Атақты музыкант Сергей Ролдугин «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетпек

Әйгілі аспапшылар – Ресейдің Халық әртісі Сергей Ролдугин (виолончель), Сергей Редькин (фортепиано) және ресейлік дирижер Алим Шахмаметьевтің жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрі елордалық театрдың Үлкен залы сахнасында өнер көрсетеді. «Музыкалық өнер жауһарлары» атты концерт тыңдарман назарына 4 маусым күні ұсынылмақ.

Ресейдің Халық әртісі Сергей Ролдугин – шебер музыкант-виолончелист, керемет дирижер, музыкалық педагог, Мариин театрының солисі әрі дирижері, Санкт-Петербор консерваториясының профессоры, «Достық» (ҚР), Құрмет (РФ) және Александр Невский ордендерінің кавалері. 2006 жылдан өзінің бастамасымен құрылған Санкт-Петербор Музыка үйінің көркемдік жетекшісі болып табылады. Атақты маэстро Ресей мен алыс-жақын шет елдерде концерттерімен жиі өнер көрсетуде. Сонымен қатар Сергей Ролдугин жас дарындарды дамытуға ерекше көңіл бөледі.

Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты пианист Сергей Редькин Мәскеу мен Петербордың үздік сахналарында, Германия, Австрия, Франция, Швейцария, Монако, Финляндия, Швеция, Португалия, АҚШ, Мексика және т.б. елдердің залдарында жеке концерттерін береді. Мариин театрының Симфониялық оркестрі, Санкт-Петербор мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Е.Ф.Светланов атындағы Ресей Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен ынтамақтастықта жұмыс жасайды.

Танымал ресейлік дирижер Алим Шахмаметьев көптеген шығармашылық жобалардың авторы болып табылады, олардың қатарында Let’s Make Music Халықаралық симфониялық оркестрі, «Синемафония» және басқалары бар. Л.Паваротти, П.Доминго, М.Ростропович, М.Шостакович, Б.Березовский, Р.Гальяно сынды әлемдік музыка өнерінің жарық жұлдыздарымен ынтымақтастықта болған.

Осы кеште елорда тұрғындары мен қонақтарына ұлттық және әлемдік классика жауһарлары ұсынылатын болады. Оркестрлік партитураның көрнекті отандық шеберлерінің бірі – Тілес Қажығалиевтің Концертштюк жалынды пьесасы шырқалады. Туынды көне қазақ мәдениетінің рухына қанық әрі әлемдік сазгерлік мектеп стилистикасының заманауи қағидаларымен ұлттық нақышты өн бойына керемет үйлестірген. Шығарма мерекелік күйді, өркендеуді, ғажайып пен кереметтілікті, бейнелілікті, әсерлі олжалар мен күтпеген жерден орын алатын қайшылықтарды сипаттайды.

Сонымен қатар концертте М.Брухтың оркестр және виолончельге арналған «Kol Nidrei» (солист – С.Ролдугин), С.Рахманиновтың (солист – С.Редькин) Паганини тақырыбындағы рапсодия, ля минор, ор.43, Дж.Вердидің «Тағдыр күші» операсынан увертюра, А.Хачатурянның «Маскарад» кинофильмінен вальс, Д.Шостаковичтің «Москва – Черемушки» опереттасынан галоп, К.Сен-Санстың «Өлім биі» симфониялық поэмасы, ор. 40 шығармалары орындалатын болады.

Басталуы сағат 19:00-де.

 

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры