Шығармашылық достықта шек жоқ

Танымал қазақстандық скрипкашы, «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен керемет скрипкашы әрі дирижер Эльдар Нагиев (Ресей – Португалия) «Музыкалық қиылыс» топтамасынан концерт ұсынбақ. Кеш 13 қаңтар күні театрдың Камералық залында «Астана Опера» Камералық оркестрінің қатысуымен өтеді.

Эльдар Нагиев – халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы, В.Я.Янковский атындағы Новосібір жасөспірімдер симфониялық оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, Новосібір опера және балет театрының оркестр солисі және дирижердің ассистенті. Н.А.Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясын тамамдаған, Грац Музыка университетінде (Австрия) және Венадағы Музыкалық университетте тағылымдамадан өткен, сондай-ақ Новосібір консерваториясында «Симфониялық дирижерлеу» мамандығы бойынша білім алған. Ол Д.Ф.Ойстрахтың атақты скрипка мектебінің ізбасары, әйгілі педагог Ольга Владимировна Марченконың шәкірті. Қазіргі таңда Эльдар Нагиев әлем бойынша концерттерімен өнер көрсетіп жүр.

Осы кеште жеке партияларды танымал қазақстандық музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ермек Құрманаев (виолончель) пен Евгения Құрманаева (скрипка) орындайды. Клавесин партиясында – Анар Камельдинова.

Концерт бағдарламасына А.Вивальдидің оркестрмен үш скрипкаға арналған концерті, И.С.Бахтың оркестрмен екі скрипкаға арналған концерті, В.А.Моцарттың ішекті аспаптар квартетіне арналған дивертисменті, №5 оркестрмен скрипкаға арналған концерттің бірінші бөлімі, альт пен скрипкаға арналған концерттік симфонияның бірінші бөлімі (альт партиясын виолончельде Е.Құрманаева орындайды), А.Дворжактың ішекті аспаптар оркестріне арналған серенадасы, И.Фроловтың дивертисменті және т.б. әлемдік классика жауһарлары енген.

– «Музыкалық қиылыс» жобасының негізгі идеясы – оркестр солисінің шығармашылық өмірінің қаншалықты қызық, қиын әрі бай екенін көрсету болып табылады. Музыканттар театрдың опера, балет және симфониялық репертуарын түгел орындап қана қоймайды, сонымен бірге жеке нөмірлермен сахнаға шығып, түрлі аспаптық ансамбльдер құрамында өнер көрсетеді. Досымыз Эльдар Нагиев барлық осы қасиеттерді бойына біріктірумен қатар, дирижерлік мансабын да сәтті атқарып келеді. Осынау музыкалық кеште керемет музыканттың шебер ойынын тамашалау үшін барша тыңдармандарымызды концертке шақырамыз, – деп атап өтті Бағдат Әбілханов.

Концерттің басталуы сағат 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры