Алтыншы маусым: «Астана Опера» театрының жетістіктері

«Астана Операның» алтыншы театр маусымы ұлттық музыкалық өнердің інжу-маржаны – Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсының қойылымымен тамамдалды.

Асқақ өнердің жанкүйерлері осынау «театр жылында» бірінен кейін бірі орын алған жарқын оқиғалардың куәсіне айналды: тұсаукесерлер, гастрольдер, опера және балет әртістерінің беделді халықаралық байқаулардағы жеңістері, театрдың шетелдік әріптестерімен шығармашылық байланысының кеңеюі – осы сынды айтулы сәттер көп болды.

Дегенмен, статистикаға көз жүгіртсек, өткен театр маусымындағы деректер төмендегідей болмақ:

Театрға 145 000 көрермен келді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұжым 7 премьера ұсынды: Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсы, М.Фокиннің хореографиясындағы Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана» және Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» бір бөлімді балеттері. Көрермен назарына П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», Дж.Россинидің «Жібек саты», Дж.Пуччинидің «Богема» опералары мен А.Аданның «Жизель» балеті ұсынылды.

Театр 2 сыйлыққа ие болды: «Абай» операсы (Л.Хамиди, А.Жұбанов) үшін авторлар ұжымы: Әлпиев Төлеубек Нығметұлына, Бөрібаев Алан Асқарұлына, Байғожин Сүндет Әбдірахманұлына, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының шығармашылық ұжымына қатысушыларға Қазақстан Республикасының Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сонымен қатар, театр классикалық өнер саласындағы «BraVo» Халықаралық кәсіби музыкалық сыйлығын иеленді, бұл додада «Астана Опера» «Жылдың концерттік/театр алаңы» аталымы бойынша көшбасшы атанды.

Ұжым «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында гастрольдік сапарларға шығып, Италия (Генуя, Рим), Испания (Валенсия), Ресей (Мәскеу, Новосібір), Өзбекстан (Ташкент) елдері мен Қазақстан қалалары (Қарағанды, Көкшетау) бойынша сәтті өнер көрсетті. Театр өз сахнасында Абай атындағы МАОБТ-ның (Алматы) гастрольдік бағдарламасын қабыл алды, ал тамыздың 17 және 24 күндері Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының (Қарағанды) гастролі өтпек.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында орасан зор жетістікпен өткен Ташкенттегі гастрольде әртістер ұлттық классика жауһары – А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы мен Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсын ұсынды.

Жыл бойы «Астана Опера» әртістері өз жетістіктерімен қуантты, олар үкіметтік марапаттар, ордендер мен медальдерін иеленді, сондай-ақ көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанды. Атап өтсек, «Астана Опера» дирижері Руслан Баймурзин КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Мұқан Төлебаев атындағы «Алтын таяқша» Халықаралық дирижерлер байқауының Бас жүлдесін жеңіп алды.

Опера және балет труппасының солистері «Астана Операның» атын шығарып қана қоймай, Қазақстанның беделін шетелде оңынан қалыптастыруда елеулі үлес қосуда. «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Италия, Швейцария, Франция, Ресей және т.б. елдердің ең мәртебелі мәдени іс-шараларына тұрақты түрде қатысуда. Бұдан бөлек, Бақтияр Адамжан Әйгерім Бекетаевамен бірге Канн қаласындағы Фестиваль сарайы сахнасында өнер көрсетті. «Viva Maïa» әлемдік балет жұлдыздарының Гала-концерті аты аңызға айналған балерина Майя Плисецкаяға арналған.

«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина Башқұрт опера және балет театры сахнасында зор жетістікпен өнер көрсетті. Әнші атақты бас Ильдар Абдразаковпен бірге Дж.Вердидің «Аттила» операсында басты Одабелла партиясын орындады. «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет Байғожинның өнеріне итальяндық тыңдарман ду қол шапалақ соғып, қошемет көрсетті. Танымал қазақстандық баритон генуялық Карло Феличе театрының сахнасында Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсында Шарплестың партиясын ұсынды.

«Астана Опера» театрының солисі Евгений Чайников Барселонадағы испандық Театр де Саррия сахнасында әйгілі музыкалық директор, тенор әрі педагог Рауль Хименестің жетекшілігімен композитор Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» (Il matrimonio segreto) операсын орындады.

Достық көпірі

«Астана Опера» МОБТ-ның алтыншы маусымында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды: 9 ақпан күні «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров, «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов және Ресей Үлкен театрының директоры Владимир Уринның кездесуі өтті. Театрдың бірінші басшылары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдени стратегиясын жүзеге асыру бойынша жоспарларын іске асырудың бір бөлігі болып табылатын Ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Бұдан бөлек, 4 маусымда театр директоры Ғалым Ахмедьяров пен Санкт-Петербор Музыка үйінің көркемдік жетекшісі, танымал виолончелист, Ресейдің Халық әртісі, профессор Сергей  Ролдугин екі ел мәдениетін дамытуда маңызды болып табылатын Ынтымақтастық жөніндегі келісім жасап, қол қойды.

«Астана Операда» өткен Astana Piano Passion V Халықаралық классикалық музыка фестивалі мен жас пианистер байқауында достық көңіл-күй сезілді. Түрлі елден келген көптеген музыканттар 2019 жылғы 12-18 мамыр аралығында жеңімпаз атану үшін сайысқа түсті. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көрнекті музыкант, Ресейдің Халық әртісі Денис Мацуев, Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов (бүгінде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі) және «Accordi di Astana» қоғамдық қорының бірлескен бастамасымен 2013 жылы байқаудың негізі қаланған болатын.

 

Игілікті істер театры

«Астана Опера» шығармашылық ұжымы жетім балалар, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар, мүгедектер, ардагерлер және тағы басқаларға мерекелік көңіл-күй жасап, классикалық музыкамен қауышу бақытын сыйлайды. Осылайша, театрлық маусым ішінде театр жиырмадан астам қайырымдылық концерттерін өткізді. Әртістер Ақмола облысының Сәбилер үйі, мамандандырылған бөбектер үйі, сондай-ақ Қарттар үйіне арнап жарқын бағдарламалар ұсынды.

Жаңа маусымға жаңа жобалармен

«Астана Опера» өзінің жетінші театр маусымын 5 қыркүйекте Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен ашпақ. Сонымен бірге, күз мезгіліне, 11 және 13 қазан күндеріне Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсы мен 22-23 қараша күндеріне Л.Делибтың «Коппелия» балетінің премьерасы жоспарланған. Опера труппасы 20 қазан күні Невадағы Санкт-Петербор қаласына Дж.Россинидің «Жібек саты» операсымен аттанады. Алайда бағдарлама мұнымен тамамдалмақ емес!

«Астана Опера» театрының жанкүйерлері асқақ өнерді бағалаушылар үшін жарқын концерттер мен бірегей спектакльдердің сан түрлі афишалары ұсынылатын жаңа маусымда әртістермен қайта жүздесуді асыға күтуде.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры