«Севильдік шаштараз» операсы Астана төрінде шырқалмақ

«Севильдік шаштараз» операсы Астана төрінде шырқалмақ

Маусымның көптен күткен премьерасы еліміздің бас театры – «Астана Опера» сахнасында 12-13 қазан күндері орын алмақ. Көрерменге әлем бойынша мыңнан астам орындалуына себеп болған қарқынымен, музыкалық әзілімен ерекшеленген Джоаккино Россинидің атақты әрі баршаға сүйікті «Севильдік шаштараз» комедиялық операсы әзірленуде.

Қойылым тобында музыка әлемінде есімдері әйгілі хас шеберлердің құрамы ұсынылған: қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері, әлемге аты мәшһүр маэстро Алан Бөрібаев, режиссер – атақты итальяндық қоюшы Альфонсо Антониоцци, сценографтар – «Астана Операның» тұрақты серіктесі – Эцио Фриджерио (онымен бірлесе театр көптеген қойылымдарды жүзеге асырды) мен жас әрі болашағы зор итальяндық сценограф Риккардо Масирони. Костюмдер бойынша суретші – «Сирано де Бержерак» фильміндегі жұмысы үшін «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино. Костюмдер бойынша суретшінің ассистенті – Анна Верде (Италия) мен Арасель Досмұратова (Қазақстан). Проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли (Италия).

«Севильдік шаштараз» көрнекті француз драматургы Пьер Бомаршенің аттас комедиясының сюжетіне құрылған, либреттосын Чезаро Стербини жазған. Операның тұсаукесері 1816 жылы 12 ақпанда Рим қаласында өтті. Операның бас кейіпкері – Фигаро. Оның бейнесінде өмірлік күш-қуат, келешекке деген сенім, тапқырлық көрініс тапқан. Комедияда ол сол замандағы қоғамның алдыңғы қатарлы тобының көзқарасын білдіруші ретінде өнер көрсетеді.

Аталған комедиялық опера өзінің ұшан-теңіз өткірлігі, мол сазды әуені әрі вокалдық партиялардың жарқын шеберлігі арқылы ғасырлар бойы барлық ел көрермендерінің жүрегінен орын алып келеді. Өмірдің өзінен алынғандай сюжеті күтпеген оқиғаларымен баурай түседі.

Бұл операдағы басты партияның алғашқы әрі жарқын қазақстандық орындаушыларының бірі КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаев болды, ол Кеңес Одағы кезінде Фигаро партиясын үздік сомдаушы өнерпаз деп танылды. «Астана Операдағы» аталмыш партияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин мен Талғат Мұсабаев әзірлеуде. Граф Альмавива партиясын Фредерико Бутацци (Италия), Дамир Сәдуақасов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин ұсынады. Бартоло – Бауыржан Әндержанов, Евгений Чайников, Александр Красиков. Розина – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова; Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген әрітісі Альфия Каримова және көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Капонова. Бартоло – Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, сонымен қатар Тайыр Тәжі мен Евгений Чайников. Берта – Татьяна Вицинская, Малика Минизини, Гүлжанат Сапақова. Фиорелло – Талғат Ғалеев, Ержан Саипов. Офицер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев және Шыңғыс Расылхан.

Спектакльдің басталуы: 12 қазан сағат 19.00-де, 13 қазан сағат 18.00-де

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры