«Қыз Жібек» операсындағы жаңа есімдер

28 қаңтар күні театрдың Үлкен залы сахнасында «Астана Операның» солисі, керемет меццо-сопрано иесі Малика Минизини Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Батсайы партиясында алғаш өнер көрсетеді.

– Актерлік ойын – бұл рөлдің күрделілігі осында жатыр. Көпті көрген келіншек – менің кейіпкерім Қыз Жібекті ұзатады. Бір қызығы, Батсайыға жұрт екі жақты қарайды: біреулер үшін ол мейірімді болса, ал басқалары оны қатал әрі талапшыл деп қабылдайды. Меніңше, бұл Батсайының құдалар алдында өзінің қонақжайлылығын көрсетуімен, сонымен қатар қалыңдықтың ең жақсы күйеу жігітке лайықты екенін білдіруімен байланысты. Вокалдық тұрғыда партия өте әсем, дегенмен, адамдарды шақырып, дауыс салатын күрделі тұстары да бар. Бұл өте әсерлі сәт, әрбір көрермен қазақ халқының рухын сезінуі үшін залды осындай қуатпен толтырып, жандандыруым қажет. Сырлы сезім, жан толғанысы, актерлік ойын арқылы бейнемнің бар нақышын жеткізе білуім керек. Қазақ операсы орындауда күрделі болып табылады, әнші әр сөздің мән-мағынасын жоғалтпай, дәл әрі нақты шырқауға тиісті, – деді Малика Минизини.

Алғашқы қазақ операсы «Қыз Жібек» бірден ұлттық музыкалық өнердің інжу-маржаны ретінде танылды. Жібек пен Төлегеннің қайғылы махаббаты туралы аттас халық лиро-эпостық поэманың негізінде либреттоны белгілі драматург және жазушы Ғабит Мүсірепов, ал музыкасын Евгений Брусиловский жазды. Композитор, қазақ халық әндері мен күйлерін, сонымен қатар халық сазгерлері – Ыбырай, Мұхит, Жаяу Муса, Тәттімбеттің шығармаларын еуропалық аспаптау мен гармония өнерін қазақ музыкасында батыл қолдана білді.

Осы операда көрермен қауым жылдың бар төрт мезгілін тамашалайды. Көпшілікті таңғажайып 3D әсерлері, С.Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың керемет декорациялары, көздің жауын алар костюмдері ғана қуантып қоймай, сонымен қатар, қойылымдағы кәдімгі жануарлар – түйе мен жылқылар таңдандырары сөзсіз.

Еске салар болсақ, басты партияларды әр жылдары КСРО халық әртістері К.Байсейітова, Р.Жаманова, Б.Төлегенова, Қазақ КСР Халық әртістері Қ.Байсейітов, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, Қазақстанның Халық әртісі Н.Үсенбаева және басқалары тамаша орындады.

28 қаңтар күні Жібек партиясын Назым Сағынтай, Төлеген – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев, Бекежан – халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Ғалеев, Шеге – Бейімбет Таңарықов, Базарбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Қамқа – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Қарлығаш – Мәдина Исламова, Батсайы – Малика Минизини, Дүрия – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ орындайды.

«Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижерлік пульт басында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдинов. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

Қойылымның басталуы сағат 19.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры