«Астана Операның» сібір фестиваліне қатысуын асыл таспен теңестірді

«Астана Опера» театрының труппасы Дмитрий Хворостовский атындағы бірінші халықаралық фестивальде қазақстандық өнерді жоғары деңгейде паш етті. Фестиваль Красноярскте – Кача мен алып Енисей өзендерінің аралығында орын тепкен Ресейдің қақ ортасында өтті. Екі күн, 23 және 25 қазан көрермен қауым театр әртістерін П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсында ду қол шапалақпен қарсы алып, зор қошеметпен шығарып салса, ал 24 қазанда қазақстандық шығармашылық ұжымның бірегей симфониялық бағдарламасын ыстық ықыласпен қабыл алды.

«Евгений Онегин» операсы мен «Астана Операның» симфониялық концерті Д.А.Хворостовский атындағы Красноярск опера және балет театры мен өлкелік филармонияда орындалды. Осынау сахналар әншінің шығармашылық өмірбаянымен тығыз байланысты. Дәл осы жерде оның ең алғашқы әрі соңғы өнер көрсетуі орын алған еді.

Ресейлік көрермен танымал итальяндық режиссер Давиде Ливермордың қойылымындағы әлемдік өнер жауһары – «Евгений Онегин» операсын лайықты деңгейде бағалады. Бұл опера – Ресейдегі ең репертуарлық қойылымдардың бірі екені түсінікті, сондықтан онымен тыңдарманды таңдандыру қиын. Бірақ «Астана Опера» спектаклінің бірегейлігі – қоюшының орыс классикасын басқа қырынан пайымдап сахналаудың ерекше көзқарасында жатыр.

Осылайша, спектакльде жаңа кейіпкер – өзінің жастық шағындағы естеліктерін қайта басынан өткерген егде жастағы Татьяна пайда болды. Ол өз өмірін табыспаған махаббат қайғысынан босатқысы келетінін аңғару қиын емес: ол жаңа ғана махаббат пен азаптың дәмін татқан жастық шақ сәттеріндегі өзін көрді. Д.Ливермордың пікірінше, соңына дейін бастан өткерілмеген оқиға Татьянаның өмірінің соңғы жолында оның жанына тосқауыл болуы мүмкін, ал осы жолға ол жер бетіне тән дүниелерді бұл жалғанда қалдырып, жеңіл аттануы қажет. Осылайша, барлық опера Татьянаның қиялдары арқылы ұсынылған.

Жас, арманшыл, Онегинге ғашық Татьянаның партиясын екі күн бойы Айгүл Ниязова орындады, ол мақтауға тұрарлық, себебі сопрано керемет мінсіз шырқады. Әнші әркімге берілген мүмкіндіктерден де ұзағырақ бір демде фраза ұстай алады. Актерлік тұрғыдан бәрі дәл жасалды, Айгүл ұяң қыздың аңқаулығы мен жеңілдігін де, жаны дүниесі есейген бекзат әйелдің де бейнесін терең түсініп, керемет жеткізді. Оның сахна төріндегі серіктері – жеңіл мінезді бейқам жас жігіт Онегин партиясын орындаушылар – Талғат Мұсабаев пен Сүндет Байғожин болды. Қос әртіс ұмытылмас әсер қалдырды: тамаша тембр иелері өмірінде біржола сүю дегенді білмейтін өзімшіл бейнесін жасай алды, сонымен қатар вокалистер жоғарғы, төменгі ноталарды керемет шырқата алды. Талғат Мұсабаевқа оның әлемнің түрлі сахналарында осы бейнені сомдаудағы мол тәжірибесі көмектесті. Әншінің өнеріне Үлкен театрға (Ресей) жиналған қауым қошемет көрсеткен, айтар болсақ, Онегинді ол Красноярск опера және балет театры сахнасында бұрын орындаған еді. «Астана Операның» жетекші солисі Сүндет Байғожин үшін бұл өнер көрсету ерекше жауапты болғанын айта кеткен жөн, себебі әртіс осы партияда алғаш рет сахнаға шықты. Әнші керемет вокалын паш етті, осы кеште оған тең келер ешкім болмады, сірә.

Германиядан келген он сегіз жасар ақын Ленскийдің рөлінде әр күндері Жан Тапин мен Медет Чотабаев жарқырады. Вокалистердің кейіпкерлеріне деген жеке қарым-қатынасы жүректі тулатқан, тебіренткен лиризмге негіз болды, әртістер партияны бастан аяқ сыршылдыққа толтырды. Ольганың рөлін әсем де терең меццо-сопрано иелері Татьяна Вицинская мен Дина Хамзина сомдады. Солистердің дауыстары дыбысталуы әрі мәнерлігі жағынан ғажайып болды. Д.Хворостовскийге арналған фестивальге қатысу ДинаХамзина үшін ерекше мәнді, себебі ол атақты әншінің өзімен таныс еді, тіпті одан шеберлік сабақтарын да алған.

Әртістер өз партияларын шеберлікпен орындап шықты: Ларина – Гүлжанат Сапақова, Маргарита Дворецкая, Күтуші – Салтанат Мұратбекова, Гремин – Барсег Туманян, Евгений Чайников,   Рота бастығы – Шыңғыс Расылхан, Мағжан Аманжолов. Зарецкий – Жанат Шыбықбаев мен Ержан Саипов, Трике – Рамзат Балакишиев пен Бейімбет Таңарықов.

Залдағы көрермендердің сүйіктісіне айналған Пушкин оқиғасы 3D әсерлермен толықтырылған ауқымды декорациялар аясында орын алды. Сахна кеңістігіне нұр шашқан адам нанғысыз көлемге ие хрусталь люстра жұртшылықтың таңғалысын тудырды. Әлбетте, костюмдер бойынша суретшілер Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың жұмысы да ерекше құрметке лайық. Олар сол дәуірдің стилін керемет жеткізе білген. Үлде мен бүлдеге оранған нәзік те кербез ханымдар, фрак киген ерлер шалғай қалған әрі сондай романтикалық XIX ғасырдың ахуалын танытып тұрды. 

П.Чайковскийдің күрделі музыкасын жеткізе орындай білген «Астана Опера» симфониялық оркестріне ерекше жүк артылды. Бұл ретте бірегей дирижер Алан Бөрібаевтың еңбегі зор, оның дарынына ең танымал әрі күнімізде сұранысқа ие маэстролардың өзі қайран қалады. Музыканттың ерекше қабілеті симфониялық оркестрдегі әрбір әртістің жүрегіне жол тауып, тыңдармандарға ұлы композитордың ғажап музыкасын жеткізе білуінде. Ол жүзге жуық музыкантты бір деммен жұмыс жасатып, көрермен қауымға терең эмоциялар сыйлады. Қуатты көпшілік хор сахналары көріністі болып қана қоймай, жоғары вокалдық әрі кәсіби деңгейде орындалды, ал оған жетекшілік еткен Ержан Дәуітов.

«Браво» деген дауыстар – кез келген өнер көрсетуге берілген ең үздік баға, ұзақ уақыт бойы толастамаған осындай үздіксіз қошеметке қарағанда, «Астана Опера» труппасы красноярлық өнерсүйер қауымның жүрегінен орын таба алды.

– «Астана Опера» театрының Д.Хворостовскийге арналған фестивальге қатысуы – ең үлкен жетістік әрі жеңіс. Өзің бірнеше рет өнер көрсеткен спектакльді тыңдау мен көру бір басқа, ал бір сәтке де көңіл айырмай ден қойып, өнерден керемет ләззат алу – ең қуантатыны осы, міне, мұны біз жетістік дейміз. Сіздер тамаша жұмыс жасағансыздар. Осы спектакльді тамашалап, жетістіктеріңіздің куәгері болғаным үшін өте қуаныштымын. Қойылымды құраған барлық дүниелер жарасым тауып, залға шабыт берді. Көрермен қауым бір адамдай орнынан дүре түрегеліп, қошемет көрсетті, мұндай сәт жиі бола бермейді, көрерменді алдмау мүмкін емес. Тек қана алға ұмтыла беріңдер, – деді Сергей Лейферкус, көрнекті опера әншісі, РКФСР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.  

– «Астана Операға» алғысым шексіз, спектакльден керемет әсер алдым. «Евгений Онегин» – бізге бала күнімізден таныс туынды, оны түрлі театрлар мен елдерде талай рет көрдім, алайда бүгін аталмыш спектакльге мүлде басқа қырынан қарадым, себебі бұл нағыз өнер еді. Хворостовскийдің фестиваліне жасаған баға жетпес сыйларыңыз бен көрерменге ұсынған тартуларыңыз үшін көп рахмет, – деп атап өтті Красноярск өлкесінің мәдениет министрі Аркадий Зинов.   

– Бұл фестиваль басталғалы 2 апта өтті, мен ешбір өнер көрсетуді қалт жібермеуге тырысамын. «Астана Опера» шығармашылық ұжымының қатысуын сеніммен осы музыка мерекесіндегі асыл тасқа балаймын. Онегин партиясын орындаушы Сүндет Байғожин өзінің жоғары вокалдық шеберлігі және әртістік тапқырлығымен таңғалдырды. Біз сіздердің өнерлеріңізді тамашалауға әрқашан дайынбыз, жиірек келіп тұрыңыздар, – деп өз әсерімен бөлісті Красноярск тұрғыны Петр Даниленко.  

– Алған әсеріміз тамаша. Татьянаның партиясын орындаушы даусын керемет меңгерген, сахналық көріктілігі көз тартады, музыкалық қабілеті асқақ, бұл көрермен көзіне өте жағымды. Талғат Мұсабаевтың орындауындағы Онегинді қатты ұнаттым, әртістің жақсы мектептен өткені сезіліп тұрды.  Греминдер балы ғажайып безендірілген, – деді Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Герман Ефремов.        

– Бұл қала болып асыға күткен маңызды оқиғалардың бірі. Красноярск опера және балет театрының сахнасында мінсіз солистер құрамының қатысуымен әрі жұмсақ, нәзік естіліп, солистердің даусына үстемдік етпей, қайта жәрдемдесіп отыратын осындай таңғалдырарлық оркестрдің сүйемелдеуімен «Евгений Онегин» операсының ауқымды да мазмұнды қойылымын көріп отырғанымыз керемет дүние. Оркестр көрнекті дирижер Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетті. Осындай дарынды дирижері бар «Астана Опера» театрының бағы бес елі. Дәл осындай қойылымды алғаш көруім, ол еліктірді де таңғалдырды. Хор ғажайып, – деп атап өтті Михаил Мосенков, Красноярск академиялық симфониялық оркестрінің дирижері.   

– Спектакль бұл – күрделі ағза. Музыка басты орын алатын қойылымға келгеніміз үшін қуаныштымын. Тілі тамаша, әрбір сөзі естіліп тұрды, орындау мәдениеті керемет. Қызықты элементтері бар классикалық қойылым, біз – көрермендер оқиғалар желісіне еніп, кейіпкерлердің қайғысы мен сезімдерін бірге бөлістік. Маған қатты ұнады. Ғажайып оркестр – біртұтас дүние сияқты шарықтады, Татьянаның хаты көрінісіндегі әйгілі валторналық соло өте жақсы орындалды, – деп бөлісті Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, пианист Лариса Маркосян.

– Біз Қазақстанмен бұрыннан әріптестікте жұмыс жасап келеміз. Біздің театр сахнасындағы соңғы қойылымдарда өнер көрсеткен сопрано Жұпар Ғабдуллинаны және Онегиннің басты партиясын орындаған керемет баритон – Талғат Мұсабаевты атап өтсек болады. Сіздердің әртістеріңіз көптеген беделді сыйлықтарға ие болып жүргенін білеміз. «Астана Опера» театрының репертуары айтарлықтай ауқымды, бұл шын мәнінде таңғалдырады. Біздің ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасын табады деген ойдамын, – деді Д.А.Хворостовский атындағы Красноярск опера және балет театрының директоры Светлана Гузий.  

– Мен баяғыдан бері сіздердің театрларыңыз туралы көптеген керемет пікірлерді естіп келемін. Мен үшін ұжымдарыңыздағы хор мен оркестрдің өнер көрсетуі, маэстроның шеберлігі үлкен жаңалық болды. Хор таңғажайып орындады, ұзақ уақыт бойы хордың, оркестрдің әуенінен мұндай ләззат алмаған болармын. Әртістердің құрамы тамаша, барлықтарыңызға үлкен рахмет, ұзақ уақыт бойы өнер көрсете беруді тілеймін, – деген ізгі ниетін білдірді  Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Вера Баранова.

– Красноярск жерінде өзімнің жерлестерімді көргеніме өте қуаныштымын. Қойылым ауқымды әрі қызықты. Айрықша декорациялар мән-мағыналарды, ішкі тармақтарды ойлауға және іздеуге мәжбүр етеді, – деп атап өтті Татьяна Карамышева. 

– «Евгений Онегин» өте терең, ерекше жеткізілген. Татьяна өмірінің барлық кезеңдері көз алдыңнан өтеді.  Айгүл Ниязова теңдессіз әртіс, сондай сұлу, талғампаз, оның қолынан барлығы келеді, дауысы да керемет. Тұтастай барлығы да таңдандырды, – деді  Наталья Горелова. 

24 қазанда өлкелік филармония сахнасында «Астана Опера» әртістері екі бөлімнен тұратын симфониялық музыка концертін үлкен жетістікпен ұсынды. 

 

Кеш концертке ерекше сыр берген Еркеғали Рахмадиевтің әйгілі туындысы «Мерекелік кантатасын» орындаумен ашылды. «Астана Опера» симфониялық оркестрінің, Руслан Баймурзиннің (домбыра) және Саджана Мурзалиеваның (қобыз) орындауында шырқалған Төлеген Мұхамеджановтың «Туған жер» атты тамаша шығармасымен жалғасты. Ресейлік көрермен қауым Ақтоты Райымқұлованың «Аспан көші» жаңа балетінен Адажиомен танысып, лайықты бағасын берді. Тыңдармандардың назарына сондай-ақ, П.И.Чайковский атындағы X халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты, дарынды скрипкашы Ақбике Алғидың интерпретациясында Ғазиза Жұбанованың Оркестр мен скрипкаға арналған концертінің ІІІ бөлімі ұсынылды. Рахат-Би Абдысагинның «Өмірге құштарлық» туындысы биске орындалды, жеке партияны ұсынған Лев Винокур. Бұл өнер көрсетуді музыканттар Д.Хворостовскийдің рухына бағыштады. Бірінші бөлім зор қошеметпен Тілес Қажығалиевтың «Қыз қуу» туындысымен аяқталды.

Кештің екінші бөлімінде композитордың алдағы 250 жылдығына арналған Людвиг ван Бетховеннің даналық тұнған Оркестр мен фортепианоға арналған концерті, № 5 ми-бемоль мажор, ор.73 шырқалды. Бұл жауһар туындыны музыканттар пианист Лев Винокурмен (Ресей-Германия) әріптестікте орындады.

– Красноярск өлкелік филармониясы – Ресейдегі Оралдың ар жағындағы ең ірі музыкалық кластер. Жыл сайын бізге шамамен 300 мыңдай көрермен келеді. Ресейдің музыкалық картасындағы орнымыз айқын, бізде ең үздік аспапшылар мен дирижерлер өнер көрсетеді, мұнда мәдени өмір қайнап жатыр. Бүгінгі кеште мен үшін Рахат-Би Абдысагинның «Өмірге құштарлық» шығармасы жаңалық болды. Өте сәтті таңдалған композиция деп білемін, ол концерттің сәнін келтірді әрі онда опералық сахнамыздың алыбы болған Хворостовскийге тән рухтылық жатыр. Онымен осы музыканың арасында өте керемет музыкалық рух байланысы бар, – деп сөзін қорытындылады Красноярск өлкелік филармониясының директоры Евгений Стодушный.           

– Концерт жарқын, таңғажайып көркем әсер қалдырды. Дирижерге үлкен рахмет. Қазақ ұлттық музыкасының тарихын, дыбыстық көрінісін сипаттауға мүмкіндік беретін бағдарламаның тұжырымдамасы өте мұқият ойластырылған. Екінші бөлім де өте көңілге қонымды болып шыққан. Осы тұрғыдан алғанда тамаша солист Лев Винокурмен бірге орындалған Бетховеннің академиялық концерті ғажап құбылыс болды. Оркестр барлығына үлкен сезімталдықпен қарап, ерекшелене түсті. Ол шеберліктің жоғары деңгейін меңгерген. Ұлттық музыканы таныту үшін арнайы бағдарлама ұсынғандарыңызға алғысымды білдіремін, бұл сіздердің қайда барсаңыздар да оны сол жерде насихаттап, өз мәдениетіңізді қалай жоғары бағалайтындарыңызды көрсетті. Сондай біртума жас композитор Рахат-Би оркестрлеуді керемет меңгерген. Ол өмірді сезінуді жеткізу жолдарын таба алған. Оған болашақта үлкен табыстар тілегім келеді. Ақбике Алғи үлкен әсер қалдырды, ол дыбыс ырғағын тереңінен тыңдап, өзі орындаған музыканы жете түсінеді. Мен бұл скрипкашының көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты атануы кездейсоқ емес деп ойлаймын, ол өзінің өнер көрсетуі арқылы көптеген марапаттауларын дәлелдей алды, – деп өнерін бағалады өнертану ғылымдарының докторы, профессор, Красноярск музыка және театр академиясының музыка тарихы кафедрасының меңгерушісі Людмила Гаврилова. 

– Барлығы да біздің көңілімізден шықты. Ғажайып музыка, тамаша дирижер, кәсіби аспапшылар. Қазақстанның музыкалық шығармашылығымен мен бұрыннан таныспын, себебі көп жыл бұрын Дмитриймен бірге сіздің еліңізде болғанмын, – деді Флоранс Хворостовская.        

Д.Н.Хворостовский атындағы Красноярск опера және балет театрының труппасы 29 қарашада А.Глазуновтың «Раймонда» балетімен және 1 желтоқсанда А.Бородиннің әйгілі «Князь Игорь» операсымен «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында кері гастролдерімен өнер көрсететінін атап өткен жөн.

Фестиваль аясында «Астана Опера» театрынан бөлек Красноярскте өзінің жеке бағдарламасын ұсынған қазіргі замандағы ең үздік тенорлардың бірі Хуан Диего Флорес (тенор, Перу/Австрия) және тағы басқа опера сахнасының көптеген жұлдыздары өнер көрсеткенін естеріңізге саламыз. Фестиваль бүкіл әлемге танымал сопрано Анджела Георгиудің мерекелік концертімен аяқталады және Сергей Лейферкус концерттің арнайы қонағы болмақ.

«Астана Опера» театрының дирекциясы фестивальді ұйымдастырушылар, қала әкімшілігі, Красноярск өлкесінің Мәдениет министрлігі, Д.А.Хворостовский атындағы Красноярск опера және балет театры мен өлкелік филармония басшылығына шексіз алғысын білдіріп, ресейлік өнерсүйер қауымға ыстық ықыласпен қабылдағаны үшін рахметін айтты. 

Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

 

Фотограф Руслан Максимов/Культура24 

Фотограф Александр Паниотов/Культура24

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры