«Астана Опера» театры Наурызды бірге қарсы алуға шақырады

23 наурызда Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай «Астана Опера» Камералық залының сахнасында «Қош келдің, Наурыз!» атты орасан зор концерт өтеді. Осы күндері елордалық театрда көптен күткен көктемгі жаңарудың, махаббат пен достық салтанатының айрықша лебі есетін болады.

Кеш бағдарламасына қазақ халық әндері, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операларынан ариялар, романстар енген, сондай-ақ әртістер С.Мұхамеджанов, Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев және т.б. қазақстандық сазгерлердің шығармаларын ұсынатын болады. Концертте Ғ.Жұбанованың сирек орындалатын «Көктем вальсі» шырқалады, бұдан бөлек «Астана Опера» балалар студиясының жас әртістері әзірлеген жарқын нөмір мерекелік бағдарламаның көркін аша түспек. Балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

 

Осынау музыкалық кеште опера труппасының керемет солистері өз өнерлерін паш етеді, олардың қатарында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Жәмиля Жарқымбаева, халықаралық байқаулардың лауреаттары Мейір Байнеш, Татьяна Вицинская, Болат Есімханов, Малика Минизини, Назым Сағынтай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, сонымен қатар танымал вокалистер – Абзалбек Максим, Ержан Саипов, Қазыбек Досмұхамбетов, Азат Мәлік, Алмат Ізбамбетов, Ақылбек Табынбаев, Руслан Совет және т.б. бар.

 

Концертке тамаша аспапшылар – Балжан Сапарова (флейта), Кенжегүл Мұсаева (қобыз), Курванжан Ахатов (виолончель) және скрипкашылар ансамблі қатысады.

– Камералық залдың сахнасы киіз үйге айналып, ал әрбір өнер көрсетуші әртіс өз шығармасын Наурыз мейрамына арнай келген құтты қонақ болады деп күтілуде. Кеш басында біз көктемді қарсы аламыз, кейін тенорлар шеруі Н.Тілендиевтің «Жан сәуле» әнін, «Дударай» халық әнін ұсынады. Әртістер арасындағы үздік орындау үшін вокалдық сайыс – айтысты әзірледік. Көп ұлтты мемлекетіміздің барлық ұлттары Наурызды атап өтеді, сондықтан концерт бағдарламасына махаббат пен көктем тақырыбы қозғалған түрлі вокалдық және аспаптық өнер жауһарларын енгізуді жөн деп санадық, – деді халықаралық байқаулардың лауреаты, фортепиано партиясын орындаушы Раушан Бескемпірова.

 

Әртістер барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Қазақстан халқының жылулық пен жаңарудың нышанына айналған Наурызды асыға күтетінін атап өтті.

 

– Осынау жайма-шуақ мерекенің келуімен жан-дүниеміз елжірей бастайды, терең тыныстап, сүюді қалаймыз, өнерімізді одан әрі асқақтатқымыз келеді. Ең бастысы, бәріміз аман болайық, бақытты болайық, – деп бөлісті солист Малика Минизини.

Еске салар болсақ, 2001 жылдан бастап Қазақстанда Наурыз мемлекеттік мейрамға айналды, ал 2009 жылдан бастап үш күн қатарынан – 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі.

Концерттің басталуы сағат 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры