Жыл премьерасы – «Дон Карлос» операсы

Алғаш рет елордада Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсы сахналанады. Ғаламат тұсаукесер қазанның 11 және 13 күндері «Астана Операның» Үлкен залында орын алмақ. Қоюшы дирижер – атақты әрі әлем бойынша сұранысқа ие маэстро Алан Бөрібаев, спектакльдің қоюшы режиссері – әйгілі итальяндық режиссер Давиде Ливермор. Костюмдер авторлары – белгілі театр суретшілері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов. Сценография – Кристиана Пикко. Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің көмегімен өтеді.

– Бұл «Астана Опера» театрының репертуарындағы Дж.Вердидің үшінші операсы. Көрнекті итальяндық композитордың «Травиата», «Аида» сынды тамаша опералары афишамыздың сәнін келтіруде. «Дон Карлос» – күрделі, орындалуы қиын, бірақ жеңіл әрі жақсы қабылданатын опера. Спектакльдің барынша қызықты болатынына күмәніміз жоқ, себебі музыкасының өзі – керемет және тарихи бейнелерге толы. «Дон Карлосты» театрлар жиі сахналай бермейді, себебі опера жоғары кәсіби әншілердің үлкен құрамын талап етеді. «Астана Опера» труппасында жетекші сопранолар, тенорлар, баритондар және бас дауысты мықты солистер бар. Олардың бәрі қызу дайындыққа кірісіп кеткен, – деді «Астана Опера» МОБТ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.    

«Дон Карлос» операсы композитор шығармашылығындағы жөні де, орны да бір бөлек туынды, алайда ол сазгердің қаламынан туған ұлы шығармалардың бірі болып қала бермек. Ол – композитордың көркемдік шығармашылығындағы бетбұрыс. Осынау туындының музыкасы зор қарапайымдылығымен және бай әуендік айналымдары бар дыбысталуымен сипатталады. Бүгінгі таңда операның француздық, итальяндық нұсқалары әлемнің жетекші театрларының сахнасынан түскен емес.

Либреттоға сәйкес, 1556 жылы император V Карл тақтан бас тартып, тыным табу үшін Юстедегі Қасиетті Иероним монастыріне кетеді. Испания тәжі оның ұлы II Филиппке өтеді. Испанияның көне жауы – Франциямен байланысты нығайту үшін Филипп өзінің туған ұлы Дон Карлостың қалыңдығы, француз ханшайымы Елизаветта Валуаға үйленеді.

 

Басты Дон Карлос партиясын Медет Чотабаев әзірлеуде; Филипп партиясын әр күндері Евгений Чайников пен Барсег Туманян орындайды; Родриго – Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев; Инквизитор – Болат Есімханов, Михаил Гужов (Геликон-Опера); Елизаветта – Майра Мұхамедқызы, Жаннат Бақтай; Эболи – Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская; Монах – Жанат Шыбықбаев, Шыңғыс Расылхан және т.б.

 

 

Спектакльдер «Астана Опера» Симфониялық оркестрі және хорының қатысуымен өтеді.

Спектакльдердің басталуы: 11 қазан сағат 19:00-де, 13 қазан сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры