Әлемнің ең айтулы дирижері Зубин Мета «Достық» орденімен марапатталды

14 наурыз күні Лос-Анджелесте (АҚШ) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік марапаты – ІІ дәрежелі «Достық» орденімен жер-жаһанның ең әйгілі музыканты Зубин Мета марапатталды.

«Астана Опера» МОБТ директоры Ғалым Ахмедьяров ҚР Президентінің жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметіндегі ерен еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін марапатталатын орденді атақты маэстроға табыс етті.

– Осынау жоғары марапат үшін алғыс айтамын. Қазақстанның мәдени деңгейінің одан әрі артуына шын жүректен тілектеспін. Өз кезегімде, Қазақстан халқына гүлдену, өркендеу тілеймін, қол жеткізген жетістіктеріңізбен мақтануларыңыз керек деп санаймын. Әлем мен өз халқының алдында бітімгер болып табылатын керемет Президенттеріңіз бар, – деп атап өтті маэстро Зубин Мета.

2017 жылы Қазақстанға алғаш рет келген аты аңызға айналған дирижер Зубин Мета қазақстандық музыканттармен ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

– Қос елдің мәдениетін өркендетуге бағытталған шығармашылық байланыстарымыз өз жалғасын табады деп сенеміз, себебі музыка тілі әмбебап қой, ол халқымызды біріктіретін достық көпірі істеттес. Маэстро Зубин Метаға зор денсаулық, амандық, толағай шығармалық табыс тілейміз, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Еске салар болсақ, Зубин Мета әлемдегі ең атақты дирижерлер қатарына енеді. Классикалық өнердің асқан шебері 2017 жылдың қыркүйек айында «Астана Опера» сахнасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылған Ла Скала гастрольдік турында өнер көрсетті. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ұлы майталманды көріп, әлемдік жауһарларды тыңдаудың бірегей мүмкіндігі ұсынылды. Осынау әйгілі театрдың Қазақстанға келуі бойынша шығындарды Eni мұнай-газ компаниясы мен театрдың әлеуметтік серіктесі – Samruk-KazynaTrust өз мойнына алған болатын.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры