«Астана Опера» театрының хор ұжымы Новосібірде өнер көрсетпек

1 желтоқсан күні «Астана Опера» театрының хоры Новосібір академиялық опера және балет театрының Зак Исидор атындағы зал сахнасында (Ресей) керемет концерттік бағдарлама ұсынбақ. Новосібір академиялық опера және балет театрының оркестрі мен «Астана Опера» хорына елордалық театрдың бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов дирижерлік етеді.

Әккі тыңдарман назарына қазақ хор музыкасының жауһарлары, өңделген халық әндері, сондай-ақ a capella хорына арналған орыс хор классикасы ұсынылады.

Сонымен қатар, мазмұнды бағдарламаға «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Камералық хоры мен Новосібір академиялық опера және балет театрының Камералық оркестрінің бірлесіп орындауында Джакомо Пуччинидің «Messa di Gloria» шығармасы енді.

– Ең алдымен, біз новосібірлік тыңдарман қауымды әдемі қазақ хор музыкасымен таныстырмақ ниеттеміз, бұл бағдарламаның ерекше эксклюзивіне айналмақ, сонымен бірге орыс хор классикасының, атап айтқанда С.Рахманинов, П.Чайковский, П.Турчанинов, Ю.Фалик және т.б. композиторлардың шығармаларын ұсынбақпыз. Қазақ халық әндері тақырыбына арналған попурри – репертуарымыздағы әң әсерлі нөмір, біз оны гастрольдік бағдарламамызға қостық. Екінші бөлімде Дж.Пуччинидің танымал «Messa di Gloria» туындысын орындаймыз. Жеке партияларда көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары – Мейір Байнеш пен Талғат Ғалеев өнер көрсетеді, – деді Ержан Дәуітов.

Гастрольге 40 адамнан құралған хор ұжымы барады. Еске салар болсақ, опералық спектакльдердегі белсенді қызметімен қатар, хор классикалық және ұлттық музыкалық өнерді насихаттай отырып, концерт қызметін жүргізеді. Оның репертурарында – әлемдік музыкалық классика жауһарлары, сонымен қатар қазақстандық авторлардың  шығармалары бар. «Астана Опера» хор әншілерінің дауысы Валерий Гергиев, Пьер Луиджи Пицци, Ильдар Абдразаков сынды атақты әлемдік майталмандардың жоғары бағасына ие болған.

– Сөзсіз, біз толқудамыз, өз шеберлігімізді ең жоғары деңгейде көрсетуге тырысамыз. Қазіргі таңда белсенді дайындық үрдістері жүріп жатыр. Новосібірлік көрермендермен кездесу сәтін асыға күтудеміз, – деп қорытындылады «Астана Опера» бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Ержан Дәуітов.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры