Флейтаның нәзік үні

«Астана Операның» оркестр солистері – керемет флейташылар Александр Тараскин, Балжан Сапарова, Әлима Әбеуова, Аида Әбдіқадырова, Жанбота Балғабеков, Әйгерім Дәуітбаева «Демалыс күндеріндегі флейта сазы» концертінде жеке және ансамбльдік орындаушылық өнерін көрерменге паш етеді. Музыкалық кеш 25 наурыз күні театрдың Камералық залында өтеді. «Астана Опера» Камералық оркестрінің дирижерлік пульт басында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

Флейта – көне музыкалық аспаптардың бірі. Ағаштан жасалған үрмелі тобының таңғажайып аспабының жеңіл, әуелеген, «қалықтаған» үні құстардың әнімен өзара байланыс тудырады. Флейтаның құрылымы ғасырлар бойы өзінің даму жолында айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Флейтаның дыбысталуы сиқырды еске салады. Оның таңғаларлық әсем сазы ерекше ашық, таза әрі айқын. Көптеген халықтардың фольклоры мен ертегілерінде флейта маңызды орынға ие болғаны бекер емес, ол тылсым күш құдіретіне жиі бөленеді.

«Астана Опера» оркестрінің тәжірибелі музыканттарының қолында флейтаның жұмсақ әрі сазды үні тыңдаушыға керемет ләззат сыйлап қана қоймай, өзінің мәнерлі, өткір әуенімен еліктіріп жібереді. Тыңдарман қауымға бароккодан бастап заманауи авторлардың шығармаларына дейінгі музыкалық стилистикалық бағыттардың кең ауқымы ұсынылады, әртістер флейтаның көркемдік және техникалық мүмкіндіктерінің сан қырын көрсететін болады.

Концерт бағдарламасына оркестрмен флейтаға арналған сирек орындалатын туындылары енді, атап айтқанда, Ж.Кастередтің «Демалыс күндеріндегі флейта сазы», А.Жоливенің флейта мен ішекті аспаптар оркестріне арналған концерті, Ф.Борнның Ж.Бизенің «Кармен» операсының флейта мен ішекті аспаптарға арналған тақырыптарындағы фантазиясы, С.Шаминадтың концертиносы, К.Допплердің «Флейтаға арналған венгер фантазиясы» және Дж.Вердидің «Риголетто» операсының тақырыптарына фантазиясы, Ф.Мартеннің «Балладасы», И.Андерсонның «Баллада және сильфтер биі», А.Вивальдидің пикколо-флейтасына арналған концерті шырқалады.

Концерттің басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры