«Астана Опера» театры шығармашылық аясын кеңейтуде

4 маусым күні «Астана Опера» МОБТ мен Санкт-Петербор Музыка үйі Ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров пен Санкт-Петербор Музыка үйінің көркемдік жетекшісі, танымал виолончелист, Ресейдің Халық әртісі, профессор Сергей Ролдугин қос ел мәдениетінің дамуы үшін аса маңызды құжатқа қол қойып, бекітті.

Келісімге қол қоюдың мақсаты – бірлескен іс-шараларды, фестивальдерді, байқауларды, шеберлік сабақтары мен тағылымдамаларды өткізу мүмкіндігі, сонымен қатар Театр мен Музыка үйі өткізетін жобалар, байқаулар, концерттер жайлы ақпаратты қоса, музыкалық өнер саласындағы мағлұматтармен, тәжірибемен алмасу. Мәдениет мекемелері музыкалық өнерді дамыту жолында бір-біріне ықпал етіп, көмек көрсетері сөзсіз.

– Тұтастай әлемдік кеңістікте мәдениет елеулі орынға ие. Бұл салада ешқандай шекара, шектеу болмайды. Біз үшін алыс-жақын шетел аумағында заманауи қазақстандық мәдениетті дамыту аса маңызды, бұл ұлттық мәдениеттің үздік шығармаларын іріктеп қана қоймай, оларды кең аудиторияға таныстыруды қамтитын өте күрделі әрі көп еңбектенуді қажет ететін іс. Бүгінгі таңда Санкт-Петербор Музыка үйімен жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты уағдаластықтарымыз бар, оларды жақын арада іске асыруды көздеп отырмыз, – деп атап өтті «Астана Опера» МОБТ директоры Ғалым Ахмедьяров.

– Шығармашылық құрылымдардың, соның ішінде танымал «Астана Опера» және Санкт-Петербор Музыка үйі сияқты өнер ұжымдарының әріптестігі өзара оң әсер берері сөзсіз. Ғалым Алғиұлы атап өткендей, қазірдің өзінде сандары, күндері мен міндеттемелері көрсетілген ұсыныстар бар және олар Меморандумда көрініс тапқан. Құжат нақты істерге толы. Шеберлік сабақтарын өткізу үшін ресейлік профессорлардың қазақстандық музыкалық білім беру мекемелеріне келуі жоспарланған. Осы жылдың тамыз айында Қазақстанның үш дарынды баласы «Артек» (Қырым) лагеріне шақырылған. Ол жерде балалар демалып қана қоймай, Еуропаның жетекші профессорлармен жұмыс жасайтын болады. Әртістермен өзара алмасу бойынша алдағы қадамдар жасалуда. Екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған мәдени саясатымызда жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деген сенімдеміз, – деп қорытындылады Сергей Ролдугин.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры