«Астана опера» шығармашылық ұжымы Қарттар үйінде жаңа жылдық қайырымдылық концертін берді

Астана қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» КММ-де мерекелік көңіл-күй қалықтады. «Астана Опера» әртістері қарттардың қалыптасқан күнделікті өміріне жаңа реңк енгізді.

Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», Фальяның «Скажите, девушки…», М.Добронравовтың сөзіне жазылған А.Пахмутованың «Надежда» әні концерт бағдарламасының көркін қыздырып, «Девчата» кинофильмінен сүйікті «Старый клён» әні және т.б. көптеген туындылар шырқалды.

Қымбатты тыңдармандарға Раушан Бескемпірованың музыкалық сүйемелдеуімен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Гүлжанат Сапақова, Мәнсия Естекова, Жанна Тышқанова, Жанель Қатпаева, Нұрлан Шауханов, Хайдар Мұстапин  және тағы басқа әртістер өз өнерлерін паш етті. Константин Стригиннің жарқын, жайдарлы баян үні көпшіліктің көңіл-күйін көтерді. Концертті музыкатанушы Маржан Жәкенова жүргізді.

Ризашылық танытқан көрермен ұзақ уақыт солистерге қошемет көрсетіп, оларды жібергілері келмеді. Концерт бағдарламасы аяқталған соң әртістер қарттарға жаңа жылдық сыйлықтар тарту етті.

– Жүрегімізді қуаныш сезімі кернейді. Тамаша мереке ұйымдастырғаны үшін «Астана Опера» ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін. Келе жатқан Жаңа 2019 жыл барлық қазақстандықтар үшін молшылық жылы болсын, баршаңызға зор денсаулық пен ашық аспан тілеймін, – деп бөлісті Мария Владимировна есімді тыңдарман.

Қайырымдылық концерт «Астана Опера» демеушісі – «Samruk-Kazyna Trust»  әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен өтті.

Бұдан бөлек, 27 желтоқсан күні «Астана Опера» театрында балаларға арналған қайырымдылық концерті ұйымдастырылып, Астана қаласы әкімдігінің «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан» келген ұл-қыздарға «Жануарлар карнавалы» концерті ұсынылды. Көрсетілімнен кейін жас көрермендер ертегі кейіпкерлері – Аяз Ата және Ақшақармен бірге шыршаны айналып, ән салды, сонымен қатар тәтті сыйлықтарға ие болды.

Жалпы алғанда, «Астана Опера» шығармашылық ұжымы жылына оннан астам қайырымдылық концертін береді.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры