«Астана Опера» тартымды киноконцерт ұсынады

13 қаңтар күні «Астана Опера» театрының Камералық залы экранында сүйікті кино таспалардың музыкалық үзінділері көрсетілмек. Жанды музыка мен киноны қамтитын ерекше концерт елорда тұрғындарының көңілінен орын алып үлгерді. «Кино музыкасы» концертінің идеялық шабыттандырушысы әрі дирижері «Астана Операның» хормейстері Әлихан Ыдырысов.      

– Мен жаңа бағдарлама жасауды қолға алған сәтте бұдан бұрын театрымызда өткен кино кештеріне талдау жасаймын, өнермен қауышқан қауымды қуанышты әсерге бөлеу үшін танымал фильмдер, қызықты әуендер іздеймін, – дейді Әлихан Ыдырысов.

Бұл концертте алғаш рет Максим Заечковскийдің  орындауында саксафон солосы шырқалатын болады. Музыкант Алоиз Бренчтің «Долгая дорога в дюнах» кинофильмінен алынған әуенді орындайды.

Жалпы алғанда, нөмірлердің үлкен бөлігі (шамамен 30) алғаш рет Камералық залда хор мен оркестрдің орындауында шырқалмақ.

Концертке опера труппасының солистері қатысады: Мейір Байнеш, Рамзат Балакишиев, Салтанат Бекмағанбетова, Мақпал Әбдіреева, Ержан Саипов, Ксения Затула, Ұлпан Әубәкірова, Александр Красиков, Жанель Қатпаева, Индира Қаратаева, Нұрлан Шауаханов, Валерий Селиванов, Руслан Совет, Елтай Мұстанов, Ерлан Мерекенов, Бақтияр Омаров т.б.

Олардың әріптестері аспапшы музыканттар – Алмас Тоқпанов (кларнет), Руслан Баймурзин (домбыра), Константин Стригин (баян), Әлихан Ыдырысов (рояль), Динара Сартай (рояль), Жәнібек Бекмәдиев (соқпалы аспап), Максим Заечковский (саксофон)  жеке нөмірлермен өнер көрсетеді. Барлық туындылар Әлихан Ыдырысовтың музыкалық өңдеуінде ұсынылады.

Көпшілік қауым «Найзатас етегінде» кинофильмінен С.Мұхамеджановтың  әнін, сондай-ақ 2018 жылы елімізде 90 жылдығы тойланған қазақстандық ақын, Әлихан Ыдырысовтың атасы – Қабдыкәрім Ыдырысовтың өлеңдерін тыңдай алады. Бұдан бөлек,  «Қыз Жібек», «Тақиялы періште» және тағы басқа отандық кино таспалардан әуендер шырқалады.

«Служебный роман», «Человек-амфибия», «Д’Артаньян и три мушкетера», «Девчата», «Гардемарины, вперед!», «Не бойся, я с тобой», «12 стульев», «Тот самый Мюнхгаузен», «Неуловимые мстители», «Розыгрыш», «Гостья из будущего», «Мэрри Поппинс, до свидания!» және тағы басқа белгілі фильмдерден алынған жүрекке жақын әуендер көрермендерді бейжай қалдырмасы анық.

Музыкалық кешке Театрлық балалар студиясының хоры қатысады, жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

Концерттің басталуы сағат 17.00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры