«Астана Опера» әртістері жаңа балет шыңын бағындырды

Танымал қазақстандық балет әртісі, «Астана Операның» жетекші солисі, көптеген мәртебелі халықаралық байқаулардың Гран-при лауреаты Бақтияр Адамжан «Мистер Виртуозность» аталымында беделді халықаралық Dance Open балет сыйлығының (Санкт-Петербор, Ресей) лауреаты атанды. «Астана Опера» балет солисі Серік Нақыспеков «Арабеск-2018» байқауының (Пермь, Ресей) лауреаты болды.

Санкт-Петербор Халықаралық Dance Open балет сыйлығы Халықаралық Dance Open балет фестивалі аясында жыл сайын табысталады. Фестивальдің ұйымдастырушы комитеті өнер мен шығармашылық жолында шарықтау шегінде тұрған әлемдік балет жұлдыздары арасынан жеңіске үміткерлерді таңдайды. Осы жылы жарқын жұлдыздардың қатарына Бақтияр Адамжан да енді.

17 сәуір күні Александрийский театрының Негізгі сахнасында әлемдік балет жұлдыздарының гала-концертінен соң Этнографиялық мұражайдың Мәрмәр залында марапаттау рәсімі өтті. Лауреаттарға 1913 жылы Б.Фредман-Клюзельдің әйгілі балерина А.Павлованың аяғы үлгісінде жасаған хрусталь мүсінше көшірмесі түрінде бірегей естелік сыйлықтар ұсынылды. «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжанға хрусталь мүсіншені екі дүркін олимпиада чемпионы, жеңіл атлетикадан әлемнің рекордсмені Светлана Мастеркова табыстады.

Фестиваль сахнасында аты әлемге мәшһүр жұлдыздар тоғысты: Dance Open фестивалінің ең қызған маусымына әлемнің 6 елінен 6 балет труппасы қатысты, сонымен қатар Италия, Германия, Франция, Ұлыбритания, Нидерланд, Испания, Словения, Жапония, Корея, Қытай, Армения, Украина, Беларусь, Ресей және т.б. елдердің солистері бас қосты.

Биыл әділқазылар төрағасы – әлемдік хореографияның алыбы Ханс ван Манен (Dutch National Ballet, Нидерланд) болды, оның қойылымдары 40-тан астам әлемдік балет театрларының репертуарына енген. Сондай-ақ қазылар құрамында – Кшиштоф Пастор (Polish National Ballet, Польша), Тед Брандсен (Dutch National Ballet, Нидерланд), Ирина Черномурова (Ресейдің Үлкен театры, DanceInversion фестивалі), Кристиан Шпук (Ballett Zürich, Швейцария), Вячеслав Самодуров (Екатеринбург опера және балет театры), Антонио Нахарро (Испанияның Ұлттық балеті), Андриан Фадеев (Л.Якобсон атындағы Санкт-Петербор мемлекеттік академиялық балет театры), Акрам Хан (Akram Khan Company, Ұлыбритания), Тобиас Эхингер (Дортмунд театры, Германия), Мауро де Кандиа (Оснабрюк Би театры, Германия).

– Санкт-Петербор Халықаралық Dance Open балет фестивалі би өнеріндегі ең жоғарғы санаттағы шеберліктің нышаны болып табылады. Осындай деңгейдегі фестивальге қатысу – аса зор мәртебе ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Жетекші халықаралық театр солистері түрлі стиль, жанр мен бағыттардағы нөмірлерді орындай отырып, асқан жетістіктерін, тамаша техникасы мен әртістік өнерін паш етті. Барша құрлықтан келген әртістердің өнерін қазылар құрамындағы әлемдік хореографияның беделді тұлғалары мен петерборлық әккі көрермен қатаң бағалады. Өз кезегімде, мен, өнер көрсетуімнің аса тебіреністі әрі әсерлі болуы үшін барын жасауға тырыстым. Қолдау көрсеткені үшін «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға алғысымды білдіремін. Бұл марапат қазақстандық мектептің әлемдік балет майталмандары арасында лайықты құрметке ие екендігін дәлелдесе керек, – деп атап өтті Бақтияр Адамжан.

Тағы бір маңызды жеңіске, бірақ Е.Максимова атындағы «Арабеск-2018» XV балет әртістерінің ашық байқауында (Пермь, Ресей) көптеген халықаралық додалардың лауреаты Серік Нақыспеков қол жеткізді. Солист Георгий Зоричтың «Бишінің техникалық тазалығы мен орындаушылық әртістігі үшін» арнайы сыйлығына ие болды. Байқаудың жабылу салтанаты мен лауреаттардың гала-концерті 21 сәуір күні П.И.Чайковский атындағы Пермь академиялық опера және балет театрының сахнасында өтсе, 22 сәуірде «Арабеск-2018» лауреаттары мен дипломанттарының Үлкен гала-концерті болды. Осы жылы қатысушылар ауқымы 15 мемлекет пен Ресейдің 15 қаласын қамтыды. Классикалық хореографиялық байқауға – 111, заманауи хореография сайысына 79 адам қатысты. Тоғыз күн ішінде байқаудың көркемдік жетекшісі, КСРО Халық әртісі Владимир Васильевтің төрағалығымен қазылар алқасының қарауына жүздеген би нөмірлері ұсынылды.

Әртістердің мәртебелі жеңістері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жолындағы толағай табыстардың қатарын толықтырары сөзсіз, осынау керемет жетістіктер қазақстандық өнердің халықаралық аренадағы танымалдылығын одан әрі арттыра бермек.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры