Қарағандының симфониялық әуендері

«Астана Опера» театрында Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі симфониялық оркестрінің гастролі өтеді. 27 мамыр күні театрдың Үлкен залы сахнасында «Қарағандыдан жалынды сәлем» музыкалық кеші ұйымдастырылады. Солист – танымал ресейлік пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты Мирослав Култышев.

Гастроль Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған. Іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтеді.

Кештің бірінші бөлімінде елорда тұрғындары мен қонақтарына С.Рахманиновтың Фортепиано мен оркестрге арналған №3 концерті, ал екінші бөлікте – И.Стравинскийдің «Жалын құс» балетінен сюита мен Т.Қажығалиевтың «Дала аңызы» балетінен сюита ұсынылады.

Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің симфониялық оркестрі көркемдік жетекші әрі бас дирижер, Бүкілресейлік байқаудың лауреаты Петр Грибановтың жетекшілігімен астаналық тыңдарманның алдында өнер көрсетеді. 1983 жылы Қарағанды филармониясы симфониялық оркестрінің негізі қаланды. Бүгінде оның құрамында 112 музыкант бар. Оркестр Қазақстан мен Ресейдің айтулы дирижерлерімен, музыка өнерінің атақты шеберлерімен бірге сәтті жұмыс жасауда, сонымен қатар Қазақстан, Германия, Франция, Испания, Ресей, Украина және т.б. елдердің қалаларына гастрольдік сапарға шығып жүр. Ұжымның кең ауқымды репертуарына Қазақстан композиторлары шығармашылығының үздік үлгілері, әлемдік симфониялық, опералық классика жауһарлары, ХХ ғасыр музыкасы енеді.

Әр жылдары Петр Грибанов Краснояр, Ростов академиялық симфониялық оркестрлерінің, Санкт-Петербор филармониялық қоғамы симфониялық оркестрінің бас дирижері, Санкт-Петербор консерваториясының ұстазы болды. Көптеген елдің әйгілі оркестрлерімен бірге жетекші әлемдік сахналарда шақырылған дирижер ретінде жиі өнер көрсетуде. Маэстроның репертуарында 600-ден астам туындының бар екенін атап өткен жөн.

Гастрольдік тур аясында «Астана Опера» Үлкен залы сахнасына алғаш рет Санкт-Петербордың асқан шебер пианисті Мирослав Култышев шығады. Музыкант концерттік қызметін 6 жасынан бастаған, ал 10 жасында Санкт-Петербор филармониясының Үлкен залында дебют жасап, Ю.Темиркановтың жетекшілігімен В.А.Моцарттың Фортепиано мен оркестрге арналған № 20 ре-минор концертін орындаған еді. Әртіс Г.Г.Нейгауз атындағы жас пианистердің мәскеулік фестивалінің лауреаты болып табылады, ал П.И.Чайковский атындағы Халықаралық байқаудағы жеңісінен кейін танымалдылыққа ие болды. М.Култышевтың келесі маңызы зор жетістігі – Монакода өткен есімі танымал үздіктердің үздігі қатысатын «Monte-Carlo Piano Masters» беделді халықаралық байқауындағы жеңісі болды. Өнер көрсетулерінің тығыз кестесінен бөлек, ол Санкт-Петербор консерваториясының арнайы фортепиано кафедрасында ұстаздық етеді. Солист қазіргі заманның атақты дирижерлерімен бірге ынтымақтастықта жұмыс жасап, Ресей мен шетелдің үздік залдарында концерт береді.

Еске салар болсақ, жақында ғана «Астана Опера» театры опера труппасының жетекші солистері мен хоры Қарағандыға гастрольдік сапармен барды: 20 мамыр күні Кеншілер мәдениет сарайында маэстро П.Грибановтың жетекшілігімен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің симфониялық оркестрімен бірге музыканттар Дж.Пуччинидің «Богема» опералық жауһарын орындаған болатын.

Концерттің жүргізушісі – Людмила Гольская.

Басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры