Жеңіс даңқын жырлаймыз

«Астана Опера» ең маңызды, ардақты әрі айбынды мерекелердің бірі – Ұлы Жеңіс Күнін атап өтпек. 9 мамыр күні театрдың Үлкен залында «Астана Опера» опера труппасының жетекші солистері, Симфониялық оркестрі мен хоры «Жеңіс даңқын жырлаймыз» концертінде өнер көрсетеді.

– Жеңіс күні – мерекеден де артық, бұл Отанымыз үшін, жер бетіндегі бейбітшілік пен әрбір отбасының жарқын болашағы үшін барын берген майдангерлер туралы мәңгілік естелік. Барша қазақстандықтар сияқты, «Астана Опера» шығармашылық ұжымы да батыр бабаларымызға мың тағзым етіп, құрмет көрсетуде. Ұлы жеңіс жолында ардагерлеріміздің батылдығы мен ержүректілігі көптеген музыкант, қалам қайраткерлері, суретшілерді шабыттандырып, әлемдік өнер жауһарларын жасауға рух берді. Осынау салтанатты күні Үлкен зал сахнасында көрермен назарына Ұлы Отан соғысы тақырыбында дүниеге келген шығармашылықтың үздік үлгілері ұсынылатын болады. Бұл музыкада қасірет пен қуаныш, еркіндікке ұмтылыс, бақытқа деген үміт, ұрпақтардың бірлігі мен еліміз үшін мақтаныш көрініс тапқан, – деді әртістер.

Концертке опера труппасының солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Башқұрстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Капонова, Бейімбет Таңарықов, Малика Минизини, Елена Ганжа, Мәдина Исламова, Рамзат Балакишиев, Қазыбек Досмұхамбетов және т.б. өнерпаздар қатысады.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры. Дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Режиссер – Наталья Кагадий.

Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына соғыс жылдарындағы баршаға сүйікті аспаптық туындылар, әндер мен романстар ұсынылады.

Концерттің басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры