«Корсар» балетінің премьерасы: қарақшылар, таң қалдырарлық махаббат пен көптеген шытырман оқиғалар

Алып кеме асау толқынмен жарысқан тәрізді «Астана Опера» сахнасында жүзіп келе жатыр. Дауыл, кеме апаты, таңғажайып шығыс базары – «Корсар» балетіндегі барлық көріністі тізіп шығу қиын. Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы шытырманға, шиеленіске толы оқиға 25 және 26 мамыр күндері көрермен назарына ұсынылады. Тұсаукесер Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев, қоюшы хореограф – әлемге әйгілі балерина Алтынай Асылмұратова, қоюшы сценограф – қазіргі заманның атақты суретшісі Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани, қоюшы хореографтың ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский және Елена Шерстнева, костюмдер бойынша суретшінің ассистенті – Анна Верде, музыкалық редактор – Долорес Үмбетәлиева.

Мәңгі өшпес «Корсар» – кез-келген жасқа арналған балет. Оның әлемдік тұсаукесері 1856 жылғы 23 қаңтарда Париждегі Opéra de Paris (Garnier) театрында өткен болатын. Ол 1814 жылы шығарылған Байронның аттас поэмасы бойынша жасалған. Либретто авторлары – Жюль-Анри Вернуа де Сен-Жорж бен Жозеф Мазилье. 1987 жылы Мариин театрының сахнасында «Корсар» фильмі түсіріліп, басты Медора рөлінде Алтынай Асылмұратова өнер көрсеткен еді.

Енді, міне, ол осынау балет туындысының қоюшы хореографы атануда. Алтынай Асылмұратованың айтуынша, «Корсар» спектаклінің премьерасы Астананың 20 жылдығы мен Мариус Петипаның 200 жылдығына орайластырылған.

– Біз П.Гусевтің редакциясын пайдаландық, себебі ол барынша жинақы әрі қарқынды, өзге нұсқаларда қойылым уақыт жағынан біршама көлемді. Алжирлік және палестиналық билер ассистентім Елена Анатольевна Шерстневаның жаңа хореографиясында ұсынылатын болады. Бұдан бөлек, Гюльнараның биінде өзгерістер орын алды, олар кеңейтілді, сонымен қатар көптеген мизансценалар өзгертілді, – деп түсінік берді хореограф. – Бұл «Жизель» немесе «Баядерка» балеттеріне қарағанда драмалық тұрғыдан күрделі емес. Әртістен кеңістікті жақсы меңгеріп, оны дұрыс толтыруды, пайдалануды қажет етеді. Солистерге сызбаны ұсындым, алайда өз болмысын көрсетуде шек қойған жоқпын. Егер «Баядерка» балетінде оларға «дем алдырмай», «Тек осылай ғана жаса, өзге ештеңе керек емес» десем, ал бұл жерде жанды қойылым болуы үшін жағдайға қарай әрекет ету қажеттігін ескерттім.

Бүгінгі таңда «Корсар» – балеттік тренд екені мәлім. Оның премьералары әлемдік театрлардың басым бөлігінде өтті.

–  Біз өзара келіскен жоқпыз, дегенмен қазір бұл үрдіске айналды. Кейде дем алып, тыныстағың келеді, сол кезде осындай қарапайым әрі көңілді спектакльдер қажет. Барлық театрлардың репертуарында «Корсар» балетінің бар екенін атап өткен жөн, себебі онда кордебалетке арналған классикалық билер де, ерлер мен әйелдерге арналған классикалық емес ойын сәттері де бар. Шеберлігіңді барынша ашып көрсетуге болатын әрі техникалық тұрғыдан күрделі қимылдарды билейтін екі жұп балеттің сәнін келтіруде. Мұнда қиын классикалық трио да, халықтық сипаттағы билер де бар, – деп қорытындылады Алтынай Асылмұратова.

Спектакльге барша балет труппасы қатысады, оған миманс әртістерін қосыңыз – сол кезде сахна төрінде шамаман 150 адам болады. Олардың бәріне актерлік күш артылады, себебі спектакль драмалық емес, сондықтан әртістер осы оқиғаны жеңіл әзілмен көрсетуі тиіс, ал бұл кей кездері трагедияны жеткізуден де күрделі болмақ.

Ерлер биіне Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский жауап береді, ол солистерге қарақшылар тақырыбының қызықты екендігіне сенімді.

– Бұл жерде өзіңді актер ретінде көрсетуге болады, себебі бұл басты қаһармандар, олар өте қызықты. Пантомимаға қанық мизансценалар ерекше назарды талап етеді, жігіттердің қолынан бәрі келуде. Исаак Ланкедем – орталық партиялардың бірі, спектакль соның айналасында құрылуда, кейіпкеріміз біршама айлакер, қу. Осы жаңа партияда әртісіміз Бақтияр Адамжан өз дарынын ашпақ, ол кез келген рөлді тамаша орындайды. Біздің «Корсар» ең үздік болады деп есептеймін, – деп бөлісті тәлімгер ұстаз.

Кеменің байлауын шешіңдер, балет жүзу сапарына шықты

Шын мәнісінде, бұл спектакль өзінің мінсіз хореографиясымен ғана ерекшеленбейді, сондай-ақ керемет костюмдерімен, әлемде теңдесі жоқ декорацияларымен айрықша болмақ.

Костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино хореографтың тұжырымдамасын жүзеге асыруға тырысып, алдын ала егжей-тегжейін айқындап алды. Осылайша, қойылым тобы арасында керемет үйлесім, тамаша одақ туындады.

– Костюмдерді тігу үрдісі қажырлы еңбекті қажет етеді. Ең күрделі әрі ауқымды жұмыс бүрлемеуді жасау болғаны шығар, мұнда қатырмалап қабаттау көп кездеседі. Балет пачкасының әрбір қабаты нақты түрде жасалған. Пачкаға арналған торларды бояғанымызды ескере кеткен жөн, яғни түпнұсқасында ол ақ түсті. Ал бізде барлық түс палитрасы ұсынылған. Тұтастай алғанда, костюмде түрлі мата мен түстер біріккен. Соңғы нәтиже көрсеткендей, барлық үлгілер жоғары сән көрсетіліміне арналғандай етіп тігілген, яғни, тігу қағидалары сақталып, жоғары сапалы маталар мен көркемдік стилистика қолданылған, – деді Франка Скуарчапино.

Сахна төрінен көрермен әсерлі картинаны тамашалай алады: 220 бірегей костюм. Бір пачкаға 9 белдемше астарын жасау үшін шеберлерге бірнеше күн қажет болды. Одан кейін – желетке мен корсеттерді бүрмелеп, сәндеудің зергерлік бедерлеу жұмысы орын алды.

Балаларға арналған костюмдер ерекше қиындықты талап етеді, олардың саны – 18, сонымен қатар олар үшін шеберлікпен жасалған бас киімдер де тігілді.

Өлшеп, шақтау кезінде Франка Скуарчапино бейнені толықтырып не болмаса әртістердің даралығын айқындау үшін костюмге әрдайым бір бөлшектерді қосады.

– Костюмдерді жасаған кезде, ең алдымен, балеринаға жайлы болуын ойлаймыз. Сонымен қатар сценографияны, хореографияны да ескеремін, бәріміз де бір бағытта жұмыс жасауымыз керек, – деп түсінік берді Франка Скуарчапино.

Сөзге тиек етер болсақ, қоюшы сценограф Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапино бұрыннан бірге жұмыс жасайды. Спектакльді барынша жақсы жасау үшін ерлі-зайыптылар жиі кеңеседі.

– Әрине, кейде екеуіміз ұрысып қаламыз, Эцио қызба мінезді, кей кездері дауысын көтеруге дейін барады, бірақ соңында әрдайым қандай да бір шешімге келеміз. Эцио маған үнемі көмек береді, оның өзіндік көзқарасы бар. Алайда, үйге келген соң, жұмыс жайлы мүлдем тіс жармаймыз. Бұл өте маңызды, себебі жұмыста сен тапсырмаларды шешіп, орындайсың, ал үйде жеке өмірің болуы тиіс, – деп бөлісті Франка Скуарчапино.

«Корсардың» осы нұсқасы үшін біршама реквизит қолданылды.

Бутафор цехына кірген кезде кемеге тап болғандай әсерде қаласың. Теңіз тақырыбы көзге оттай басылады. Міне, ішті бөшкелер жатыр, ал ендібірі жарылған, себебі теңіз апатына түскен. Байрақтар мен жалаулар діңгекке сән беруде, ал бидай толы қаптар, арқандар, канаттарды палубадан көруге болады.

Құмыралар мен ыдыс-аяқтар, тостағандар мен құтылардың сан алуан түрлері, шамдалдар, сауыттар, найзаның ұштары мен алтындар сандыққа жасырылған – бұлардың бәрі қарақшылардың ұрлап, тонап, қолға түсірген олжалары. Кішкентай қобдишалар алқа мен өзге де құнды заттарға толы.

Қауырсынмен әшекейленген желпуіш, жастықтар, сәкі, шамдар, қамыс таяқтар, жайпақ табақтар, жұмсақ жиһаздар, түрлі орындықтарды да суретші бутафорлар шеберлікпен жасап шыққан.

Қарақшылар қанжармен, семсермен, қылышпен жарақталған, олардың пышақтары безендіріліп, саптары көмкерілген. Ал түрік күзетшілері үшін шырағдан мен мылтықтар әзірленген.

«Астана Опера» көркемдік-өндірістік кешенінің шеберлері орасан жұмыс атқарды. Олар арба, подиум, апатқа ұшыраған кеме бөлшектерін, пирс, тақ жасап шығарды. Елордалық театрдың қойылымдары бір-біріне ұқсамайды деп есептейді цех қызметкерлері, олардың көңіліне мұндай саналуандық етене жақын. Спектакльдің жалпы көрінісі көптүсті кенеп матамен үйлесуі үшін сахнаны жұмсақ декорациялармен көмкереді. Табиғаттың түрлі көрінісі бейнеленген көлемді маталар мен өзге де картиналар қолмен салынған.

Аса үлкен өлшеміне қарамастан, кеме өте икемді, ол оңай құрастырылады. Дегенмен, оның ең басты артықшылығы – әлемде тұңғыш рет ол толығымен механикаландырылған. Оны күрделі компрессорлық жастықтар қозғалтады, ал пультпен оны басқаруға болады. Желсіз, тынық күнді де, қатты теңіз дауылын да осынау алып кеме басынан өткереді. Барлық техникалық жаңашылдықтардан бөлек, кемені жеке әрекет етуші кейіпкер деп толыққанды айтуға болады, ол – спектакльдің жай ғана әшекейі емес, оған нақты бір мағыналы жүктеме артылған. Кеме бас кезінде пайда болады, кейін оны спектакльдің орта тұсынан аңғарамыз, соңында іс-әрекет те оның жанында тамамдалады.

Ерекше жеңіл қалықтау

Ең әдемі тарихи балеттердің бірі болып табылатын «Корсар» классикалық би энциклопедиясына айналды. Барша балет труппасы мен миманс әртістері бар күш-жігерін салып, балет бойынша жұмысты ынтамен жасауда.

Медора партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Әнел Рүстемова, сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина әзірлеуде.

Бұрын осы партияны орындап көрмегенмін, алайда хореографиялық училищеде оқып жүрген кезде-ақ танысқанмын, сол кезде халықаралық байқауларда балеттен Па-де-де орындап жүрдім, – деді Әйгерім Бекетаева. – Медора пластикасы жағынан да, бейненің эмоционалдық күші жағынан да маған өте жақын. Ол күннің көзі тәрізді, сахнада жарқ етіп пайда болады: өзінің қуатымен бәрін жылыта алады, сондықтан болар, осы партия жоғарылап секірулерден, қарқынды қозғалыстардан басталады, демек хореографиялық тұрғыдан қарағанда менің кейіпкерім махаббат пен күш-қуатқа толы. Бұл партияның үлгілі орындауы Алтынай Асылмұратоваға тиесілі деп санаймын, ол Медораның бейнесін тамаша жасап шықты, онымен бірге осы рөлді сомдауда жұмыс жасап жатқанымды жолымның болғаны деп білемін. Балетте әйелдер партияларына арналған техникалық күрделі вариациялар өте көп. Барабанмен сүйемелденген би қатты ұнайды, жалпы алғанда рөл көптеген ерекшеліктерге толы. Балеттің ең қызығы деп Жанданған бақ көрінісін атауға болады, ол нағыз шынайы классика деп саналады. Спектакль пантомима негізінде құрылған, сол себепті әртістер көрермен қауымға бәрін нақты бимен емес, ым-ишарамен жеткізуі тиіс. Мен қарақшыға деген пәк сезімді көрсеткім келді, өйткені, оның баукеспе, қарақшы екендігіне қарамастан, ол, ең алдымен – адам, ол да сүйе алады, мейірімді бола алады. Сахнадағы әріптестерім Арман Оразов пен Еркін Рахматоллаев, олармен жұмыс жасау өте ыңғайлы, – деді жетекші солист.

Конрад рөлінде халықаралық байқаулардың лауреаттары Арман Оразов, Олжас Тарланов, сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов.

– Кейіпкерім шытырманды жақсы көреді, себебі сол оқиғалардан оның бар өмірі құралған. Оның баукеспе, қарақшы екеніне қарамастан, оның жан-дүниесі мейірімге толы, әділдікті жаны сүйеді. Досы оны өлтірмек болған сәтте, Конрадта қарсы тұрып, оған жауап беру мүмкіндігі туындайды, алайда ол досының жанын қия алмайды. Конрадқа ұқсас мінез-құлқым бар – жаңашылдыққа, беймәлім дүниеге жаным құмар… Костюм мен реквизиттер бейнені жасауға көмектеседі. Қолыма қылыш алған кезде, әп-сәтте ұрыс-шайқасқа ұмтыламын, ерекше қызбалық пайда болады. Хореография тұрғысынан алғанда бұл өте қызықты, жарқын, қанық партия, ол секірулерге толы. Репертуарымызға аталған спектакльдің енетініне дән ризамын, бәріміз толқу үстіндеміз, себебі қойылымды лайықты деңгейде көрерменге ұсынғымыз келеді, – деп талқылады Олжас Тарланов.

Исаак Ланкедем – көптеген Гран-при иегері Бақтияр Адамжанның, Жансерік Ахметов пен Серік Нақыспековтың сомдайтын кейіпкері.

– Өз кейіпкерімді жағымды жағынан көремін, әлбетте, ол бүгінгі таңда сынға алынатын әрекеттерді жасайды, бірақ сол кезде мүлдем басқа заман болған ғой. Егер спектакльде Ланкедем болмаған жағдайда, оқиғалар желісі қызықсыз болар еді. Барлық әрекет менің қаһарманымның төңірегінде өрбиді, ол негізгі шиеленісті тудырады. Ланкедем партиясын орындауды маған сеніп тапсыруы – мен үшін үлкен мәртебе. Қазіргі таңда өз бойымнан бейнені жеткізуге көмегі тиер қасиеттерді іздеудемін. Ол тек сыртқы әлпетке ғана байланысты емес, ішкі бейімделуіңе де қатысты. Кейіпкерімді харизмаға толы, сымбаты келіскен, ақылды әрі епті ретінде көремін, ол баршамен оңай тіл табысып кетеді. Сонымен қатар көптеген мизансценаларды әзілмен, ойнақылықпен орындайтын боламын. Көрермен қимыл-қозғалыстың әсемдігіне таң-тамаша болып, рахат алуы қажет, ал солист оларды жалықтырып алмай, барлық шеберлігін ортаға салуы тиіс, – деп атап өтті Бақтияр Адамжан.

Бирбанто партиясында – Ильдар Шакирзянов, Олжас Маханбетәлиев, Тұрлыхан Тойған. Сеид-паша – Рахметолла Науанов пен Жанәділ Бейсембиев. Гюльнара – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева, Шұғыла Әдепхан және Әсел Шәйкенова.

Музыка…

Романтикалық балеттің негізін қалаушылардың бірі – француз композиторы Адольф Адан байрондық поэманың оқиғалар желісінің сипаты ретінде хореографиялық іс-әрекеттің романтикалық қызу ортасын бейнелейтін музыканы жазып шықты. 1858 жылы балеттің петерборлық қойылымы үшін Цезарь Пуни спектакльді өзінің музыкалық нөмірлерімен, оркестрге арналған өңдеулерімен толықтырды.

«Корсардың» музыкасы өзінің биімен, шынайы француз нәзіктілігімен, жақсы талғамымен және бейнелеу сәттерінің қанықтығымен ерекшеленеді.

Қоюшы дирижер Арман Оразғалиев музыканың өте танымал екендігін, сондықтан екінші актідегі Па-де-де, үшінші актідегі «Жанданған бақ» әсерлі көрінісі сияқты атақты хореографиялық картиналар әлемнің барша театрларында тұрақты түрде орындалып келетінін айта кетті.

– Бұл балеттің бірнеше музыкалық редакциялары бар. «Корсар» – композитор А.Аданның соңғы жұмысы, 1856 жылдың жазында ол дүниеден озды. Театрымызда «Корсар» алғашқы рет орындалатынына қарамастан, «Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары партитурамен таныс, себебі осы балеттің үзінділерін Гала балет кештері аясында бірнеше мәрте орындаған болатын. Бәріміз алдағы премьераға байланысты аздап толқу үстіндеміз, – деп сөзін қорытындылады маэстро Арман Оразғалиев.

«Корсар» балеті 25 мамыр күні бастау алатын сәтті сапарға аттанбақ. Тұсаукесер күндері залда ине шаншар жер болмайды деп күтілуде.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры