Елордалық премьера: қуыршақ ойнайтын адамдар

«Адамдарға ұқсас қуыршақтардың» махаббат пен алдану оқиғасы ұлы хореограф Ролан Петиді «Коппелия» балетін жасауға шабыттандырды. Осынау өнер түрі үшін сирек кездесетін комедия жанры ересектердің де, балалардың да көңілінен шығады. Премьера қарашаның 22, 23 күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің көмегімен «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында көпшілік назарына ұсынылады.

Елордалық театрда қойылымды сахналауға балет труппасының көркемдік жетекшісі Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова бастамашылық етті.

Спектакльге дейін бір ай бұрын қазақстандық труппамен жұмыс жасау үшін итальяндық балетмейстер Луиджи Бонино келді. Ол 1975 жылы Марсель балетіндегі премьерада басты Коппелиус партиясын орындаған, ал қоюшы Ролан Петидің өзі осынау партияда сахна төріне 73 жасына дейін шыққан.

Ұлы шебердің қойылымындағы «Коппелия» балетінің ерекшелігі неде деген сұраққа Луиджи Бонино «ол жаңа әрі өзекті, Ролан Пети оны тек кеше ғана жасаған сияқты» деп жауап берді.

– Хореограф қойылымда соңғы ғасырда пайдаланылған барлық ескірген «заттарды» алып тастады. Әдетте, профессор Коппелиусты қарт кісі ретінде бейнелейді, ал бұл жерде Ролан Пети оны сырбаз, сүйкімді әрі нағыз заманауи адам етіп көрсетті. Қуыршақ Коппелия – ойыншық жасаудың хас шебері Коппелиустың жақсы көретін сұлу да сылқым Сванильдасына ұқсас бейне ғана. Алайда ол соңында жаралы жүрегімен қоса, еденде қақ айырылған қуыршағымен жалғыз қалады. Маған бұл кейіпкер ұнайды, себебі ол әсершіл, мықты, тартымды, барлық қыз-келіншектердің жүрегін жаулағысы келеді. Осындай рөлдерді орындау қиынға соғады, сол жағынан да мені қызықтырды. Ролан Петиден кейін бұл партияны орындау оңай емес, себебі ол осынау бейнеде керемет әрі бірегей еді. Маэстро маған Коппелиус рөлінде өнер көрсетуге ұсыныс білдірген кезде, мен «жоқ» деп кесіп айттым, себебі екеуміз мүлдем бөлек жандар едік. Ол – бойшаң, мен – аласа бойлы. Дегенмен де, Пети мені көндіре алды. Мен оның хореографиясын қолдандым, бірақ өз сезімімді, өз тұлғамды қостым. Енді «Астана Опера» солистерінен де соны талап ететін боламын. Ауқымды жұмысты бірге атқарып келеміз: әрбір қимыл-қозғалысты мағынасын түсіндіремін, содан кейін ғана өз эмоцияларын, өз тұлғаларын «суырып шығаруларын» сұраймын, себебі олар марионетка қуыршақтарға ұқсамауы тиіс, – деп бөлісті балетмейстер.

Ролан Пети аталмыш балетте твист пен классикалық биді біріктіргені белгілі, яғни бұл осы өнердегі жаңашылдық болды. Луиджи Бониноның пікірінше, хореограф әрдайым өз спектакльдеріне әзілдің «бір шөкімін» қосып отырған, бұл түрлі стильдерді біріктіру арқылы іске асқан, бірақ техникасына қатысты айтар болсақ, «Коппелия» тұтастай классикалық спектакль болып қала бермек.

Кез келген қойылым сияқты, бұл балеттің де өзіндік қиындықтары бар. Олар, ең алдымен, жылдам хореографиямен, әсіресе, бірінші классикалық вариациядағы балериналар үшін шапшаңдығымен байланысты.

– Коппелия партиясының орындаушысы үшін де өзіндік қиындықтар бар, оның қимыл-қозғалыстарының аз болуына қарамастан, көп әзіл көрсетуі тиіс. Барлық кордебалет әртістерінің алдында да осы міндет тұр. Мұның бәрі күрделі, себебі мұнда асыра сілтемеу маңызды, сөйте тұра ұшқын атқан осынау француз әзілін көрсете білу қажет. Яғни әртістер әзілдің сапасы ұғымын түсінуі қажет: тым көп те емес, тым аз да емес, – деп қосты Л.Бонино.  

Жарқын би нөмірлері, қызықты махаббат хикаясы, зілсіз әзіл мен көңілді ойын әрекеттеріне қарамастан, аталмыш балет қуыршақтар тақырыбы арқылы адам болмысының көлеңкелі жақтары туралы ойға шомдырады.

Жас ару Сванильда өз сүйіктісін әр таңда қарсы үйдің терезесінен көрінетін жұмбақ бейтаныс қыздан қызғанады. Ол құрбыларымен бірге жасырынып, қарт Коппелиустың шеберханасына кіреді де, өзінің қарсыласының тек қана қуыршақ екеніне көз жеткізген соң, оның киімін киіп, Францтың жалған опасыздығын әшкере етеді. Балет қос ғашықтың татуласуымен және үлкен мерекемен аяқталады.

– Коппелиус бұл қуыршаққа жан бітіреді. Басқаша айтқанда, ол махаббатқа ғашық еді. Сванильда – зұлым қыз, оны мазақ етіп, күлкіге айналдырады. Бақытсыз Коппелия жалғыз қалады. Бұл біраз шынайы өмірге ұқсас, себебі кейде адамдар сізден және сезімдеріңізден бас тартып, бақытсыз етуі мүмкін, – деп атап өтті Луиджи Бонино. 

Балетмейстердің мойындауынша, спектакль оған күлкі, қайғы аралас болуымен ұнайды.

– Ешқашан балет көрмеген адамдарға әрдайым былай деймін: «Келіңіздер, «Коппелияны» тамашалаңыздар, сонда сіздер балет өнеріне ғашық боласыздар». Бұл түсіну жағынан өте оңай хикая, балет балаларға да, ересектерге де арналған. Жиенім «Коппелияны» бірнеше рет көрген: басында ол Коппелиус қуыршақпен билеген кезде күлді, алайда соңында оның көңілі босап, жылады, себебі қуыршақ сынып, ол жалғыз қалды, – деп қорытындылады Л.Бонино.  

Либреттосын Эрнст Теодор Амадей Гофманның «Құм адам» новелласы бойынша Шарль Луи Этьен мен Артюр Сен-Леон жазған. Қоюшы балетмейстер – Луиджи Бонино, қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев, декорациялар мен костюмдер бойынша суретші – Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретшінің ассистенті – Франка Скуарчапино, костюмдерді жаңарту бойынша суретші – Анна Верде. Жарық бойынша суретші және техникалық үйлестіруші – Жан-Мишель Дезире. Қоюшы балетмейстердің ассистенті – Джилиан Уитингам, қоюшы сценографтың ассистенті – Риккардо Масирони.

Спектакльдердің басталуы: 22 қараша сағат 19:00-де, 23 қараша сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры