Фортепианоға арналған музыка кеші

Фортепианоға арналған музыка кеші

Теміржан ЕРЖАНОВ (АҚШ)

Қазақстаннан шыққан америкалық дирижер әрі пианист Теміржан Ержанов алғаш рет «Астана Операда» фортепианоға арналған жеке концертімен өнер көрсетпек.

7 қыркүйек күні Т.Ержанов В.А.Моцарттың Фантазиясы, Р.Шуманның «Карнавал», Э.Григтың «Из времен Холберга» және Ф.Шопеннің №4 Балладасы енген жеке бағдарламасын ұсынады.

Теміржан Ержанов елімізді халықаралық аренада лайықты деңгейде таныстырған тәуелсіз Қазақстанның алғашқы музыканты болды: 1993 жылы ол Цвиккау қаласындағы Р.Шуман атындағы Халықаралық пианистер байқауында Бірінші сыйлық пен Алтын медаль иеленді (Германия). Сол уақыттан бері ол 12 елде, атап айтқанда, нью-йорктік Карнеги-холлдағы Айзек Стерн залы, лондондық Вигмор-холл, берлиндік Концертхауз, лейпцигтік Гевандхауз, Петербор филармониясының Үлкен залы, дрездендік Земпергалерея, Мәскеу консерваториясының Үлкен залы, париждік Гаво залы сынды сахналарда өнер көрсеткен.

Опера әншілерімен бірге ынтымақтастықта жұмыс жасау – оның өмірінде айтулы орынға ие, олардың қатарында Елена Келессиди, Мелоди Мор (сопрано), Катрин Кук, Сусанна Гусман (меццо-сопрано), Эрик Курмангалиев (альт), Ао Ли (бас-баритон), Сергей Задворный (бас) сынды майталмандар бар. Әртістің орындауындағы ұлттық премьералар арасынан Россинидің «Шағын салтанатты мессасын», музыканттың туған қаласында жасаған шығармалары енген «С.Прокофьев. 1942–1943. Алма-Ата» бағдарламасын атап өтуге болады.

Мәскеудегі П.Чайковский атындағы және Санкт-Петербордағы Елена Образцованың Халықаралық вокалдық байқауларында «Үздік концертмейстер» сыйлықтарының иегері, оның Опера Сан-Хосе, Festival Opera, Калифорния Опера Академиясы, Нью-Йорк Жаңа операсы сынды опералық компаниялармен ынтымақтастық құруда тәжірибесі бар. Ол «Идоменей» операсы мен Моцарттың Ұлықтау мессасының премьерасында Қазақ мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі мен хорына; «Филармония де Бразилиа» оркестріне, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының оркестріне, Gradus ad Parnassum оркестріне, Google-оркестріне, сондай-ақ өзі музыкалық директоры болып табылатын Opera Cultura оркестріне дирижерлік етті.

П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының түлегі әрі бұрынғы оқытушысы Теміржан Ержанов профессорлар Михаил Воскресенский мен Важа Чачавадан дәріс алған. Кейін оған дирижерлік ету бойынша латвиялық-америкалық дирижер Имант Айреа тәлімгер болған. San Francisco Classical Voice сыншылары жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша музыкант сопрано Анджела Георгиу және Опера Сан-Франциско, Артемис-квартет, Марк Моррис Балеті, Медивал-трио және «Филармония барокко» оркестрінің қатарында жалғыз аспапшы, «Ең үздік жыл орындаушысы» атанды. Отанында оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» жоғары атағы берілді.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры