«Астана Опера» театры бір күнге сайлау учаскесіне айналды

9 маусым күні «Астана Опера» театрында орналасқан №115 сайлау учаскесіне елордалық 2500 тұрғын дауыс беруге келді. Олардың қатарында қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та болды. Сондай-ақ сайлаушылар арасынан ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Бақытжан Сағынтаев бой көрсетті.

Бұл күні театрда сайлауды қадағалайтын шамамен 20 халықаралық бақылаушы – АҚШ, Бразилия, Ұлыбритания, Нидерланды, Франция, Германия, Австрия, Болгария, Венгрия, Грекия, Чехия, Словакия, Литва, Латвия, ШЫҰ халықаралық ұйымынан келген депутаттар, саясаттанушылар, сарапшылар болды.

«Астана Опера» ашық театрлық алаңында мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Е.Хасанғалиевтің «Атамекен», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастар» көрінісі, халық әні «Назқоңыр», Абайдың «Көзімнің қарасы», Л.Хамидидің «Бұлбұл», қазақ әндерінен поппури тәрізді патриоттық әрі мерекелік әндердің орындалуы ерекше көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ баршаға таныс опералардан ариялар мен шетел композиторларының танымал әндері, оның ішінде Дж.Вердидің «Риголетто» операсынан Герцогтың әні, Дж.Пуччинидің «Джанни Скикки» операсынан Лауреттаның ариясы, Л.Денцаның «На качелях», Э. ди Капуаның «O sole mio», Л.Делибтің «Испан әні», К.Веласкестің «Bésame mucho», А.Зацепиннің «Весенние голоса», «Лунная серенада», А.Бабаджанянның «Ноктюрн», М.Магомаевтың «Синяя вечность» әндері шырқалды.

Театрдың тамаша вокалистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Татьяна Вицинская, Мәдина Исламова, Әсем Сембина, Рамзат Балакишиев, Шыңғыс Расылхан, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Ержан Саипов, Руслан Совет, Нұрлан Шауаханов, сонымен қатар «Астана Опера» камералық оркестрі мен хоры өз өнерлерін паш етті; бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Елорда тұрғындары сайлауға өте белсенді қатысты, таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін сайлаушылар кандидаттарға өз дауыстарын берді. №115 учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ләззат Таукенова осы сайлауға бірінші рет қатысқан 18 жасқа жаңа толған сайлаушыларға, сондай-ақ сайлаумен тұспа-тұс келген туған күн иелеріне шағын сыйлықтар түрінде тосынсый әзірленгенін атап өтті.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры