«Астана Операның» гастролі кезінде Абай атындағы МАОБТ залына шамамен 4 мың көрермен келді

Морис Жаррдың музыкасындағы Ролан Петидің атақты «Париж Құдай анасының соборы» балеті 10-18 ақпан күндері Абай атындағы МАОБТ сахнасында өткен «Астана Опера» театрының гастролін тамамдады. Осы кезең ішінде елордалық труппаның қойылымдарына 3965 көрермен келіп, тамашалады.

Гастроль ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

«Астана Операның» Алматыдағы гастрольдік туры көрермен қауым ғана емес, сонымен бірге жетекші бұқаралық ақпарат құралдары арасында да үлкен резонанс тудырды. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Литер» сынды республикалық газеттер, «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы» қалалық газеттері, Tengrinews.kz, Zakon.kz, Informburo.kz, Inform.kz, Dknews.kz, Kursiv.kz ақпараттық агенттіктері, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар 24.kz», «Қазақстан», «Алматы ТВ», «abctv.kz», «31 арна», «КТК» телеарналары және өзге де БАҚ «Астана Опера» гастролі аясында қойылымдар жайлы ақпарат таратып, астаналық вокалистер, балет және хор әртістері, оркестр, дирижерлер мен қоюшылар туралы қызықты пікірлерін білдірді.

Сондай-ақ, мәдени өмірдегі айтулы оқиғадан Алматының мәдениет және өнер қайраткерлері, сонымен қатар Алматы шаһарының әкімі Бауыржан Байбек те тыс қалмады.

17-18 ақпан күндері Оңтүстік астананың көрерменіне Ролан Петидің «Париж Құдай анасының соборы» балеті ұсынылды. Қайтадан залда ине шаншар жер жоқ, көрерменнің қуанышы баяулап, жеңіл мұңға алмасуда, себебі бүгін Абай атындағы МАОБТ сахнасында балет труппасының соңғы өнер көрсетуі орын алмақ.

– «Париж Құдай анасының соборын» асыға күттік, қойылымның басталуына дейін үш апта бұрын билет сатып алдық. Бұрын осы балетті тек Интернеттен ғана көретін едік, шетелге шығуға мүмкіндігіміз жоқ, ал енді жолымыз болды – керемет бағдарламасын ала келген «Астана Опера» труппасының гастролі қуантты. Гастрольдік репертуарға дәл осы қойылымды енгізгені үшін театр басшылығына үлкен алғысымды білдіргім келеді, – деп атап өтті Анастасия Гончарова есімді көрермен.

Көрікті Эсмеральда рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Басбаева өнер көрсетті.

– Екеуі екі бөлек балерина, әрқайсысының өзіндік Эсмеральдасы бар. Техникалық шеберлік тұрғысында әртістерді салыстырудың еш мәнісі жоқ, екеуі де керемет болды. Дегенмен, басты әйел партиясын актерлік жағынан олар өзінше көрсете білді: Мәдина Басбаева кейіпкердің мінезін асқан құштарлықпен жеткізді, он алты жасар қамсыз сыған қызы жиналған қауымның шаттығын арттырып, көбелектей қалықтап, биге салды. Әйгерім Бекетаева өз Эсмеральдасының бойынан нәзіктік пен мейірімділік тауып, оны ерекше бойжеткен жалынымен шебер ұштастырды. Квазимодо рөлін көптеген халықаралық байқаулардың Гран-при иегері Бақтияр Адамжан мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков тамаша орындап шықты. Меніңше, Бақтияр Адамжанның биікке секіріп «шарықтауы» мен техникасы қазіргі таңда әлемдік әртістер деңгейінде тұр. Оның жасаған демеулері мен асқан актерлік шеберлігі барлық залды тәнті етті. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Арман Оразов пен Серік Нақыспеков Фролло бейнесін сәтті жасады. Олардың Архидьяконы – жағымсыз кейіпкер екеніне сендік, ол В.Гюгоның пайымындағындай едәуір бір мағыналы болып шықты. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов пен Еркін Рахматоллаевтың орындауында патшалық атқыштардың капитаны Феб нық сенімді көрінді. Әртістердің әрбір қимылы мен көзқарасында асқақтылық байқалды, ал өзімшіл Фебтың менмендігі көрерменнің бұл кейіпкерге деген аяусыздықтан басқа ешқандай сезімін тудырмады. Қойылымнан алған әсеріміз өте жақсы. «Астана Опера» театрының келгеніне өте қуаныштымын, мұндай сапалы орындауда осынау ғажап балетті тамашалаудың өзі бір ғанибет. Әлбетте, бұл Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың ерен еңбегі екені сөзсіз. Қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтың жұмысын жеке-дара атап өткім келеді, музыкасы күрделі, бірақ оған қарамастан, оркестр өте кәсіби, таза дыбысталды, музыканттар жақсы деңгейлерін көрсетті, – деп әсерімен бөлісті Меруерт Шадиева есімді балетсүйер көрермен.

Абай атындағы МАОБТ сахнасында спектакль 1965 жылы аты аңызға айналған француз хореографы Ролан Пети жасаған нұсқада ұсынылды. «Астана Операның» қойылымы оның хореографиясын (қоюшы-балетмейстер – Луиджи Бонино), Рене Алльоның сценографиясын (астаналық театрға оны Жан-Мишель Дезире әкелді) қайта жаңғыртады, ал костюмдер бойынша суретші Филипп Бино атақты кутюрье Ив Сен-Лоранның костюмдерін қайта жасады.

– «Астана Операның» барша ұжымы атынан Абай атындағы МАОБТ басшылығы мен театр директоры Асқар Исмаилұлы Бөрібаевқа жылы шыраймен қабылдағандары үшін алғысымды білдіремін. Біз алматылық жұртшылыққа асқақ өнер мерекесін тарту еткенімізге өте қуаныштымыз. Біздің барлық әртістеріміз үшін Алматының ғана емес, Қазақстанның аты аңызға айналған әрі ең сәулетті театрларының бірі – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өнер көрсету – үлкен құрмет. Бұл театрдың қабырғасында үлкен тарих сақталған, оның киелі сахнасында Қазақстанның опера және балет өнерінің дәстүрін қалаған ұлы әртістер өнер көрсеткен, – деді «Астана Опера» МОБТ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры