Теміржан Ержановтың фортепианолық музыкасы

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Қазіргі уақытта АҚШ-та тұратын көпшілік тыңдарман қауымның сұранысына ие қазақстандық пианист әрі дирижер Теміржан Ержанов алғаш рет «Астана Опера» Камералық залының сахнасында фортепианолық музыкаға арналған әсерлі кешін ұсынады. Тартымды концерт 7 қыркүйек күні тыңдарман назарына ұсынылатын болады.

Дарынды музыкант В.А.Моцарттың кең танылған әрі көпшіліктің сүйіп тыңдайтын   Фантазиясын орындайды. Ұлы композитордың  шәкірті Терезе фон Траттнерге арналған туындысы 1785 жылы Венада жазылған. Австриялық классик шығармаларындағы осы туынды әртүрлі стильдер: барокко мен классицизм ерекшеліктері синтезінің керемет үлгісі болып табылады.

Теміржан Ержанов –  неміс романтик  композиторы Роберт Шуман туындыларының ең үздік орындаушыларының бірі. Ол Цвиккауда өткен Р.Шуман атындағы халықаралық пианистер байқауында (Германия, 1993) Бірінші жүлде мен Алтын медальді иеленген Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш музыканты болды. Көрермендер «Карнавал» фортепиано циклінде бір-бірін алмастыратын тізбектелген түрлі көркем бейнелер мен жарқын көріністер түрінде ұсынылған әсерлі, жанды атмосфераға, көңілді мерекелік қарбаласқа бөленеді. Қонақтардың арасында би музыкасының әуенімен карнавалдық бетперделер, соның ішінде Дель арте комедиясының дәстүрлі кейіпкерлері, қиял-ғажайып және өзгелерге ұқсамайтын қаһармандар, сондай-ақ шынайы тұлғалар  кездеседі. Карнавалға қатысушылардың  қатарында қарама-қайшы, бірақ бір-бірімен тығыз байланысқан лирикалық, арманшыл Эвзебий мен албырт, батыл Флорестан айрықша ерекшеленеді. Автордың пайымдауынша, кейіпкердің қарама-қайшылығы мен екіжақтылығын аша отырып, олар оның музыкалық автопортретін ұсынады.  «Карнавалдың» керемет тапқырлығының артында Шуманның басты мақсаты өнер мен өмірдегі кереғарлық пен тоғышарлыққа  қарсы күрес болған идеялық-эстетикалық тұжырымдамасы жатыр.

Камералық зал сахнасында әртіс сондай-ақ, Э. Григтің «Холберг заманынан» деп аталатын талғампаз сюитасын ұсынады. Ол норгелиялық-даниялық жазушы Людвиг Хольбергтің 200 жылдығына арналған. Өз отандасының дәуірінің рухын жеткізу үшін  композитор XVIII ғасырдың көне сюитасының стилизациясын пайдаланған, Прелюдия, Сарабанда, Гавот, Ария және Ригодон деп аталатын бөлімдердің ерекше атауын қолданған. Жұртшылық автордың скандинавиялық стилімен үйлесім тапқан романтикалық бояудағы барокко музыкасының таңғажайып әсерін тамашалай алады.

Кеш Ф.Шопеннің ең ауқымды балладаларының ішіндегі – №4 балладасымен жалғасады, ол көрнекті поляк композиторының ең  үздік туындыларының бірі болды. Дарынды музыкант  табиғаттың  поэтикалық бейнелері және ауыл тұрмысымен үйлескен қайғылы ерлік салтынан тұратын күрделі пианистік стиль мен туындының көркемдік құрылымының байлығын толық көлемде ашады.

Теміржан Ержанов үнемі әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетеді. Оған нью-йорктік Карнеги-холлдың Айзек Стерн залы, лондондық Вигмор-холл, берлиндік Концертхауз, лейпцигтік Гевандхаус, Петербор филармониясының Үлкен залы, дрездендік Земпергалерея, Мәскеу консерваториясының Үлкен залы, париждік Гаво залы және тағы басқа көптеген залдардың көрермендері қошаметін білдірген. Әртіс орындаған ұлттық премьералардың ішінде Дж. Россинидің «Шағын салтанатты месса», музыканттың туған қаласында композитор құрастырған туындылар  қатарынан құралған «С. Прокофьев. 1942–1943. Алматы» бағдарламасын атап өтуге болады.

 Мәскеудегі П. Чайковский атындағы және Санкт-Петербордағы Елена Образцова атындағы халықаралық вокалдық байқауларда «Үздік концертмейстер» сыйлықтарының иегері болған ол Сан-Хосе Операсы, Festival Opera, Калифорнияның Опера академиясы, Нью-Йорктің Жаңа опера шығармашылық ұжымдарымен әріптестік тәжірибесін жинақтаған. Ол Қазақ мемлекеттік академиялық симфониялық оркестріне және  В.А.Моцарттың «Идоменей» және Тәж кигізу жорасының мессасы премьерасында  хорға; «Филармония де Бразилиа» оркестріне, Абай атындағы МАОБТ оркестріне, Gradus ad Parnassum оркестріне, Google-оркестріне, сондай-ақ музыкалық директор болып табылатын Opera Cultura ұжымында дирижерлік еткен. Музыкант San Francisco Classical Voice баспасы сыншыларының сауалнама нәтижесі бойынша «Жылдың үздік орындаушысы» атанған. Өз отанында оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» жоғары атағы берілген.

Басталуы сағат 18.00-де

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры