Олег Злакоман: «Радамес партиясы – тенорлық репертуардағы ең күрделі партиялардың бірі»

Одесса Ұлттық академиялық опера және балет театрының солисі Олег Злакоман (Украина) аты аңызға айналған режиссер әрі сценограф Ф.Дзеффирелли қойылымындағы Дж.Вердидің «Аида» операсында Радамес партиясында алғаш өнер көрсететін болады. Спектакль 25 ақпан күні «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында өтеді.

Одессалық көрерменнің сүйікті өнерпазы, жарқын тенор Олег Злакоман Еуропа мен Азия елдерінде үнемі гастрольдік сапармен өнер көрсетеді. Вокалистің шығармашалығы Dunarea Albastra (Галац, Румыния), А.Дворжак атындағы халықаралық вокалистер байқауы (Карловы Вары, Чехия), А.Соловьяненко атындағы «Соловьиная ярмарка» жас вокалистердің ашық байқауы (Донецк, Украина) сынды халықаралық додаларда жеткен жетістіктерімен атап өтілді. Мәдениет пен өнер саласындағы ерен еңбегі үшін оған Н.Огренич стипендиясы тағайындалған.

Осы күні шақырылған әртіспен бірге сахна төріне «Астана Опера» театрының жетекші солистері шығады. Аида партиясын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Хабдуллина орындайды, Амнерис рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина өнер көрсетеді, Амонасро бейнесінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев шығады. Египет патшасы партиясында жас дарынды солист Шыңғыс Расылған алғаш өнер көрсетеді. Рамфис – Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Гонец – Рамзат Балакишиев, Абыз – Елена Ганжа.

– Радамес бейнесі «қимыл үстінде» болуы тиіс: көрермен алдына нағыз жауынгердің бойындағы қасиетке ие ержүрек қаһарман шығады, алайда оның үстіне Аиданы шексіз сүйетін мейірімді әрі лирикалық тұлға бола алады. Маған оның жастық шағы мен қажымас қайраты өте жақын. Радамес партиясы тенорлық репертуардағы ең күрделі партиялардың бірі екенін атап өтуге болады. Орындаушылық шеберлік тұрғысынан қарағанда ол өте көрнекті партия, оған қарап әншінің вокалдық-техникалық дағдысын толық бағалауға болады. Мен үшін осы партияда «Астана Опера» сахнасында алғаш өнер көрсету үлкен құрмет, толқу мен жауапкершілікті сезінемін. Тыңдаушыларға кемеңгер композитор Джузеппе Вердидің әйгілі шығармасынан естен кетпес әсер алуын тілеймін,- деп бөлісті Олег Злакоман.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі және хоры, дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Қойылымның басталуы сағат 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры