Дарын иелерімен алмасу

Қоғам қабылдамаған париждік жеңіл жүрісті әйелдің махаббат тарихы туралы  «Травиата» операсы 31 қазан күні «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында ұсынылады. Симфониялық оркестрге атақты еуропалық дирижер Диан Чобанов (Болгария) жетекшілік етсе, қазақстандық маэстро Абзал Мұхитдинов 20 қазанда Болгарияның Пловдив опера театрында тамаша өнер көрсеткен еді.

– Бұл менің Қазақстанға алғашқы келуім, бірақ сіздердің керемет елдеріңіз бен «Астана Опера» театры туралы көп естігенмін. Астаналық әртістермен және көрермендермен кездесуді асыға күтемін. Спектакльдің жоғары деңгейдегі сапасына қол жеткізу оңайлықпен келмейтінін, бұл әрдайым  үлкен еңбек екенін атап өткім келеді. Опера – өте күрделі синкреттік өнер, ол кемелденген дирижерлік дағдыларды, тәжірибені және өнер көрсету кезінде барлық жағдайларға мінсіз көңіл бөлуді қажет етеді. «Травиатаның» партитурасы соншалықты күрделі емес, алайда ол өте танымал! Сондықтан, оны ешқашан жете бағаламауға болмайды, – деп бөлісті  Диан Чобанов.

Өз кезегінде, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Астана Опера» театрының дирижері Абзал Мұхитдинов шығармашылық алмасу аясында Болгарияның жетекші театрларының бірі Пловдив опера театрында 20 қазан күні Д.Д.Шостоковичтің «Катерина Измайлова» операсына үлкен табыспен дирижерлік еткен. Болгария көрермендері белгілі қазақстандық маэстроға зор қошемет көрсетіп, ыстық ықыластарын білдірді.

«Травиата» операсында сахна төріне «Астана Опера» театрының керемет солистері шығады: Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова Виолетта Валери партиясын орындаса, Мейір Байнеш Альфред Жермон рөлін сомдайды. Талғат Ғалеев Жорж Жермон партиясын дайындауда, Гастон – Бейімбет Таңарықов, Флора Бервуа – Гүлжанат Сапақова, Аннина – Салтанат Мұратбекова, Маркиз д’Обиньи – Болат Есімханов, Барон Дюфоль – Евгений Чайников, Доктор Гренвиль – Шыңғыс Расылхан, Комиссионер – Нұрлыбек Қоспармақов, Джузеппе – Рамзат Балакишиев.

Дж.Верди қоғам қабылдамаған әйелді өз операсының кейіпкері етіп алды; сазгер мұны опера атауында арнайы атап көрсетті («Травиата» – итальянша – азғын, теріс жолға түскен). Дж.Верди Виолеттаның адамгершілігі мен жан сұлулығын бейнелеп қана қоймай, өзін қоршаған жеңіл жүрісті ортадан және ақсүйек қоғамның ізгілікті өкілі, Альфредтің әкесі – Жорж Жермоннан артықшылығын көрсетті.

Басталуы сағат 19.00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры