«Жібек сатымен» Көкшетауға аттанамыз

Елордалық әртістер «Астана Операның» «Piccolo» камералық театры немесе «Кіші театр» жаңа жобасын Жастар жылы аясында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының сахнасында ұсынбақ. Труппаның 25 маусым күні Көкшетау қаласында Дж.Россинидің «Жібек саты» бір бөлімді комедиялық операсымен өнер көрсетуі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың бір бөлігі болып табылады.

Дж.Россини «Жібек саты» жеңіл мазмұнды комедиясын бозбалалық шағында жазған. Онда композитор жас ғашықтар Джулия мен Дорвильдің албырттығын, жастық жалыны мен тапқырлығын жырлайды. Жас жұбайлардың қарым-қатынасы қыздың қамқоршысы қарт Дормонтға құпия болып қалуы тиіс, себебі ол аруды әйелдерге жарамсақ атышулы Бланзакқа күйеуге бергісі келіп жүр. Жібек саты заңды күйеуі Дорвильдің әйелі Джулияның бөлмесіне терезе арқылы кіруіне жәрдем етеді, соның құрметіне опера осылай

аталады. Сюжеттегі шиеленіскен жағдайлар мен қызықты оқиғалар тізбегі опера соңында сәтті аяқталады. Әртістерге мінсіз вокалдық қабілетін, bel canto айту техникасын шебер меңгеруін, тамаша күлдіру қабілетін, импровизациялық актерлік ойын мен ғажайып стиль сезінушілігін паш етуге мүмкіндік туып отыр.

«Piccolo театры» бірегей шығармашылық жобасы жас әрі тәжірибелі вокалистердің күшімен жүзеге асырылады. Дж.Россинидің жалынды әзіл-сықақ операсында басты партияларды: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет Байғожин (Джермано), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова (Джулия), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин (Дорвиль), Салтанат Мұратбекова (Лючилла), Рамзат Балакишиев (Дормонт), Евгений Чайников (Бланзак) орындайды.

«Астана Опера» камералық оркестрі спектакльдің қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Театр жоспарына Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале», Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» опералары, Зағир Исмагиловтың «Құдаша» музыкалық комедиясының қойылымдары және т.б. енгізілген.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры