Жаңа тәжірибемен белестерге шығу

«Астана Операның» жетінші театр маусымы жарқын концерттерге, қызықты бағдарламалар мен ғаламат премьераларға толы. Елордалық театрдың ауқымды жобаларына қатысу асқақ шеберлікпен қоса, үнемі өздігінен даму мен шыңдалуды қажет етеді.

«Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары – батыл идеяларды жүзеге асырып, биік шыңдарды бағындыру жолында қажымас ерік-жігер танытатын адамдардың жарқын мысалы.

 

Фархад Булатов, Радмир Мадьяров, Алмас Сағымбаев пен Қайрат Егімбаев тромбоншылардың «Астробоны» атты ансамблін құрған, ұжым атауын енді тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ Сан Марино Республикасы да білетін болады. Мұның бәрі әртістердің ҚР Тұңғыш Президенті Қорының конкурстық бағдарламасындағы сәтті жеңісінен басталды. Елбасы Қорының Трэвел-гранты қазақстандық музыканттарға «San Marino International Music Courses — New Music Project» заманауи музыканың жыл сайынғы шеберлік сабағына қатысуға мүмкіндік берді.

 

Осынау беделді шеберлік сабағына қатысу әркімнің қолынан келе бермейді. Қатал конкурстық іріктеуден өту қажет. Үміткерлер алдын ала өздерінің түйіндемелері мен бейнежазбаларын жолдайды. Әрбір ұстаз өзіне саны алтыдан аспайтын музыканттарды таңдап, солармен жұмыс жасайды. Біздің жігіттерге әлемге әйгілі педагог, композитор, профессор және тромбонға арналған заманауи музыканы дәріптеуші Джон Кеннимен бірге жұмыс жасау мәртебесі бұйырды.

 

Барлық алған білім-дағдылар, жинақталған жаңа тәжірибе мен ұстаздардың нұсқаулары қазақстандық тромбоншыларға шабыт беріп, олар Сан Маринода ашық аспан астында жеке концерттерін ұсынды. Бірі «Cesta» мұнарасының жанында, екінші – «Күн шығыстағы концерт» Сан Мариноның ең көне базиликасында орын алды. Тромбондағы шебер ойыны үшін алғыс ретінде «Астробоны» ансамбліне еуропалық көрермен мен асқақ өнерді бағалаушылар ыстық ықыластарын білдіріп, қошемет көрсетті.

– «San Marino International Music Courses – New Music Project» шеберлік сабағына барып қатысу – біз үшін нағыз жаңалық болды. Сапарымыздың басында, бағдарламаны дайындау барысында, біз, негізінен, шеберлік сабақтар ансамбльде орындаудың техникалық тұрғысындағы білім-білікті береді, яғни ұстаз бірлескен дайындықтарды барынша қалай тиімді ұйымдастыру, «ансамбльде» қалай дәл ойнау, репертуарды қалайша байыту керектігі туралы кеңес береді деп есептедік. Бірақ аталмыш сапарымыз, әсіресе Джон Кеннимен бірге жұмыс жасау ерекше болды – тұтастай алғанда ансамбльдік ойын мен заманауи музыка туралы ой-өрісімізді кеңейткен орасан зор ақыл-парасатқа толы оқиға болды, – деп өз әсерімен бөлісті Фархад Булатов.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры