Сиқырға толы скрипка әуені

Жастар жыл аясында «Астана Опера» қазақстандық классикалық музыка саласындағы жарқыраған жас дарындарды қолдау мен оларды одан әрі дамытуға бағытталған «Сенбілік классика» концертін ұсынады. 8 маусым күні есімі түрлі елдердің әйгілі концерттік сахналары афишаларының сәнін келтірген тамаша скрипкашы, П.И.Чайковский атындағы Х Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты Ақбике Алғи Камералық зал сахнасына шығады.

Тыңдарман қауым назарына И.С.Бахтың Соло скрипкаға арналған №1 сонатасы, соль минор, BWV 1001 (І, ІІ бөлімдер), М.Равельдің Скрипка мен фортепианоға арналған «Сыған қызы» концерттік рапсодиясы, А.Хачатурянның Ноктюрні мен көрнекті қазақстандық композитор Ғазиза Жұбанованың Скрипкаға арналған концерті (ІІ бөлім) ұсынылмақ. Музыкатанушылар «миниатюрадағы төрт бөлімді симфония» деп атап кеткен Иоганнес Брамстың Скрипка мен фортепианоға арналған №3 ре минор сонатасы концерттік бағдарламаның негізін құрайды. Неміс классигінің осынау ауқымды камералық шығармасын Ақбике Алғи мен пианист Ильяс Узбеков (педагог Данияр Есімхановтың сыныбы) бірлесе орындайды. Сонымен қатар Ильяс Узбеков Ф.Листтің Трансцедентті №12 этюдін («Боран»), С.Рахманиновтың №6 этюді (ор.39) және Ф.Шопеннің фа минорлы Фантазиясын орындайды.

Ақбике Алғи – Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Райса Мұсақожаеваның сыныбы). Ол Германия, Ресей, Қазақстандағы беделді халықаралық байқаулардың жеңімпазы, солардың қатарында П.Чайковский атындағы Халықаралық жасөспірімдер байқауының Гран-при және жүлделі орындарының иегері. Дарынды орындаушының концерттік өнер көрсетуі Италия, Германия, Австрия, Испания, Ұлыбритания, Үндістан, Иордания  залдарында өткен. 2018 жылы Ақбике Алғи атақты концерттік зал – Нью-Йорктегі Карнеги-холл сахнасына шығып, әккі көрерменнің алдында өнер көрсетті. КСРО Халық әртістері, көрнекті скрипкашылар – Виктор Третьяков, Захар Брон, Эдуард Грач Ақбике туралы пікірлерін білдіре отырып, оны музыканың нәзік қылын сезінетін әрі «орындайтын шығармаларын терең философиялық тұрғыдан түсінетін» болашағы зор өнерпаз ретінде атап өткен.

Фортепиано партиясында – Ильяс Узбеков, Сергей Васильев.

Басталуы сағат 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры