Астанада француздық импрессионизм музыкасы шырқалады

«L’Impression» импрессионизм үлгісіндегі француз музыкасының кешін Қазақстан Республикасының «Форте-трио» мемлекеттік триосы ұсынады. 9 ақпан күні «Астана Операның» Камералық залы сахнасында премьера өтеді – танымал ұжым алғаш рет Морис Равельдің фортепиано, скрипка және виолончельге арналған атақты триосын орындайды.

– Концерттің атауы – «L’Impression» – француз тілінен аударғанда «әсер» дегенді білдіреді. Импрессионизмнің ең жарқын көріністері – көркем сурет пен музыка екені белгілі. Бұл жерде поэтикалық бейнелер тікелей сипатталмай, композитор немесе суретшінің қабылдау әсерімен жеткізіледі. Жарық, дыбыс, қиялдың бірлесіп, құбылуы орын алады. Осы бір әсерлер дәл музыкада ерекше қызықты жеткізілген, сондықтан біздің сүйікті тыңдаушыларымыз үшін аталған жауһар туындыларды қуана-қуана орындаймыз, – деп атап өтті «Форте-трио» ұжымының көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев.

«Форте-трио» мемлекеттік триосы қазақстандық өнерді әлемнің ең мәртебелі сахналарында тұрақты түрде таныстырып, көптеген халықаралық музыкалық фестивальдерге қатысып жүр. Шығармашылық ұжымның көркемдік жетекшісі – танымал пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев. Сондай-ақ ансамль құрамында – халықаралық байқаулардың лауреаттары, Қазақстанның Мемлекеттік симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Еркебұлан Сапарбаев, виолончелист Мұрат Нарбеков бар.

Музыканттар үлкен құлшыныспен алдағы шараға дайындалуда. М.Равельдің фортепиано, скрипка және виолончельге арналған триосын орындау әртістерден асқан шеберлікті, әуенділікті, ансамбльді сезінуін және интерпретациялау өнерін талап етеді. Алдағы премьерамен қатар, осы кеште музыкалық импрессионизм бағытының негізін салушы К.Дебюссидің фортепианолық соль мажор триосы шырқалады. Ұлы композиторлар Клод Дебюсси мен Морис Равельдің керемет шығармалары – импрессионизм үлгісінде жазылған барынша маңызды трио. Ерекше жарқын кереғарлықтың арқасанда олар концерттік бағдарлама үшін мінсіз үйлесім болып табылады.

Сонымен қатар тыңдаушылар назарына «Мәңгілік қозғалыс» – М.Равельдің скрипка мен фортепианоға арналған сонатасының үшінші бөлігі, К.Дебюссидің кіріспесі, Г.Форенің виолончель мен фортепианоға арналған элегиясы ұсынылады. Француз импрессионист-суретшілерінің картиналары концерттің көркін аша түседі.

Концерттің басталуы сағат 19.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры