Астанада әлемдік және ұлттық опера хиттері орындалады

10 наурыз күні «Астана Опера» театрының Үлкен залында солистер, хор әртістері мен оркестрдің орындауында музыкалық классиканың жарқын туындылары – қазақстандық және шетелдік композиторлардың операларынан танымал ариялар мен дуэттер, симфониялық шығармалар шырқалмақ. Жоба жетекшісі, дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

Гала-опера – бұл отандық әрі әлемдік опера классикасының жауһарларымен бірге музыкалық тосынсыйларды қамтып, үнемі ауқымды бағдарламаға құрылатын жоба. Көктемгі мерекелер қарсаңында жұртшылық назарына қазақстандық композиторлар – Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджанов және классиктер – Дж.Россини, Дж.Пуччини, Дж.Верди, Г.Доницетти, П.Масканьи, Ж.Массне, Ж.Оффенбах, К.Сен-Санс, А.Дворжак, А.Бородин т.б. сазгерлердің көрермен көңіліне жақын шығармалары әзірленген.

– Аталмыш гала-концерт басқаларынан өзінің тұтастығымен ерекшеленеді, ол кластерлік жүйеге құрылған: аспаптық және вокалдық нөмірлердің көпшілігі өзара байланысқан. Мәселен, Дж.Вердидің «Тағдыр күші» операсының увертюрасы осы операдағы Леонораның ариясымен жалғасады, сондай-ақ П.Масканьидің «Ауыл абыройы» операсы Сантуццаның ариясымен және интермеццомен ұсынылады. Дж.Пуччинидің әйгілі «Манон Леско» операсына тағы бір кластер арналған: тыңдарманға интермеццо, Манон ариясы мен де Грие ариясын ұсынамыз. «Астана Опера» театрының жетекші солистері Медет Чотабаев пен Майра Мұхамедқызы орындайтын Дж.Пуччинидің «Богема» операсынан сахналық көріністер кештің көркін аша түспек. Концерт А.Бородиннің «Князь Игорь» операсынан атақты Қыпшақ биімен аяқталады, – деп атап өтті маэстро Абзал Мұхитдинов.

Концертке ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Сүндет Байғожин (Қазақстанның еңбк сіңірген қайраткері), Майра Мұхамедқызы (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі), Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері – Жаннат Бақтай, Ғалия Байғазинова; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Жанұзақ, Дина Хамзина, Медет Чотабаев, Жан Тапин, Мейір Байнеш, Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев; Арменияның Халық әртісі  Барсег Туманян; халықаралық байқаулардың лауреаттары – Елена Ганжа, Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская, Гүлжанат Сапақова, Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Болат Есімханов және т.б. қатысады. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Концерт режиссері – Еренбақ Тойкенов.

Басталуы сағат 18.00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры