Виолончельдің нәзік үні

18 сәуір күні «Астана Операның» Камералық залында КСРО Халық әртісі Наталия Шаховскаяны еске алуға арналған «Виолончельдің ғажайып үні» концерті өтпек. Бұл музыкалық кеште атақты виолончелистің шәкірті – белгілі қазақстандық музыкант, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының мәдениет пен өнер саласындағы лауреаты, халықаралық байқаулардың лауреаты Ермек Құрманаев сахна төріне шығады.

– Наталия Николаевна Шаховская – ХХ ғасырдың көрнекті виолончелисті, өмірінің соңғы күндеріне дейін ауқымды концерттер берді, ал оның тұлға ретіндегі маңызды қырларының бірі – дарынды ұстаз болуы. Өз шәкірттеріне әрқашан мейірімділікпен қарайтын. Н. Шаховская – қашан да сөзімен де, ісімен де қолдау көрсетуге дайын тұрған кісілігі мен кішілігі мол үлкен адамгершілік иесі еді. Біз оны тек педагог ретінде ғана емес, жақын досымыз, анамыз ретінде қабылдайтынбыз. Осы кеш ұлы музыкант-виолончелистке арнау болмақ. Бағдарламаға Наталия Николаевнаның сүйікті шығармаларына айналған Л. ван Бетховен мен Д.Шостаковичтің ең жарқын әрі жасампаз сонаталары енді. Виолончель мен фортепианоға арналған №3 сонатада Л. ван Бетховен шынайы әрі мейірбан адам ретінде өзін суреттеген, бұл өте көңілді шығарма. Д.Шостаковичтің виолончель мен фортепианоға арналған сонатасына келсек, мұны орындау үшін, сөзсіз, үлкен мектептен өту қажет, бұл күрделі шығарма. Сонымен қатар, концертке керемет пианист Анар Камельинова қатысады, екеуміздің ортақ концерттеріміз өте көп, ол – өз ісінің хас шебері, камералық музыканы тамаша орындаушы. Қымбатты тыңдармандарымыз үшін музыкалық тосынсыйлар әзірледік, тыңдарман қауым лайықты бағасын береді деп үміттенеміз, – деп атап өтті Ермек Құрманаев.

 

Еске салар болсақ, Наталия Шаховская – Мәскеу консерваториясының профессоры, П.И.Чайковский атындағы ІІ Халықаралық байқаудың (Мәскеу) бірінші сыйлық лауреаты, М.Л.Ростроповичтің ең дарынды шәкірттерінің бірі. Әлемнің алдыңғы қатарлы сахналарында өнер көрсете отырып, ол, шын мәнінде, классикалық және заманауи репертуардағы барлық жеке және ансамбльдік шығармаларды орындады. Оған С.Беринский, С.Губайдуллина, Л.Книппер, Н.Сидельников, С.Цинцадзе сынды әйгілі композиторлар өз шығармаларын арнады. Мстислав Ростроповичтің пікірінше, Наталия Шаховская айрықша дарынға ие әртіс болатын. Ұлы маэстро оның өнерінің терең мазмұнын, сан қырлы әрі ауқымды үнін ерекше атап өтетін.

Концерт бағдарламасында Л. ван Бетховеннің виолончель мен фортепианоға арналған №3 сонатасы, Ля мажор, 69 ор. ұсынылған. Бұл ғажайып туынды 1808 жылы – кемеңгер композитор шығармашылығының асқақтап тұрған шағында жазылған болатын. Дәл осы №3 сонатада композитор виолончель мен фортепиано партиялары арасында тепе-теңдік қалыптастыруға ұмтылғаны белгілі.

Сондай-ақ Д.Шостаковичтің 1934 жылы жазылған виолончель мен фортепианоға арналған сонатасы, ре минор, ор. 40 шырқалады. Өзінің жалғыз сонатасында композитор музыка тілінің тазалығына ерекше назар аударады, классикалық пішінді сақтап, шығарманы өзіне тән өткірлік пен мәнерлілікке қанықтырады. Д.Шостаковичтің осы шығармасын орындау виолончелистен де, пианистен де асқан шеберлікті талап етеді.

Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаты Анара Камельинова.

Концерттің басталуы сағат 19:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры