатысушының симфониясы» деп аталатын әйгілі №8 симфониясын ұсынамыз.

– Өзіңіз атап өткендей,бұл оңай орындалатын музыка емес. Жұмыс барысында оркестр музыканттарының шаршағанын байқасаңыз, не істейсіз?

– Ұжыммен табысты жұмыс істеудің ең басты қағидаларының бірі – музыканттардың назарын орындаудың жаңа талабына ауыстыра білгендік болар. Әрине, сәтті әзіл немесе дұрыс ескертудің өзі де әбден орынды болуы мүмкін. Мен, сөзсіз, нәтижелі болар жұмыстың күрделілігіне қарамастан, оның бір сарынды болмағанына, процестің өзінен ләззат алуға тырысамын.

– Әлемдік симфониялық репертуарда бұл композитордың музыкасы қандай маңызға ие?

– Густав Малер жан-жақты ойлайтын тұлға болды. Оның әр симфониясы – ғаламды ұғынуға деген ұмтылыс. Соңғы 50 жыл бойы австриялық классиктің музыкасы кеңінен танылуда. 1930 жылдары Алманияда билікке нацисттер мен Адольф Гитлер келді, ол еврей болғандықтан, ұзақ уақыт бойы оның туындыларын ойнауға болмайтын еді. Өкінішке орай, бұл барлық адамзат тарихының бір бөлігі. Музыкалық қауымдастық Г. Малердің шығармашылығына тек 1950 жылдары қайта жүгінді. Қайта жарық көрген бұл туындылар қоғамды кенеттен таңғалдырды. Тұжырымдамалардың орасан зор ауқымы, маңыздылығы… Г. Малердің симфониялары өзекті болып шықты. Статистика бойынша батыс Еуропада ең танымал композитор Л. ван Бетховен. Алайда таяудағы зерттеу мәліметі бойынша, 2011 жылы – Г. Малердің туғанына бір ғасыр – Малер Бетховеннен көп орындалған. Яғни бүгінде күтпеген жерде Малердің бүкіл мәдениеті туралы сөз қозғауға болады, сондай-ақ Малерді ғана және одан басқа ешкімді тыңдамайтын ізбасарлар, адамдар бар. Мен әлемнің барлық озық оркестрларымен бірдей Г. Малердің музыкасына жүгінетінімізге өте қуаныштымын.

– Шығармашылық өміріңіздегі бүгінгі жаңалықтар туралы айтып өтсеңіз. Малердің музыкасын жақын арада басқа да алаңдарда орындау жоспарда бар ма?

– Густав Малер – бұл өміріңмен етене жүретін композитор. Өткен жылы мен оның алғашқы бес симфониясын ойнадым, сондықтан «Астана Опера» театрында өтетін концерт мен үшін өте маңызды. Мен бұл музыканы шексіз жақсы көремін және өзімнің дирижерлық еңбек жолымда өмір бойы ойнайтыныма сенемін. 24 ақпан күні Италияның Генуя қаласындағы Карло Феличе театрында менің алғашқы концертім өтті, ал 3 наурызда Берлиндегі немістің симфониялық оркестрімен бірге әлемнің ең беделді залы – Берлин филармониясында өнер көрсеттім. Берлинде өнер көрсетуге әрбір шақыру – мен үшін музыкантқа арналған үлкен мереке және іштей өзіме есеп беру, сынақ. Содан кейін, 11 наурызда мен «Астана Опера» театрында италиялық режиссер Джанкарло дель Монаконың қойылымындағы А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсына дирижерлық етемін.

– Жұмыс кестеңіз тығыз, демалып үлгересіз бе? Және демалысыңызды қалай өткізесіз?

– Үнемі жол үстінде әрі концерттік тығыз кестемен жүргендіктен, әрине, ең үздік демалыс – отбасы ортасындағы демалыс. Тек үйде ғана жаным жай табады.

Айта кетейік, 16 наурызда театрдың Үлкен залы сахнасында Г. Малердің №2 симфониясының тұсаукесерінде («Қайта тірілу симфониясы) Симфониялық оркестрмен қатар «Астана Опера» хоры, сондай-ақ атақты опера прималары Майра Мұхамедқызы мен Дина Хамзина өнер көрсетеді. Бас хормейстер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры