Айзада Капонова Құрмет орденімен марапатталды

Бүгін, 15 желтоқсан күні «Қазақстан» орталық концерт залында «Астана Опера» театрының дарынды солисі Айзада Капоноваға Құрмет ордені табыс етілді.

IMG-20171215-WA0030Әнші сахнаға он жылдан астам уақытын арнаған, осы мерзім ішінде ол керемет бейнелердің топтамасын жасады, атап айтар болсақ: А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Ажар, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Сара, Алтынай, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы нәзік Жібек, Б.Қадырбектің «Қалқаман-Мамыр» операсындағы Мамыр бейнесі әншінің репертуарынан орын алды. Классикалық операда – Дж.Вердидің «Травиатасында» Виолетта, Дж.Вердидің «Риголетта» операсында Джильда, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілерінде» Олимпия, В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейтасында» Түн патшайымы, Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсында Лючия партияларын орындады.

Айзада Капонова Қазақ Ұлттық музыка академиясын «Вокал өнері» мамандығы бойынша бітірді (профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ.Н.Омарбаев сыныбы, 2008). Ол «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар байқау-фестивалінің ІІ сыйлық лауреаты (Астана, 2007); Халықаралық вокалистер байқауының І сыйлық лауреаты (Алматы, 2013); Н.Тілендиев атындағы халықаралық байқау-фестивалінің Бас жүлде иегері (Астана, 2015).

Еске салар болсақ, Құрмет ордені – Қазақстан Республикасының 1993 жылы тағайындалған ордені. Орденмен экономика, әлеуметтік сала, ғылым мен мәдениет, білім беру саласын дамытудағы ерен еңбегі, мемлекеттік органдағы үлгілі қызметі және қоғамдағы белсенді жұмысы үшін азаматтар марапатталады.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры