«Астана Операда» «Корсар» балетінің тұсауы кесіледі

25 және 26 мамыр – екі күн қатарынан «Астана Опера» театрының сахнасында Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қойылымында А.Аданның шытырман оқиғаға толы «Корсар» балетінің тұсауы кесіледі. Бұл спектакльден хореографияны, костюмдер сценографиясын, сондай-ақ кейіпкерлердің айбынды партияларын көріп, тамсануға болады.

Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында, сонымен қатар ұлы хореограф Мариус Петипаның 200 жылдығына орай өтеді.

Жюль Анри Вернуа де Сен-Жорж бен Жозеф Мазилье корсарлардың романтикалық әрі қызыққа толы өміріне арналған либреттоны жазып шыққан, оқиғалар желісі 1856 жылдан бастап күні бүгінге дейін сол қалпында қалған. Спектакльдің қойылымынан бері тек хореографиясы ғана ауысып отырған. Осылайша, Мариус Петипаның бірегей хореографиялық партитурасына Петр Гусевтің балетке қосқан тұстары енген, Алтынай Асылмұратованың дәл осы редакциядағы қойылымы елордалық көрерменнің назарына ұсынылады.

Дж.Байронның аттас поэмасы бойынша құрылған «Корсар» балеті оның романтикалық жайма-шуақтығын, еркіндікке құштар рухын, қуатты ынтызарлығын сақтап қалған. Теңіз қарақшылары – корсарлардың махаббат пен зұлымдық сәттері, сараң саудагердің күлкілі әрекеттері және «Жаңғырған бақтың» романтикалық көріністері орын алған өмірлік сюжет көрермендер арасында үлкен жетістікке ие.

Бұл классикалық балет репертуарының інжу-маржаны әлемнің барлық айтулы театрларының сәнін келтіруде, себебі осы жауһар туынды әртістерге барлық партияларда балет техникасымен де, драмалық дарынымен де жарқ етуге мүмкіндік береді.

Соңы бақытты әрі сәтті аяқталатын оқиғаны би тілімен балет, миманс әртістері баяндап берсе, «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі музыка жағынан сүйемелдейтін болады. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев, қоюшы хореограф – әлемге әйгілі балерина Алтынай Асылмұратова, қоюшы сценограф – қазіргі заманның атақты суретшісі Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани, қоюшы хореографтың ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский және Елена Шерстнева, костюмдер бойынша суретшінің ассистенті – Анна Верде, музыкалық редактор – Долорес Үмбетәлиева.

Спектакльдердің басталуы: 25 мамыр (19:00), 26 мамыр (18:00).

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры