Евгений Чайниковтың «Жасырын некесі»

 «Астана Опера» театрының солисі Евгений Чайников Барселонадағы испандық Театр де Саррия сахнасында зор табыспен өнер көрсетті. Танымал музыкалық дирижер, тенор әрі педагог Рауль Хименестің жетекшілігімен композитор Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» (Il matrimonio segreto) операсы Барселонаның театрлық камералық маусымын тамамдады.

Евгений Чайниковке Қазақстанды, «Астана Опера» театрын талғампаз испан жұртшылығы алдында таныту мүмкіндігі бұйырды. Отандық әртістердің мұндай өнер көрсетулері заманауи қазақстандық мәдениетті әлемдік кеңістікте ілгерітеді әрі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жоспарларының бір бөлігі болып табылады.

«Астана Опера» театрының солисі Евгений Чайников қызуқанды испан жұртшылығының ғана емес, беделді опералық журналдарда тамсана пікірлер жазған қатал сыншылардың да жүрегін жаулап алды.

– Евгений Чайниковтың әдемі бас-баритон дауысы ерекше назарға лайық. Әнші өзін граф Робинсонның сәтті орындаушысы ретінде көрсетті. Актерлік тұрғыдан күлдіргі партия шын мәнінде қызықты болды әрі әртіс оны вокалдық жағынан тамаша орындап шықты, – деп атап өтті танымал әлемдік Opera Actual басылымының музыкатанушысы.

– Сахнада жеңіл әрі кербездікпен қозғалған бас-баритон Евгений Чайников спектакльдің сән-салтанатын келтірді, ол өз кейіпкерін залда отырғандардың сенімін баурап алатындай деңгейде орындап шықты, – деді Platea magazine журналисі Роджер Альер.

– Испандық өнерсүйер қауым мені өте жылы қабылдады. «Жасырын неке» операсының сюжеті жақында ғана театрымызда тұсаукесері өткен «Жібек сатының» оқиға желісіне ұқсас. Либреттоға сәйкес, менің кейіпкерім апалы-сіңлілі екі қыздың бірін қалыңдық етіп алуға келеді. Операдағы басты кейіпкерлердің басынан өткен қызықты оқиғаларының бәрі жақсылықпен аяқталады. Испан сахнасында 5 спектакль орындадым. Әртістер құрамы түрлі ұлт өкілдерінен құралған, әріптестерім ең керемет шеберліктерін паш етіп, тамаша вокалдық қабілеттерін көрсетуге тырысты. Бұл бәріміз үшін үлкен тәжірибе болды: ән айту негіздерін ұштау, стильді ерекшелеу, сонымен қатар тілдік тәжірибе. Оркестрлік және сахналық дайындықтарда маэстромен бірге көп жұмыс жасадық. Түпдеректен алған жаңа білім мен ақпаратты туған сахнама, өз көрерменіме алып келемін деп мақтанышпен айта аламын. Біздің көрермен сапалы кәсіби орындаушылықтан ләззат ала алады. Гастроль кезінде түрлі елдерден келген әріптестеріміздің мәдениетімен таныса отырып, тәжірибе алмасамыз әрі өз партиямызды орындау кезінде пайдалану үшін суретші сияқты барлық бояуларды жинаймыз, – деп бөлісті Евгений Чайников.

Евгений Чайниковтың ауқымды репертуары Дж.Россинидің «Жібек саты» камералық операсынан бастап, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» ұлттық опера жауһарындағы күрделі Жиренше партиясына дейінгі туындылардан құралған.

«Жасырын неке» – тұсауы кесілген соң бірден табысқа кенелген ең үздік опера-буффалардың бірі. Бұл шығарма біздің ғасырымызда да тыңдаушысын тапқан Чимарозаның алпыс бес операсының бірі болып қала бермек. Бұл – опера тарихындағы ең әйгілі бистердің бірі болғаны туралы деректер бар, себебі 1792 жылдың 7 ақпанындағы премьера кезінде император II Леопольдқа спектакльдің ұнағаны соншалық, қойылымнан кейін әртістердің барлық құрамы оны патшаның сарайында қайта сахналаған.

«Астана Опера» әртістері тұрақты түрде шетелде өнер көрсету үшін шақырылатынын атап өткен жөн, олардың қатарында Еуропада гастрольмен белсенді өнер көрсетіп жүрген Сүндет Байғожин де бар. Ол жақын арада Италияда Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсында Шарплес партиясын орындамақ. Қазақстандық әнші Медет Чотабаевты Италиядан бастап Бразилияға дейінгі көрермен қауым жақсы көреді, ол жақта өнерпаз П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Ленский партиясын қоса, көптеген партияларды тамаша орындап шыққан. Майра Мұхамедқызы, Жаннат Бақтай, Салтанат Ахметова, Дина Хамзина, сондай-ақ жақында ғана Дж.Вердидің «Аттила» операсында заманымыздың көрнекті басы И.Абдразаковпен бірге Одабелла партиясымен уфалық көрермен алдына шыққан Жұпар Ғабдуллина сияқты отандық орындаушылардың әйгілі есімдері мен «Астана Операның» көптеген өзге де әртістерінің есімдері күллі әлемдегі театрлар афишасының сәнін келтіруде.

Әлемнің әйгілі театрларындағы премьералық спектакльдерде өнер көрсету үшін елордалық театр солистері тұрақты түрде шақырылуда. Мысалы, «Астана Опера» әртістері халықаралық құраммен бірге итальяндық Карло Феличе театрында Дж.Пуччинидің «Богема» спектаклінің барлық қойылымдық үрдісінде қатысқан. Қазақстандық солистер осы атақты операда алғаш рет 6 басты партияны орындаған, сонымен қатар Л.Бетховеннің №9 симфониясына қатысқан. Жас әншілер шетелдік көрерменді өздерінің вокалдық мүмкіндіктерімен, жалынды актерлік әрі әртістік шеберлігімен тамсандырған. Олар режиссерлік тұжырымдаманы дәл жеткізіп қана қоймай, спектакльдегі қаһармандардың бейнесіне күтпеген әрі қызықты өзгешеліктерін енгізе отырып, көркейте түскен, нәтижесінде бұл ерекшеліктер барлық шетелдік құрамдардың партияларды орындау барысына қосылған.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры