Теңіз қарақшыларының бауырластығы

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы А.Аданның «Корсар» балетінде маңызды қос дебют орын алмақ. 17 қараша күні театрдың жетекші солисі Бақтияр Адамжан құл Алидың партиясында өнер көрсетеді. Ал, бір күн бұрын, 16 қарашада театрдың Үлкен залы сахнасында епті көпес Исаак Ланкедем бейнесін балет солисі Серік Нақыспеков сомдайды.

Теңіз қарақшыларының өмірі туралы шытырман оқиғалы балеттегі құл Алидың рөлін әрдайым тамаша техника мен бірегей актерлік шеберлікке ие, ең көрнекті әрі әртістік қабілеті ұшан-теңіз солистер орындайды. Алидың әсерлі вариациясы және Медорамен орындалатын па-де-де балет байқаулары мен гала-концерттердің бағдарламасына жиі енгізіледі. Аталмыш кейіпкер спектакльдегі өзге қаһармандардан ерекшеленеді. Кейіпкердің самғап секірулері, бас айналдыратын пируэттері, оның үстіне «мысықша үйірілген» жеңіл пластикасы, нәзік стилистикасы мен көрікті дене қалыптары көрермендердің шаттығын тудырады.

«Астана Операның» асқан шебер премьері, көптеген беделді халықаралық байқаулардың гран-при иегері, елордалық сахнада ғана емес, сондай-ақ жетекші халықаралық алаңдарда да қайталанбас бірқатар бейнелер сомдап, халықтың сүйіктісіне айналған Бақтияр Адамжанның бойы мұндай қасиеттерге тұнып тұр. Әртіске кей-кейде бір қойылымның өзінде сан қырлы рөлдерді орындап шығу аса қиындық тудырмайды, өйткені ол әр қаһарманның өзіндік ыңғайын таба біледі.

Жоғары деңгейде өнер көрсету үшін жетекші солист мұндай күрделі рөлдегі дебютіне үлкен жауапкершілікпен дайындалды.

– Али – Конрадтың адал досы әрі қызметшісі. Өзін құтқарып қалған Конрадқа ол өмір бойы қызмет етуге сөз береді. Сондықтан әрдайым капитанының жанынан табылып, қажет болса, кез келген уақытта Конрад үшін өз өмірін қиюы тиіс. Екеуін қожайын мен қызметші арасындағы қатынастан гөрі достық байланыстырады деп есептеймін. Менің кейіпкерім – ең алдымен, өзіне адал рухы мықты адам, қарапайым, қашан да көмек қолын созуға дайын, ешқашан сатып кетпейді және берген сөзінен айнымайды. Али – көлеңке іспеттес, спектакль барысында оның үні шықпауы тиіс, оның ортаға шығуы мен кетуі көрермендерге білінбейді, алайда оны оқиға ішінен үнемі көріп отырады. Біздің трио өте әдемі әрі әуезді болып, халықтың көңілінен шығады деп ойлаймын, – деп атап өтті Бақтияр Адамжан.

«Астана Опера» театрының дарынды балет солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Серік Нақыспеков айлакер көпес Исаак Ланкедем партиясын әзірлеуде.

– «Корсар» балетінің көптеген жарқын бейнелерінің ішінде Исаак Ланкедем мен үшін айтарлықтай қызықты. Бұл жай ғана техникалық партия емес, мұнда үлкен актерлік шеберлікті көрсету қажет. Әртіс рөлін өзінше түсіндіруге ерікті, сондай-ақ аяқ қимылына, денені бір қалыпта ұстауға қатысты көп еркіндік берілген, оның үстіне кордебалетпен үнемі өзара байланыста болу қажет. Кейіпкер бейнесіндегі ең негізгісі – мақсатқа ұмтылудағы табандылық пен ақшаға деген құмарлық. Оның тұтқыны Медораны Конрадтың ұрлап кеткеніне қарамастан, Ланкедем бәрібір қыздың артынан барады. Мен үшін бастысы – көрермендерге кейіпкерімнің бейнесін, оның айлакерлігін, дүниеқоңыздығын жеткізу. Спектакль жоғары деңгейде өтетініне шынайы сенім білдіремін, – деді Серік Нақыспеков.

Медора партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова орындайды. Конрад – Арман Оразов, Олжас Тарланов. 16 қарашада құл Али бейнесінде Еркін Рахматуллаев сахнаға шықса, 17 қарашада Исаак Ланкедем партиясын Жансерік Ахметов сомдайды. Бирбанто – Олжас Маханбетәлиев, Ильдар Шакирзянов. Сеид-паша – Рахметолла Науанов, Жанәділ Бейсембиев. Гюльнара – Шұғыла Әдепхан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева.

Қоюшы хореограф – әлемге әйгілі прима, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова, қоюшы хореографтың ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский, Елена Шерстнева. Қоюшы суретші – заманымыздың атақты сценографы Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, бейне проекциялар бойынша суретші – Серджио Металли, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани. «Астана Опера» симфониялық оркестрі спектакльдің қоюшы дирижері Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Спектакльдің басталуы: 16 қараша сағат 19:00-де, 17 қараша – сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры