«Астана Опера» этуальдері Кремль Сарайында өнер көрсетпек

Әлемдік балет жұлдыздары, «Астана Опера» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Бақтияр Адамжан Ресейдің ең беделді театрлық-концерттік алаңдарының бірінде өнер көрсетпек. 1 желтоқсан күні Мәскеудегі Мемлекеттік Кремль Сарайының сахнасында «Марис Лиепа. С любовью» атты ғаламат гала-концерт өтеді.

– Балет өнерінің жыл сайынғы мерекесінде билеп, қымбатты әріптестеріміз бен достарымызбен қайта қауышу біз үшін үлкен қуаныш. Алдымен, жобаның авторы Андрис Марисович Лиепаға шақырту үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Осы кеште мәскеулік көрерменге Ю.Григоровичтің қойылымындағы А.Хачатурянның «Спартак» балетінен Фригия мен Спартактың адажиосы және А.Мессерердің хореографиясындағы С.Рахманиновтың музыкасына «Көктем сулары» миниатюрасын орындаймыз, – деп атап өтті солистер.

Қазақстандық әртістермен бірге концертке Ресейдің Халық әртістері Юлия Махалина (Мариин театры), Илзе Лиепа, Дмитрий Гуданов, сондай-ақ Екатерина Крысанова, Кристина Кретова, Алена Ковалева (Ресейдің Үлкен театры), Мария Хорева, Владимир Шкляров, Кимин Ким (Мариин театры), Оксана Кардаш (К.Станиславский мен В.Немирович-Данченко атындағы музыкалық театр), Константин Аллен (Нидерланды Ұлттық балеті), Джулиан МакКей (Михайловский театры), Алессандро Стаяно («Сан-Карло» театры, Неаполь), Мария Эйхвальд қатысады. Кештің жүргізушісі әрі режиссері – Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепа.

Жетекші солистердің осы әйгілі сахнадағы бірінші рет өнер көрсетуі еместігін атап өткен жөн. Б.Адамжан А.Лиепаның «Автографы и имиджи» жобасының барлық бағдарламасына қатысқан. Осы жылдың сәуір айында өткен «Вацлав Нижинский. Бог танца» концертінде «Астана Опера» труппасы Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен Н.Римский-Корсаковтың музыкасындағы М.Фокиннің атақты «Шехеразада» балетін ұсынған. 2018 жылы Ә.Бекетаева мен Б.Адамжан «Майя Плисецкая. Посвящение» кешінде өнер көрсеткен, бұған дейін әртіс мәскеулік сахнаға театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаевамен бірге шығып, «Рудольф Нуреев. Из прошлого в будущее» бағдарламасына қатысқан. 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры