Неміс музыкалық романтикасы – Астанада

Неміс музыкалық романтикасы – Астанада

Танымал шығармашылық ұжым – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің жетекшілігіндегі Қазақстан Республикасының «Форте-трио» мемлекеттік триосы «Астана Опера» Камералық залы сахнасында өнер көрсетпек. Кеш қонақтары – ҚР еңбек сіңірген қайраткері баритон Азамат Жылтыркөзов пен альтист Ольга Калько. 17 қазан күні музыканттар «Форте-трио» шақырады» топтамасынан «Неміс романтикасы» атты жарқын концерттік бағдарламаны ұсынады.

«Қазақконцерт» МКҰ шығармашылық ұжымы – «Форте-трио» мемлекеттік триосының өнер көрсетуі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

Трио құрамында керемет музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары – скрипкашы Динара Базарбаева-Сахаман, виолончелист Мұрат Нарбеков, ұжымның көркемдік жетекшісі, атақты пианист Тимур Урманчеев бар.

Осы кеште елорда тұрғындары мен қонақтарына неміс романтизмінің музыкасы – композиторлар Феликс Мендельсон-Бартольди, Роберт Шуман, Йоганес Брамстың шығармалары ұсынылмақ.

Ф.Мендельсон-Бартольдидің соңғы шығармаларының бірі – №2 фортепианолық триосы до минор шырқалады. Автордың композиторлық әрі орындаушылық жолының кемелдену кезеңінде жазылған триода Ф.Мендельсон стилін сипаттайтын негізгі қырлар көрініс тапқан. Бұл музыкаға драматизм мен әуезділік, асқан шеберлік пен шапшаңдық, ықшамдылық тән.

Тыңдармандарға сондай-ақ Р.Шуманның әйгілі вокалдық топтамасы – оның жанына жақын болған Генрих Гейне өлеңдеріне жазылған «Ақын махаббаты» ұсынылады. Г.Гейненің өмірінен алынған махаббат тарихына байланысты «Лирикалық интермеццо» деп аталатын алпыс бес өлең топтамасынан композитор он алтысын таңдап алған. Шығармаларда махаббат, мұң мен күмән, бақыт пен үмітсіздіктің туындауы көрініс табады.

Й.Брамстың №1 фортепианолық квартеті соль минор, ор. 25 туындысы орындалатын болады. Квартет Й.Брамсқа тән мұңдылық пен сезімдердің жойқын екпінін үйлестіретін көңіл-күй құрылымын айшықтайды. Туынды сондай-ақ ауқымыдылығымен, өзгеше  құрылымымен, жанрлық байланыстардың сан алуандылығымен, аса қанық тақырыбымен, бейнелілігімен ерекшеленді.

Басталуы сағат 19:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры