Нағыз махаббат: «Астана Операда» премьера

19 және 20 сәуір күндері Дж.Пуччинидің шоқтығы биік шығармасы – «Богема» операсы «Астана Опера» сахнасында жұртшылық назарына ұсынылды. Режиссер Андреа Бернардтың  мәңгілік махаббат хикаясына деген жаңа көзқарасы астаналық өнер сүйер қауымды таңғалдырып, көңілін баурап алды. Эйфель мұнарасы, от шашқан әткеншектер мен сахнаны айнала жүрген өмірдегідей өлшемдермен жасалған пойыз залда отырғандарды шаттыққа бөледі. Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

«Богеманы» сан қырлы түрде ұсынуға болады, алайда бұл ең үздік қойылымдардың бірі, –  деп таңғалыстарын білдіріп жатты спектакльден кейін көрермендер.

Үздік қазақстандық әртістер мен әлемге танымал әрі сұранысқа ие классикалық өнер мэтрлерінің жұмысы қойылымды табысты етті.

Олардың бірі – маэстро Джузеппе Акуавива – орындауға айтарлықтай күрделі осынау стильді егжей-тегжейлі меңгерген, Пуччини опералары бойынша әйгілі маман. «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің орындауына қарағанда, дирижер партитураның барлық нюансын музыканттардың көкейіне жеткізе білген. Олардың орындауындағы музыканың әрбір қас қағым сәті мән-мазмұнға қанық. Дж.Пуччини Миланда оқып жүрген кезінде өз операсының кейіпкерлері тәрізді кедейшілік көріп, үйшікте өмір сүргені, қарыз берушілерден жасырынып, жалға берушілермен жанжалдасқаны белгілі. Сондықтан болар, ол өз қаһармандарының бейнесін терең жеткізе білген.

Әлемдік деңгейдегі майталман, «Достық» орденінің кавалері, заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерио театрымызға тағы бір жауһарын тарту етті. Бұл қойылымда ХХ ғасырдың басы көрсетілгеніне қарамастан, елордалық көрермен  маэстроның стилін ХІХ ғасырдағы дәуір ұсынылатын спектакльдері бойынша тани алатындығы қызық.  Осыдан болар «Богема» заманауи тыңдарманға түсінікті әрі жанына жақын. Ауқымды көпдеңгейлі декорациялар барлығын көріністен-көрініске – бірде құбырлар қоршаған иесіз қалған зауытқа, бірде сән-салтанатты Париж жәрмеңкесінің көңіл-күйіне бөлейтін жарқыраған алаңға, біресе қар жамылған теміржол бекетіне апарып, ерекше романтика тудырды.

Әртістер осы көріністердің әрбіреуіне жағдайы бейшара болғанымен, рухани тұрғыдан бай богемалық жасампаздардың рухын сіңіре білді. Солистер лирикалық және драмалық эпизодтарда керемет дуэттер шығарды. Әр күндері: Мими – Мария Мудряк пен Майра Мұхамедқызы, Рудольф – Медет Чотабаев пен Жан Тапин Пуччиниге тән вокал стилін тамаша меңгергендігін паш етті. Орындаушылардың актерлік ойынын ерекше атап өткіміз келеді. Олар өз кейіпкерлерінің мінез-құлқын жете сезініп, олардың күйінішіне терең бойлап, бар эмоцияларын берді, сахнада солардың ғұмырын кешті.

Салтанат Ахметованың, Альфия Каримованың (Мюзетта) және Сүндет Байғожиннің, Талғат Мұсабаевтың (Марсель) орындауындағы әрі күлдіргі, әрі драмалық сахналық көріністер – көрерменнің көздердеріне жас ұялатты. Гауһар тастай жарқыраған жетекші солистердің тамаша актерлік дарыны тыңдармандарға әртістердің  әрбір ишарасынан, әрбір  көзқарасынан ләззат алу мүмкіндігін туындатты.

Коллен партиясын  орындаушы – Тайыр Тәжі, Болат Есімханов;  Шонар партиясындағы – Андрей Борисенко, Ержан Сайыпов өз үндерімен, бай тембрлік бояуларымен, сондай-ақ вокалдық техникаларымен тыңдармандарды баурап алды. Бейімбет Таңарықов пен Рамзат Балакишиев – Парпиньоль патиясын актерлік тұрғыда сәтті орындап шықты.  Самат Жарылқасынов пен  Бахтияр Омаров Кеден сержанты рөлінде өнер көрсетті.   

Жас режисссер Андреа Бернардтың жастар туралы спектакльді қоюының астарында мән жатыр. Ол өзінің жасына сәйкес албырт жастықты, шығармашылық адамдардың барлық жаңа және беймәлім дүниеге, сондай-ақ алғашқы махаббат сезіміне деген құлшынысын түсіне алған.

Мейрам көрінісіне кәсіби цирк әртістері қатысты. Жақындап келе жатқан мереке қарсаңындағы тамаша көңіл-күй ахуалын туындата алаған айналмалы әткеншекке жонглерлер де, клоундар мен акробат әртістер де сыйған. Жәрмеңкелік мейрам айналасына барлығын біріктіргендей болып көрінеді.

«Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино керемет костюмдер жасап шығарған. Либреттоға сәйкес опера кейіпкерлері кедей интеллигенттер екеніне қарамастан олардың әрқайысының киім үлгісі тозған күйде көрінгенімен, тұтас өнер туындысы болды. «Ескірту» технологиясының, маталардың үйлесімді  таңдалған түстері мен  фактурасының арқасында – кейіпкерлердің әлеуметтік жағдайы айтарлықтай оңай ажыратылды: міне буржуалар келе жатыр, ал бұл қала тұрғындары мен жұмысшы адамдар.

«Астана Опера» бас хормейстері Ержан Дәуітов жетекшілік еткен хор таңғаларлықтай мәнерлі естілді. Балалар хорының жетекшісі Алтынғаным Ахметова және  хормейстер Айгерім Макибаева жетекшілік еткен Балалар студиясы жас әртістерінің жұмысын жеке атап өткен жөн.

Елорда көрермендері көрнекті итальяндық композитордың  мәңгі өшпес операсының жаңа қойылымын сүйсіне қабыл алды.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Нағыз

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры