Айзада Капонованың Италиядағы жеңісі

Керемет әнші-сопрано, «Астана Опера» театрының солисі, «Құрмет» орденінің кавалері, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Капонова Италияның Пезаро қаласында өткен Дж.Россини атындағы XV халықаралық байқауда 1-орынды иеленіп, тамаша жеңіске қол жеткізді.

26-30 сәуір аралығында ұлы композитор Джоаккино Россинидің туған жері – итальяндық Пезаро қаласында оның атындағы халықаралық музыкалық байқау өтті. Байқауға қатысу үшін әр елден дарынды жас музыканттар жиналды, оның ішінде сұранысқа ие қазақстандық вокалист Айзада Капонова да бар. Байқаудың негізі қаланғаннан бері 15 жыл ішінде Дж.Россини театрының сахнасында 3000-нан астам қатысушы бағын сынады. Олардың көбісі халықаралық танымалдылыққа ие болып, бүгінгі таңда әлемнің жетекші сахналарында өнер көрсетіп жүр.

Биыл классикалық вокал аталымында қазылар алқасына Дж.Россини мен В.А.Моцарт операларының бас қаһармандарының бейнелерін өз интерпретациялауымен танымал, айтулы перулық тенор Эрнесто Палачио төрағалық етті. Сонымен қатар, қазылар алқасының құрамына Эдоардо Боттачин (Италия), Джаму Янг (Оңтүстік Корея), Джанлука Пазолини (Италия), Татьяна Смелкова (Ресей), Алла Симони (Грузия), Франческа Матачена (Италия) енді.

«Астана Опера» театрының ұжымы солистті керемет жеңісімен құттықтап, болашақта шығармашылық табыстарға жете беруіне тілек білдірді.

– Халықаралық байқауға қатысу – жаңа тәжірибелерге қол жеткізіп, өз күшіңе деген сенімділікті арттыруға ықпал етеді, әр елден келген әріптестермен жүздесудің қуанышты сәттерін сыйлайды. Мен опера өнерінің отаны Италияда өткен беделді байқауда елімнің намысын қорғағаным үшін өте бақыттымын, – деді Айзада Капонова.

Әртістің Италиядағы беделді байқаудағы құрметке лайық жеңісі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жолындағы еңбек десек болады, қазақстандық мәдениет қайраткерлерінің жетістіктері арқасында отандық өнер халықаралық аренада тиісті бағасын алып отыр.

Айзада Капонова Қазақ ұлттық музыка академиясын «Вокалдық өнер» мамандығы бойынша (профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ.Н.Омарбаевтың сыныбы, 2008) тамамдады. Ол «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваль-байқауының ІІ сыйлық лауреаты (Астана, 2007); Халықаралық вокалистер байқауының І сыйлық лауреаты (Алматы, 2013); Н.Тілендиев атындағы халықаралық фестиваль-байқауының Гран-при иегері (Астана, 2015), «Құрмет» орденінің кавалері.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры