Ерекше ұсынылған музыкалық классика

«Астана Опера» театрының тамаша аспапшы-музыканттары тыңдарман назарына «Фантазия, блюз, фокстрот» концертінің бірегей бағдарламсын ұсынбақ. Түрлі жанр мен дәуірдегі жарқын шығармалар 29 маусым күні Камералық зал сахнасында ерекше орындауда шырқалмақ.

Бұл кеште «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің әртістері – Зынхар Ахметбек (скрипка) пен Айнұр Қамалова (арфа), сондай-ақ Назым Уәлиева (виолончель), Наталья Керносова (фортепиано) жеке және бірегей ансамбльдік құрамда өнерлерін ортаға салады.

Астанада алғаш рет К.Сен-Санстың сирек орындалатын скрипка мен арфаға арналған ля мажор, ор.124 шығармасы шырқалады. Жас әрі талантты скрипкашы Зынхар Ахметбек  С.Франктың  Э.Изаиге арнаған скрипка мен фортепианоға арналған сонатасын, Дж.Гершвиннің Я.Хейфецтің өңдеуіндегі скрипка мен фортепианоға арналған үш прелюдиясын, Г.Ф.Гендель мен Ю.Хальворсеннің скрипка мен виолончельге арналған Пассакалиясын орындайды.

– Айнұр екеуміз К.Сен-Санстың скрипка мен арфаға арналған фантазиясын орындасақ деп көптен бері армандайтынбыз. Бұл кереметтей әдемі шығарма. Скрипка мен арфаның қосылып орындауына арналған туындылар өкінішке орай көп емес, бұл ретте екі аспап та өзіндік әсем дыбысталуымен ерекшеленеді. Бұған қоса, С.Франктың скрипка мен фортепианоға арналған атақты сонатасын орындауға ниеттеніп жүрген едім. Кез келген музыкант үшін үнемі жаңа дүниелерді орындау, өзін жетілдіре түсу, бабында болуы өте маңызды. Халыққа ұсыну үшін концерт дайындау, жаңа бағдарлама таңдау, жаттығу әрі дайындалу – оңай шаруа емес, бұл орайда ұсынылған әр шығарма өзінше күрделі және орындау ерекшеліктері болады, – деді Зынхар Ахметбек.

Танымал арфашы Е.Вальтер-Кюненің П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының тақырыптарына жазған жеке арфаның керемет фантазиялары шырқалып, елорда тұрғындары мен қонақтарын бір қуантпақ. Фантазия музыкантқа әртістік темпераментін көрсетіп, жарқын ойын, мінсіз дәлдік пен таза орындаушылығын паш етуге мүмкіндік береді. Шығармадағы асқан мәнерлілік тыңдармандардың қиялын жаулап алады, олар ғажап пассаждардан П.Чайковский операсының сүйікті кейіпкерлерін оңай тани алады.

– Осы кеште виолончель мен арфаның орындауында шырқалатын Е.Вальтер-Кюненің П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының тақырыбындағы арфаға арналған фантазиясы да Ж.Массненің «Таис» операсынан «Толғану» шығармасы сияқты – нағыз классикалық музыка жауһары болып табылады. Бұл концертке үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Үлкен жұмыс жүктемесіне – театр репертуары бойынша таңертең әрі кешке болатын күнделікті оркестрлік дайындықтарға қарамастан, біз жеке бағдарламамызбен қосымша дайындықтар жасап үлгереміз. Тыңдармандардың сенімін ақтап, оларға асқақ өнермен қауышудан шаттық сыйлауға тырысамыз, – деді  Айнұр Қамалова.

Басталуы сағ. 19:00-де.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры