Классикалық және халық аспаптарының музыкасы

«Астана Опера» тыңдармандарының назарына Қазақстан Республикасының «Форте-трио» мемлекеттік триосының орындауында әлемдік классика жауһарлары мен қазақстандық композиторлардың шығармалары ұсынылады. «Астана сазы» фольклорлық ансамблінің қатысуымен «Уақыт көпірі» концерті 12 мамыр күні театрдың Камералық залында өтеді.

 

Осы кеште елорда тұрғындары мен қала қонақтары скрипка, виолончель және фортепиано сынды классикалық музыкалық аспаптардың керемет ансамбльдік дыбысталуын тамашалап қана қоймай, сонымен қатар олардың халық аспаптарымен – қыл-қобыз, домбыра және баянмен бірлестіктегі үндесуін тыңдай алады.

«Forte Trio шақырады» топтамасының бірегей бағдарламасында – аспаптарға өңделген қазақ халық әндері мен әуендері, сондай-ақ отандық авторлардың туындылары – А.Райымқұлованың Bridge of times және А.Жайымның «Кероғлы» шығармалары бар. Бұдан бөлек, Л.Бетховеннің  ор.10 №1 триосы және И.Брамстың ор.8 №1 триосы шырқалады.

Бүгінде Қазақстан Республикасының «Форте-трио» мемлекеттік триосы Қазақстандағы ең танымал камералық-аспаптық ансамбльдердің бірі болып табылады. Әртістер тек Отанымызда ғана емес, сонымен бірге шетелде де құрметке ие әрі кеңінен танылған. Ұжымның аса бай репертуарына бароккодан джазға дейінгі түрлі стильдер мен бағыттағы туындылар енген. Музыканттар қазақстандық сазгерлердің шығармалары мен аспаптарға өңделген қазақ халық әндерін аса тебіреніспен орындайды. Трионың түрлі оркестрлермен және солистермен – вокалистер, аспапшылармен бірлескен өнер көрсетулері үлкен жетістікке ие.

Қазақконцерттің шығармашылық ұжымының құрамындағы тамаша музыканттар – халықаралық байқаулардың лауреаттары скрипкашы Динара Базарбаева-Сахаман, виолончелист Мұрат Нарбеков, ансамбльдің көркемдік жетекшісі, танымал қазақстандық пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев.

«Астана сазы» фольклорлық ансамблінің құрамында керемет аспапшылар – Аян Омаров (қыл-қобыз), Абылайхан Орманбек (домбыра), Серік Мағұлов (баян) бар.

Концерттің басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры