С.Рахманиновқа арнау

4 сәуір күні «Астана Операның» Камералық залында С.Рахманиновтың 145 жылдығына арналған «Көктем сулары» концерті өтеді. Әйгілі композитор, пианист әрі дирижердің жауһарлары елордалық вокал және аспаптық жанр шеберлерінің орындауында шырқалатын болады.

«Музыка және оның шығарушылары» топтамасының музыкалық кешіне халықаралық байқаулардың лауреаты, Құрмет орденінің кавалері Айзада Капонова (сопрано), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев (баритон), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), халықаралық байқаулардың лауреаттары Балжан Сапарова (флейта), Асқар Мұқанов (виолончель) қатысады. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаттары Раушан Бескемпірова, Әйкерім Есімханова.

Сергей Рахманиновтың қайталанбас композиторлық стилі даралығымен, ерекшелігімен өзгешеленді, музыкатанушы мамандардың пайымы бойынша оның әлемдік өнерде теңдесі жоқ. Оның шығармашылығының тұла бойы Отанға деген махаббатқа, рухқа, мызғымас адамгершілік принциптеріне толы. С.Рахманиновтың орасан зор, сан қырлы мұрасына симфониялар мен симфониялық поэмалар, аспаптық концерттер, әсіресе, атақты фортепиано концерттері, сонымен қатар опералар, сюиталар, прелюдиялар, этюдтар, пьесалар, фантазиялар, вокалдық-хор музыкасы және т.б. енеді. Ұлы классиктің терең әрі өзіндік дарыны оның камералық-вокалдық және камералық-аспаптық туындыларында айқын көрінеді.

С.Рахманиновтың романстары тыңдарман қауым арасында ерекше ілтипатқа ие. Бүгінгі күні де тыңдаушылар мен музыканттар олардың шынайылығын, ашықтығын, әуезді бейнелердің қанықтығы мен поэзиялық мәтіндегі көңіл-күйді жеткізудің дәлдігін аса жоғары бағалайды. Керемет пианист бола тұра, композитор өзінің вокалдық лирикасында фортепианоның аса бай, әсерлі әрі көп қырлы партияларыне айрықша көңіл бөлген. Осының бәрі «В молчаньи ночи тайной», «Весенние воды», «Диссонанс», «Вокализ», «Я был у ней», «Здесь хорошо», «У моего окна» және кештің қанық та қызықты бағдармаласына енген өзге де шығармаларда толықтай көрініс тапқан.

Концерттің аспаптық бөлігінде П.Чайковскийдің құрметіне «Памяти великого художника» атты фортепиано, скрипка және виолончельге арналған элегиялық трио ре минор ұсынылады. Бұл туынды камералық жанр үшін ерекше үлгідегі ауқымдылықты, сонымен қатар суырып салма элементтері, кереғарлық пен толық драмалық ойдың барын сипаттайды.

Концерттің басталуы сағат 19:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры