«Астана Опера» труппасы Италиядағы гастрольдік сапарын барша адамзатқа үндеу жолдаумен тамамдады

Қазақстандық әртістер ұлы композитор Людвиг ван Бетховеннің әлем жаратылысының сан сауалдарына толыққанды жауап беретін Тоғызыншы симфониясын орындап, Жер шарының барлық тұрғындарына үндеу жолдады. Бұл жолы да залда ине шаншар жер жоқ! 10 қараша күні орасан зор жетістікпен «Астана Опера» труппасының «Карло Феличе» сахнасындағы (Генуя, Италия) гастролі өз мәресіне жетті.

Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 8-10 қараша күндері өтті.

Дауысқа арналған партияларды мінсіз орындаған: сопрано – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, меццо-сопрано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, тенор – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов, баритон – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев. «Астана Опера» оркестр музыканттары, хоры театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетті.

Аталмыш туынды маэстроның ең сүйікті шығармаларының қатарына жатады. Ол Бетховеннің өмір сүріп әрі шығармашылығын шыңдаған Вена қаласында білім алған веналық классикалық мектебінің өкілі екендігін атап өтуге болады. Италия жерінде австриялық композитордың музыкасын орындаған шығармашылық ұжымдардың ғажайып жетістігі керемет үйлесімді жұмыс пен музыканы терең қабылдаудың арқасында орын алды.

Алан Бөрібаев шығарманың соңғы бөліміндегі «Миллион жандар, қауышыңдар!» деген ұран адамзаттың соғыссыз, дау-дамайсыз, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруді үйренбейінше, өзекті болып қала беретінін атап өтті.

Бұл «Астана Опера» МОБТ-ның Италиядағы алғашқы гастрольдік сапары еместігін атап өткен жөн.

– «Астана Опера» театрының труппасын өте қатты жақсы көреміз, музыканттардың барлығы – асқан шебер иелері. Биыл «Абай» операсы мен Ағарту дәуірінің асқақ шыңы – Бетховеннің Тоғызыншы симфониясын тыңдауға келе алдық. Барлық төрт бөлімі: Allegro ma non troppo, un poco maestoso (d-moll), Molto vivace (d-moll), Adagio molto e cantabile (B-dur), Presto (d-moll – D-dur) керемет орындалып, адамзат рухының ғаламат әнұраны ретінде шырқалды. Менің ойымша, Бетховеннің дәл осы Тоғызыншы симфониясы адамдардың басын қосып, біріктіреді. «Астана Операның» шығармашылық ұжымы осынау идеяны жеткізе алды: залда нағыз бірлік рухы орнады. Солистерге браво! – деп әсерімен бөлісті ерлі-зайыпты Марко және Бьянка Тоцци.

– Бүгінгі концертке келіп, жан-тәніммен дем алдым. Бәрі көңілімнен шықты: хор да, оркестр де, солистер де керемет, – деді Бернардо Пьяджи.

– Л.В.Бетхвеннің №9 Симфониясын алғаш рет тыңдап тұрмын, «Астана Опера» мен «Карло Феличе» театрларының орындауында осынау туындымен танысқаныма қуаныштымын, қос ұжымның тамаша бірлесуі орын алды, – деді Донато Муни.

10 қараша күні «Астана Опера» әртістері тек Генуяда ғана өнер көрсетіп қоймай, сондай-ақ осынау сенбілік кеште елордалық театрдың балет труппасы кеш қонақтары – Беларусь Республикасының Үлкен театры сахна шеберлерінің қатысуымен Астана төрінде орасан зор жетістікпен Гала-балет ұсынды. Классикалық хореография жауһарлары мен қазіргі заманның атақты балетмейстерлерінің айтулы жұмыстары көркін қыздырған тамаша бағдарламаны көрермен қауым жоғары бағалады.

Генуялық көрермен «Астана Опера» театрымен қайта қауышу сәтін асыға күтетінін жеткізді, қазақстандық театр басшылығы да бұл бастаманы қолдайтынын білдірді. Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени байланыстардың жыл сайын нығайып келе жатқанын байқауға болады.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры