Үш, төрт, бес

«Астана Опера» театрының Камералық залы сахнасында 11 наурызда трио, квартет және квинтеттің орындауында камералық музыка шырқалатын «Үш, төрт, бес» атты ерекше концерт өтеді. Жас музыканттар көрермендерге мәңгілік классиканың жаңа қырын ұсынады.

Концертте трионы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова (сопрано), Қалқаман Дүйсенбаев (валторна), Раушан Бескемпірова (фортепиано) ұсынады. «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дарынды музыканттары: Әнел Шәкірова (1-ші скрипка), Гузаль Тәжіқұлова (2-ші скрипка), Жанар Ахатова (альт), Курванжан Ахатов (виолончель) шекті квартет құрамында өнер көрсетсе, осы шекті квартет пен саусағынан бал тамған кларнетші Манарбек Абаевтың ансамблінің арқасында квинтет құрылады.

– Біз алғаш рет Астанада ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы ұлы композитор Франц Шуберттің Людвиг Рельштабтың сөзіне жазылған, дауыс, волторна мен фортепианоға арналған «Auf dem Strom» («Ағынның маңында») шығармасын орындаймыз. Бұл шығармада романтик-композитор өзінің туған өлкесінен, сүйген адамы мен туған жерімен байланыстының барлығынан жырақ кетіп бара жатқан қаһарманның сезімі мен уайымын жеткізеді. Ол беймәлім теңіз шалғайына аттанады. Алдында өзін нелер күтіп тұрғанын ойлап, толғанады. Бәлкім ол өз сүйіктісімен қайта қауышпайтын шығар, оның әсем әндерін естімейтін шығар, алайда ол аспандағы жарқыраған жұлдыздарға қарап, жақсылыққа деген сеніммен теңіз саяхатын жалғастыра береді. Қаһарманның эмоциялары мен күйінішін біз осы музыка арқылы естіп, сезіне аламыз. Опера жанрының әншісі ретінде мен үшін камералық-вокалдық музыканы орындаудың маңызы зор, өйткені ол орындаушының жан дүниесіндегі терең сезімдерді оятып, дауыстың тембральдік бояуларын ашуға мүмкіндік береді, – деді «Астана Операның» жетекші солисі Айгүл Ниязова.

Концерт бағдарламасына классик-композиторлардың шығармалары енді: Ф. Шуберттің дауыс, валторна мен фортепианоға арналған «Auf dem Strom» триосы, Op.129, В.А. Моцарттың Ішекті аспаптар квартеті №15 ре минор (KV421) және Кларнет пен ішекті аспаптарға арналған «Stadler» квинтеті, ля мажор (KV581).

Концерттің басталуы 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры