Атақты шебер скрипкашы Ержан Күлібаев «Астана Операда» өнер көрсетеді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» Камералық оркестрі әлемге әйгілі скрипкашы Ержан Күлібаевпен бірге (Қазақстан-Испания) «Скрипкалық музыка жауһарлары» концертін ұсынады. Неміс классик-композиторларының шоқтығы биік шығармалары 21 наурызда театрдың Камералық залында шырқалады.

Асқан шебер Ержан Күлібаев – Буэнос-Айрес, Лиссабон, Берлин, Новосібір, Екатеринбург және Нью-Йоркте өткен мәртебелі халықаралық байқаулардың алты бірінші сыйлығының, «Washington Award» сыйлығының иегері, Познаньдағы (Польша) Г.Венявский атындағы, Бухаресттегі (Румыния) Дж.Энеску атындағы байқаулардың лауреаты. Е.Күлібаевқа Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Австрия, Германия, Бельгия, Испания (оның ішінде Канар аралдары), Грекия, Португалия, Мексика, Аргентина, ОАР, Марокко, Кувейт, Жапония т.б. елдердің атақты залдарында көрермендер қол соғып, қошемет көрсетті. Қазіргі уақытта Ержан Күлібаев Мадридтегі (Испания) «Катарина Гурска» жоғары музыка мектебінің профессоры болып табылады.

«Астана Опера» симфониялық оркестрімен бірге қазақстандық музыканттар аса көрнекті маэстро Валерий Гергиевтің жетекшілігінде концерттік бағдарлама ұсынып, Нью-Йорктегі Карнеги-холл, Торонтодағы Sony орындаушылық өнер орталығында, Париждегі Опера Бастилияда және Санкт-Петербордағы Мариин театрында өнер көрсетті. Ержан Күлібаев Швейцариядағы Маджини қорымен ұсынылған Антонио Страдиваридің 1722 жылғы «Роде» скрипкасында ойнайды.

Бұл кеште орындалатын классикалық жауһарлар оркестрмен скрипкаға арналған шығармалардың даму жолын айқындап, аталған жанр тарихында маңызды рөл атқарды. Айбынды романтик-композитор Макс Брухтың оркестрмен скрипкаға арналған №1 соль минор, ор. 26 концерті шырқалады. Шығарма құрылымының ерекшелігі, эпикалығы, шыңдалған музыкалық формасы, мәнерлілігі, бейнелердің әсемдігі, драмалылығы, жігерлілігі мен ауқымдылығы елордалық тыңдармандарға ұмытылмас әсер қалдырады.

Людвиг ван Бетховеннің оркестрмен скрипкаға арналған ре мажор, ор. 61 концертін скрипкалық репетуардың ең күрделі шығармалары қатарына жатқызады, оның мазмұнының тереңдігі орындаушылық өнердің асқан кемелдігін қажет етеді. Туындыны тамаша әуен, формасының үйлесімділігі, сыршылдығы, драматургия симфониясы, халықтық бейнелердің жарқындылығы мен ақсүйектігі ерекшелендіреді. Осы концерттің шығармаға арналған каденцияның толық жиынынан тұратын, фортепианоға автормен ыңғайластырылған түрі бар. Түсіндіріп өтсек, каденция дегеніміз – шығарманың негізгі тақырыбына еркін қиялдауға мүмкіндік беретін, аспаптық концерттегі виртуоздық сипаттағы кірістірме. Шығарманың авторлық нұсқасын орындау мүмкіндігі үшін атақты скрипкашы Ержан Күлібаев Бетховеннің скрипкаға арналған каденцияларының транскрипциясын жасады.

– Биыл маэстро Абзал Мұхитдиновтың басшылығындағы оркестрмен М.Брухтың концертін алғаш рет орындағаныма 20 жыл толады. Содан бері әлемнің көптеген елдерінде бірнеше рет бірлесіп өнер көрсеттік. Осы кеште біз орындайтын Л. ван Бетховеннің концерті – скрипкалық репетуардың биік шыңы. Музыкалық идея мен сипатын өзгертпей, литаврдан басқа қосымша аспаптар пайдаланбай, «ыңғайсыз» тұстарын қысқартпай, Л. ван Бетховеннің скрипкаға арналған каденцияларына транскрипция жасау – оңай шаруа емес. Бұл каденциялар – осынау тамаша музыкаға жасалған баға жетпес авторлық түсініктеме – шығарманы өзіндік тану үшін жақындай түсуімізге мүмкіндік береді. Енді, жаңа транскрипция маған зор қуаныш сыйлайды, Л. ван Бетховеннің концертін авторлық нұсқада орындау – сөзбен айтып жеткізуге келмейтін теңдессіз сезім, – деді Ержан Күлібаев.

Концерттің басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры