Сән-салтанатты «Дон Карлос» кеңге құлаш сермеді 

Қазақстан мәдениетінің өркендеуі – жай ғана айтылған сөз емес, тайға таңба басқандай нақты дерек. Дж.Вердидің іргелі «Дон Карлос» операсының ғаламат премьерасы бұған дәлел болды. Аталмыш спектакль театрлардың репертуарында сирек кездеседі, себебі оны ұсыну үшін жоғары деңгейлі әртістер, дирижерлер, сценографтар мен костюм бойынша суретшілер қажет. Жетістікке жеткізер қабілет иелері «Астана Операдан» табылып, 11 және 13 қазан күндері өнерсүйер қауым шаттыққа бөленді, үздіксіз қол шапалақтау мен «Браво!» деген дауыстар толастамай премьера өтті. 

Дж.Вердидің күрделі шығармасын әртістер абыроймен орындап шықса, ұзақтығы үш сағаттан асатын операны тамашалауға келген тыңдарман қауым да бір сын белесін бағындырды десек болады. Алайда театрда көрермен аудиториясының мұндай қойылымға дайын екендігі, барлығы оқиға желісінің дамуын зейін сала бақылап отырғаны тілге тиек етілді.  

Итальяндық қоюшы режиссер, 2019 жылдың Үздік режиссері санатында «Opera Star» сылығының иегері – Давиде Ливермор алғаш рет бұл операны Қазақстанда қойды. Опера қаһармандары – тарихи тұлғалар: патша Филипп II (Евгений Чайников, Барсег Туманян), патшайым Елизавета Валуа (Жаннат Бақтай), Родриго (Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев), сүйіктісі Елизаветаға үйленуі тиіс болса да, оған әкесі үйленген патша мұрагері Дон Карлос… (Медет Чотабаев, Наоюки Окада (Жапония). 

Оқиға басқа опералардағыдан өзгеше жандана түседі, бұл костюмдерден де, әйгілі суретші Веласкестің көркем кескіндемесін көз алдымызға әкелетін декорациялардан да байқалады. Олардың қаншалықты тамаша, көз тартарлық әрі эпикалық еліктіргіштікке ие екендігін сөзбен айтудың мәні жоқ – ең дұрысы, оларды бір рет көріп, ортағасырлық әсемдікке мәңгіге ғашық болу. Костюмдер бойынша жұмыс жасаған Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов – осындай танымал, сұранысқа ие суретшілердің бірлескен ісі Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де есте қаларлық театрлық жұмыстарымен мәшһүр.

Көрініс тарихи кезеңге құрылғанымен, спектакльді қатып қалған классика деп атау қиын. Театрдың заманауи техникалық мүмкіндіктері оны заман ағымына сай іс-қимылға толы етуге жол ашса, ал жарықты ойнату (күміс, қара, қызыл) бүгінгі таңда өзекті dark fantasy жанрын есімізге салды. Театр күмбездерінің астынан түсіп келе жатқан отқа оранған крест, тасқа қатқан Карл V сұлбасы, ішінде тұтқындары бар әуеде қалықтаған тор қапастар – мұның бәрі қиялға қанат бітірмей қоймайды. Ең жарқын көріністердің бірі – дінбұзарларды өртеу кезі, бұл рәсім өзінің шынайылығымен терең әсер етті, адамдардың шеккен азабы көзге ұрып тұрды.

«Дон Карлостағы» вокалдық көшбасшылар туралы ұзақ айтуға болады. Жетекші әртістердің дыбыстық сауаттылығы мен мәтінді мінсіз жеткізуіне жеке қошемет көрсету қажет.

Елизаветта Валуа күрделі партиясында сахнада Жаннат Бақтай тамаша өнер көрсетті. Сопрано залдың үлкен қызығушылығын тудырды. Әнші музыкалық мәнерлілікті, қарқынды және баяу дауысқа бай төменгі және жоғарғы дауыстардың сұлулығын көрсетті. Әртістің барлық қимыл-қозғалысы жарасымды,  патшайымдай маңғаз болғанына қарамастан биязы және нәзік көрінді.  

Басты партия Дон Карлосты  Қазақстан мен Жапонияның екі теноры  – Медет Шотабаев пен Наоюки Окада орындады. Олардың өнері кеңінен әрі еркін шарықтады, ал қызықты, таза  дауыс тембрін қайта-қайта тыңдай бергің келеді, сомдаған қаһарманының ішкі күйзелісін, оның Фландрияны құтқаруға деген шынайы ниетін жеткізе алды. 

Сүндет Байғожин мен Талғат Мұсабаевтың сахналық шеберлігі мен тартымдылығы  әртістерге адал және ізгі Родриго бейнесін жасауға мүмкіндік берді. Партия актерлік жағынан дұрыс әрі мінсіз, вокалдық жағынан әсерлі болды.

Бас дауысты партия – II Филиппті Евгений Чайников пен Барсег Туманян нанымды, жоғары деңгейде орындап шықты. Ұлы инквизитор – өте жуан бас дауыс иегерлері ––  Михаил Гужов (Ресей) және Болат Есімханов өз кейіпкерінің өктемдігін керемет дәл жеткізе алды. Эболи ханшайым рөлінде Татьяна Вицинская мен Салтанат Мұратбекова тамаша өнер көрсетті. Монах – Шыңғыс Расылхан, Тайыр Тәжі, Тебальдо – Мадина Исламова, Назым Сағынтай, Аспан дауысы – Елена Ганжа, Әсем Сембина, Граф ди Лерма – Ерұлан Камел, Рамзат Балакишиев, Герольд – Рамзат Балакишиев, Ерұлан Камел өз партияларын керемет орындады.   

Материалдар терең зерделеніп, әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың партитураны сезімталдықпен жеткізе алуының арқасында оркестр терең әрі драмалық мазмұнды шырқалды. Сазды және әсерлі Вердидің музыкасының ерекшеліктері қоюшы дирижердің жоғары кәсібилігін дәлелдеді.

«Астана Опера» бас хормейстері Ержан Дәуітов жетекшілік еткен хор Патшайым бағы сахналық көрінісінде тамаша әсер қалдырды, сондай-ақ аутодафе көрінісі кезінде өте күшті болды. Көпшілік қатысатын көріністер қойылымның ауқымдылығын көрсетті, сахнаның кеңістігіне өзінің жігерлілігімен және тартымдылығымен бар болғаны бірнеше әртіс шыққан кезде олар камералық хорды алмастыра алды.

Премьера  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті, оны ташалауға ҚР Парламент Сенатының төрайымы Дариға Назарбаева, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, музыкалық сыншылар, шетелдік қонақтар келді. Спектакль өзінің ауқымдылығымен және ғаламаттығымен үлкен әсер қалдырды. Операда көрсетілген барлық тарихи оқиғалар арасында бәрібір де адами сезім бірінші орында қалды. Қойылым залда отырған әрбір жанды кез-келген тарихи дәуірде өзекті болып қала беретін жоғары құндылықтар (бостандық, махаббат) туралы ойлануға мәжбүр етті.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры